АБЗАЛ ДА, АБЫРОЙЛЫ АЗАМАТ ЕДІ

870 көрілім

Мен Есқараевтар әулетін бұрыннан білетін едім. Себебі, менің анам Есботақызы Қанзайым жандар руының тумасы болған соң, анам Әлібек қарияны аға тұтып, біздер ол кісіні нағашы деп, ата-аналарымыз жақсы қарым-қатынаста болатын. Әлібек нағашымыз бен Хадиша апамыз және менің әкем мен анам дүниеден озғанымен ол әулетпен нағашылы-жиенді қатынастарымыз үзілген емес. Екі жақ та қызықшылық тойларымызды бірге тойлап жүріп, өз балаларымыздың да есейіп қалғандарын байқамай қалыппыз. Бір күні Ахмет нағашым мен жұбайы Ақбілек екеуі келіп, «Беке біздің ата-аналарымыз бүкіл ғұмырларын силастықпен, бірін бірі құрметтеумен ағалы-қарындасты болып жақсы араласа білді. Осы қалыптасқан жақсы дәстүрді біздер де жалғап келеміз. Ал, ол дәстүр ұзақ уақытқа жалғасын табу үшін біз сүйек жаңғыртып, құда болайық. Менің балам Қайрат ер жетіп, сенің қызың Айгүл бой жетіп отыр, соларды табыстырып үйлендірсек», – деген ойының бар екенін 1993 жылдың басында бізге жеткізген еді. Әруақ-құдай қолдап, көп ұзамай екі жас үйленіп отау құрды, балалы-шағалы болып, Ахмет құданың өмірінің соңына дейін қызықшылықты күндерін бірге өткердік.

     Ахаңмен құдалық жағдайлардан басқа да жұмыс баптарымен күнделікті араласып жүрдік. Мен 1987-1992 жылдары Түркістан қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болған кезеңде, сауда саласының кураторы ретінде ол кісінің басқаруындағы мекемелермен, олардың экономикалық және әлеуметтік даму бағытындағы жұмыстарымен жиі айналысатын едім. Білікті маман, тәжрибелі және ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы еді. Осы орайда, Ахаңның өміржолына тоқталып кетейін.

     Есқараев Ахмет Әлібекұлы 1947 жылы 10 маусымда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1954-1965 жылдары Түркістан қаласындағы В.И.Ленин атындағы №1 жалпы орта мектепті (қазіргі А.Байтұрсынов) оқып тәмамдаған. 1965-1970 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы қазақ-химия технологиялық институтына түсіп, инженер-механик мамандығын алып шығады.

     Ахмет Әлібекұлы қолына 1970 жылы дипломын алып, Түркістан қаласына қайта оралады. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы қазақ-химия технологиялық институтының жолдамасы бойынша 1970 жылдың тамыз айынан бастап Түркістан қаласындағы «Сусын шығаратын» зауытында цех механигінен бастайды. 1976 жылы мамыр айынан бастап, аталмыш зауытта өндірістің меңгерушісі болып жоғарылайды.

    Аталған зауытта екі жыл мінсіз қызмет атқарып, 1978 жылы желтоқсан айында осы зауыттың директоры қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті абыроймен атқара жүріп, 1981 жылы «Сусын шығаратын» зауыт пен қалалық «Нан шығаратын» зауыты біріктірілгеннен кейін де директорлық қызметін атқаруды жалғастырады. 1988 жылы Түркістан қалалық тұтынушылар одағына қарасты Түркістан қалалық «Нан зауыты» бөлек үлкен өндіріс орны болып бөлініп шығуына орай, осы зауыттың директор қызметін атқарады.

    1992-1994 жылдар аралығында Түркістан қалалық сауда бірлестігіне бас директор қызметіне тағайындалады. Түркістандықтар жақсы біледі, ол кезде әрбір еңбек қабілетті азаматтар жұмыс істеу керек, ал жұмыс істеген адамдардың үйінде, дастарқанында нан болу керек деген тапсырма болатын. Осы тапсырманы орындау үшін нан зауыты сөткесіне 45 тонна нан өнімдерін шығаратын еді. Оның әр дүкенге уақтылы жеткізілгені бақылауға алынатын болатын. Бұл қызметте де Ахмет Әлібекұлы өзін білікті, алдына қойған мақсатын орындай алатын іскер маман екендігін көрсетіп, бүкіл қаланың сауда саласын абыройымен басқарды.

    1995 жылдан бастап қызметін қайта Түркістан «Нан зауытының» директоры қызметіне қайта оралып, осы жерден абыроймен қызмет атқарып зейнетке шығады. Ахаң қаланың қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысты. Ол 1980-2000 жылдар аралығында Түркістан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы болды.

    Ахмет Әлібекұлы абыройлы ерен еңбегінің арқасында көптеген қалалық, облыстық және республикалық деңгейлердегі құрмет марапаттауларға ие болды. Қазақ ССР тұтынушылар Одағының 14-15 съездерінің делегаты, 14 съезінің кеңесіне мүше болып сайланған. 1989 жылы Тұтынушы Одағының үздігі атанды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, қалтқысыз қажырлы еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы «Алғыс хатымен», «Оңтүстік Қазақстан тұтынушылар кооперациясының» 75 жылдық мерейтойы қарсаңында «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

    Ахмет Әлібекұлы өзінің 43 жыл мінсіз еңбек жолында Түркістан қаласының өркендеуіне және дамуына орасан зор үлес қосып, 2010 жылы құрметті зейнет жасына шығады. Зейнетке шыққаннан кейінде бірқатар шығармашылық жұмыстармен де айналысты. Ахаңның әкесі Есқараев Әлібек Есқараұлы бұрынғы («Қызыл Түркістан») газетінің 1932-1935 жылдар аралығында редактор қызметін атқарған.

     Біреуге аға, біреуге құда-жекжат, дос-жаран бола білген абзал да, абыройлы азамат Ахмет Есқараев пен оның құдай қосқан жары Ақбілек екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздары жоғары білімді, өз салалары бойынша жемісті қызмет атқаруда. Ахаң отбасының қамқоршысы, ардақты әке, немелері мен шөберелерінің сүйікті атасы бола білді.

Ахаңның адамдық қасиеті мол азаматтың бейнесі түркістандықтардың жүрегінде ұзақ сақталатын болады. Жатқан жері жайлы, иманы өзіне жолдас болсын!

Бектас ШІРІКБАЕВ,

Түркістан қаласының Құрметті азаматы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы