ФАРАБ РУХАНИ КЕРУЕНІНЕ ТӨРТ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ КІТАПХАНА ҚАТЫСУДА

1  904 көрілім

Түркістандағы Фараб кітапханасына белгіленген кестеге сәйкес Сауран ауданынан рухани керуені келіп қосылды. Бұл керуенді Сауран ауданындағы 29 кітапхана, 49 мәдениет үйі жасақтапты.

Керуенді бастап келген Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садыбаев мәдени шараны алғысөзбен ашты.

-Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сауран қалашығы қолға алынып, өркендеп келеді. Сауран құпияға толы Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық сақталған әйгілі орта ғасырлық қалалардың бірі. Араға сан ғасыр салып, Елбасының Жарлығымен қайта жасарып жаңғыруда. Сауран алыс-жақын елдерден келген саяхатшыларды таңқалдырып қана қоймай, іргесінде құрылып жатқан ауданға есімі беріліп, жаңғырған тарихи атауын қайта алуымен өңірдің дамуына өз үлесін қосатын болады. Түркі жұрты киелі санаған Түркістан мен Сауранның қайта дамып, түлеп жатқанын ел үйлесімін тапқан іргелі жаңа іске балап отыр. Рухани керуеніміз алға тарта берсін!

«Рухани керуен Түркістанда» акциясы 2021 жылдың желтоқсан айының соңғы апталарына дейін жалғасады. Акцияға өңірлердегі 1 облыстық балалар кітапханасы, 17 аудандық орталық кітапханалар, жалпы облыс бойынша оқырмандарға қызмет көрсетіп отырған 393 кітапхана атсалысатын болады,- дейді Фараб кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова.

Айта кету керек, бұған дейін Фараб кітапханасында Түркістан облысында мәдениет басқармасының үйлестіруімен «Рухани керуен Түркістанда» атты аудандық кітапханалар арасында акция басталды. А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен бастау алған шараның мақсаты – руханияттың Түркістанның төрінде жаңадан ашылған елімізде теңдесі жоқ «Фараб» кітапханасын облысқа таныстыру және туризмді дамыту. Өңірлерге Түркістанның орталығындағы руханияттың нағыз бастауы осы «Фараб» кітапханасы екенін дәріптеу.

Рухани кешке Сауран ауданының тума таланттары жоғары деңгейде, үлкен әзірлікпен келген екен. Шарада сөз сөйлеген Өтепберген Қуанышбаев ақсақал Сауран ауданын қайта ашу мәселесін жиі көтеріп, ҚР Парламенті, Үкіметіне дейін жеткізген жергілікті жазушы тоқсанды алқымдаған Елтай Бимахамбетовтың ерлік ісін ерекше атап өтті. Түркістан қаласы Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстапаева осы күнге дейін небір қиыншылықтарды көріп, соған қарамастан кітапхана қорын сақтап қалған кітапханашылардың ерен еңбегіне тоқталып, алдағы жылдары Түркістанды оқымыстылар қаласына айналдыру қажеттігіне тоқталды. Мемлекет басшысының кітапханашылардың еңбегін ескеріп, Қазақстан халқына Жолдауында ерекше тоқталып, Жаңа жылдан бастап кітапханашылардың айлық жалақыларын көтеріп жатқандығына назар аударды.

Сауран ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекованың айтуынша, мәдениет мамандары мен кітапхана-шылар жаңадан жасақталған ауданның барлық археологиялық, мәдени, дәстүр-салтына қатысты тарихи жәді-герлері, балалар әдебиетінен бастап барлық кітаптарды әкеліпті. Бәрінен бұрын Сауранның экскурсиялық сабақ үлгісіндегі танымдық таныстырулары балалар мен естияр жандарды да қызықтыра түсті.

«Өлке тарихына тағы бір рет үңілгенде», «Балалар әдебиеті, «Түркістан мәңгі елдің тұғыры», «Сауран саңлақтары», «Өлке қаламгерлері, «Сауран жері тарихтың алтын көпірі, «Сауран біздің жаңа аудан» тақырыптары бойынша жасалған экскурсиялық сабақтар Фараб кітапханасына арнайы келген Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері мен кітапқұмар жандарды ерекше сезімге бөледі.

Екі мәрте Қазақстанның «Алтын сапа» сыйлығы (2016, 2019ж.ж) мен «Үздік өнім» байқауының жеңімпазы болған, бүгінде туристерге арналған қыш құмыра бұйымдарын шығаруды бастаған Шорнақ жиһаз зауытының қызметімен Сауран ауданы Аналар алқасының төрайымы Нышанкүл Жұманова таныстырды.

Нышанкүл Жұманованың айтуынша, қазіргі таңда Шорнақ жиһаз зауыты 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Әсіресе, Сауран ауданының брендіне айналған Шорнақ жиһаз зауытының өнімдері көршілес мемлекеттер ғана емес, Польша, Белоруссия, Еуропа елдерін де бағындыра бастады. Мұнда қыш құмыра ою-өрнектерінің суретін салуға жоғары сынып оқушылары да тартылады. Бұл өз кезегінде Ясауи кесенесінің іргесін көтерген Сауранның атақты сазды топырағының талай қадеге асатындығынан хабардар етуде.

Мәдени іс шара соңында саурандықтар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Фараб кітапханасына Саураннан Ясауи мешітіне жеткізілген ежелгі құрылыс материалы саз кірпішті және 30 кітапты сыйлады. Шараға жиналған-дар Сауран ауданының Үлгілі ауылы-ның тумасы жүзден астам әндердің авторы, Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры Бекжігіт Сердалының шығармашылық кешін тамашалады.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы