АСПАНДА МӘҢГІ ҚАЛЫҚТА, ТӘУЕЛСІЗДІК ҚЫРАНЫ

1  451 көрілім

Биыл елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, айтулы оқиға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы айрықша аталып өтуде. Айтулы дата қарсаңында қаламызда да түрлі іс-шаралар өтіп, желтоқсаншылармен маңызды кездесулер ұйымдастырылуда. Сол жылы елім, жерім, тілім деп жар құлағы жастыққа тимей, азаттық үшін алаңға шыққан жастардың ерлігі қазақ тарихында мәңгі сақталады. Олар сол кезде бірі мектеп бітіріп, институт табалдырығын әләзір аттаған студент, бірі фабрика-зауыттарда еңбек жолын енді бастап келе жатқан жас жұмысшы. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың мақсаты бір, ойы айқын еді.

Тәуелсіздік таңы үшін жанталасқан жастардың қатарында тағдырдың жазуымен түркістандықтар да кездеседі. Олар бүгінде қаламызда түрлі салада қызмет етіп, ел қатарлы тіршілік етуде. Ендеше, мерейлі күннің қарсаңында ызғарлы желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүріп, көзімен көрген батыр аға-әпкелерімізбен сұхбаттасып, оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. Бүгін алғашқы сұхбатымыздың кейіпкері «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік Қырандары» Халық Қаһармандары қозғалысының төрағасы, Түркістан қаласы бойынша орынбасары Жапеков Жеңісбек Бижанұлы.

– Жеңісбек аға, Желтоқсан оқиғасына қалай тап болдыңыз? Ол кезде неше жаста едіңіз?

– Мен 1964 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында туылдым. 1981 жылы орта мектепті бітірген соң, 2 жылға әскерге барып келдім. 1985 жылы Шымкент қаласындағы Киномеханик училищесін үздік оқып, Алматы қаласындағы Кинотехникумға жолдама алдым. Бұл оқуды 2-курстан бастап жалғастырдым. Желтоқсан оқиғасы орын алған жылы 22 жаста екенмін ғой.

– Қалай ойлайсыз, жастық шақтың буымен көтеріліске еріп кете бердіңіз бе, әлде бір ерекше сезім, жауапкершілікті мойныңызға алдыңыз ба?

– Иә, оқуымызды жап-жақсы-ақ оқып жүрген кездер еді. Димаш аға Қонаевты себепсіз орнынан алып тастап, танымайтын өзге ұлт өкілін әкеліп таққа отырғыза салуы барша қазақ жастарының ашуын тудырғаны баршаңызға белгілі. Өзіміз де ана тілімізге деген кемсітушілікті байқап жүрген едік. Одан жаңағы басшылықтың халықпен санаспай ауысуы баршамыздың шыдамымыздың шегін көрсетті. Үлкен жауапкершілікті мойнымызға алып, қазақ жастары жұдырықша жұмылып, алаңға аттандық. Басында жәй ғана ойымызды білдіреміз, «неге бұлай болды?» деген сұраққа жауабымызды алып қайтамыз деп ойлаған едік.

– Алайда…

– Алайда, іс насырға шауып, желтоқсанның ызғарлы кештері естен кетпейтіндей іздерін қалдырды… Орталық алаңға қарай шұбырып бара жатқан дені жастардан тұратын қара халық «Қазаққа қазақ басшы керек!», «Оян, қазақ!» деп атой салғанда жолдан қосылған патриот қазақ жастарының қарасы көбейе берді. Қайсарлық танытқан қайран қазақ жастары! «Осы уақытқа дейін құлдықта өмір сүргеніміз жетеді!» деп ашынған көтерілісшілердің бетін ендігісін қайтару мүмкін болмады. Сол күні оқу да, жұмыс та жайына қалды.

Саптай тізіліп, қаруланған милициялар, әскери адамдар алдынан шыққандарды қоршауға алып «Арандатушылар!», «Ішімдік ішіп алғандар!» деп жазықсыз жаламен әскери өрт сөндірушілер желтоқсанның ызғарында бізге аямай су шашты. Мұз қатқан денемізбен кері қайтпай, сол жерде секіріп-отырып-тұрып, істің ақырын күтейік деп сенделіп жүре бердік. Рас айтасыз, жастық жалынның буыны, тойтарыста соққыны да, суықты да сезіне алмағандай, іштен шыққан одан да зор «намыс» деген алапат күш босаңсуға жол бермеген екен. 17 желтоқсан күні кешкі 7-8 шамасында алдымыздан шыққан әскери солдаттар қолдарындағы дубинкаларымен бас салып ұра бастаған дауыстар әліге дейін құлағымнан кетер емес. Әппақ қардың беті алқызыл қанға боялған көрініс тарихта тасқа қашалғандай мәңгі сақталады деп ойлаймын. Бір сәт топалаңда дубинканың соққысы қатты тиген болу керек, есімнен танып құлаппын. Сол құлағаннан сүйрей жөнелген жендеттер автобусқа апарып аямай лақтырған екен. Бірталай қазақ жастарын үсті-үстіне малша тиеген әскерилер автобуспен қаланың шетіне апарып төккен…

Содан тергеуден көз ашпаған күндер басталды. «Ұтшылдардың басын қосып, советтік қоғамға қарсы шығуды мақсат тұтқан» деген айыппен басымыз даудан арылмады. Желтоқсан оқиғасынан кейін оқудан шығарылдым, комсомол билетінен айырылдым, КСРО-ның ҚІЖК 200-бабымен қамауға алындым. Жоғарыдағылар негізінде Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының 2-ші бабының талаптарына сай саяси қуғын-сүргіндердің құрбаны болып танылдым. Бас сауғалап, Ресейде қашып жүрген кездер өтті басымыздан.

Аллаға шүкір, араға 5 жыл салып, 1991 жылы қазағымның көптен күткен, жастардың қайсар рухы мен ерен ерлігімен жеткен ұлы Тәуелсіздік таңы атты.

Бұл Тәуелсіздікті барынша аңсаған қазақ елі үшін ең қастерлі күн деп білемін. 1991 жылдың 10 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің бүкілхалықтық сайлауынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Президенті қызметіне ресми кірісуіне байланысты ант беруіне арналған үлкен отырыс өтті. Сол күні Қазақ КСР – Қазақстан Республикасы болып аталып, Жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы қаулы қабылдады.

Біз қуғынға ұшыраған жазықсыз жастар, жүрегі елім, жерім деп соққан жастар Алматы бас прокуратурасынан ақталып шықтық. Алматы орталық мұрағатынан құжаттарымыз табылып, қайта оқуға қабылдандық. Осылайша ұлттық намысымызды жасыта алмаған 1986 жыл оқиғасы енді ешқашан елімізде қайталанбаса екен деп тілейміз. Тәуелсіздік таңын көре алмаған – Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сияқты Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын қимастықпен еске аламын. Аяулы құрдастарымыздың балғын бейнесі, батыл жүрегі жас күйі көз алдымызда қалды. Олар ел тәуелсіздігі үшін нағыз көтерілісте жанын қиды.

– Ол кісілердің ерлігін ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Есімдерін ұлықтау, тәуелсіздікті қадірлеу – ұрпақтың міндеті. Ал, сіздерге мерейлі күннің қарсаңында қандай құрмет көрсетілуде?

– «Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл» аясында қошемет-құрметтен кенде қалып жатқан жоқпыз, шүкір дейміз. Ең бастысы «Тәуелсіздік қырандары» деген Түркістан қаласы, Желтоқсан көтерілісі күрескерлеріне арналған кітап жарыққа шықты. Жаңадан бой көтерген «Фараб» кітапханасына тағы басқа көптеген орындарда кездесулер өткізіліп жатыр. Жаңа облыста тұру, Тәуелсіздіктің мерекелерін көру бақыты бұйырғанының өзі ғанибет емес пе?! Мереке құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, азаматтары-мыз айбынды болсын деп тілеймін!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы