ТҮРКІСТАН ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛМАҒАН

465 көрілім

Түркістан қаласында толық табиғи газбен қамтылу деңгейі 85,9 пайызды құрады. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жылыту маусымының барысы туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында мәлімдеді.

Өткен жылы желтоқсанда қала әкімі Рашид Аюпов «қала тұрғындары жүз пайыз табиғи газбен қамтылды» деп есеп берген болатын. Оны газбен қамту мекемелері де растап отыр. Алайда, «Қазтрансгазаймақ», «Интергаз» мекемелерінің мамандары қаладағы барлық үйлерге табиғи газ жеткізілгендігін, бірақ оны үй ішіне кіргізіп алуға тұрмысы төмен жандардың мүмкіндігі болмай отырғандығын тілге тиек етеді. Сонда үйге келіп тұрған газды қосып алуға шамалары жетпей отырған әлеуметтік жағынан аз қамтылған қала тұрғындарының өзі 14 пайызға барады деген сөз. Мұның ішінде үйлерінің құжаттары түгел еместері де бар. Ондай жағдайда газбен қамту мекемелері құжаттарды түгелдегенге дейін жеке меншік үйлерді табиғи газға қоса алмайды.

Қазіргі таңда Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан жаңа 7 қабатты 10 тұрғын үйде газ беру жұмыстары толық аяқталған. 7 қабатты 14 тұрғын үйдің жылу жүйесі пәтерішілік газ тұтынатын дербес газ қазандықтарымен жобаланған.

Облыс әкімі өткізген мәжілісте белгілі болғандай жалпы Түркістан облысы бойынша көмір отынының қажеттілігі 850 мың тоннадан асады. Оның ішінде 240 мың тоннадан астамы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке бағытталса, тұрғындар үшін 600 мың тоннадан аса көмір қажет екен. Бюджеттік мекемелердің көмір отынына қажеттілігі 143 мың тоннаға жуық және ол 100 пайыз тасымалданған. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Тұрғамбаевтың баяндауынша, өңірде көмір тапшылығы жоқ. Бүгінгі таңда көмір тасымалдайтын 24 мекеме бар. Тұрғындар үшін темір жол тұйығы бар елді мекендерде бір тонна Шұбаркөл көмір отынының бағасы 14700 – 20000 теңге аралығында сатылуда. Ал, темір жол тұйығы жоқ елді мекендерде 20 000 – 26 000 теңге арасында саудаланып жатыр. Осыған орай, жауапты мекеме басшыларына қатты отын бағасының көтерілуіне жол бермеу бойынша хат жолданды.

Жиында сондай-ақ, елді мекендерді газдандыру мәселесі де сөз болды. Қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс ба-рысы қарқынды. Өңірде құрылысы аяқ-талған 300-ге жуық газбен қамтамасыз ету нысандарын коммуналдық меншіктен рес-публикалық меншікке өткізу бойынша жұ-мыстары жүргізілуде. Олардың бірқатары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Иса БЕРКІМБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы