ЖАҢА КОДЕКС – ЖАҢА ҚАДАМ

868 көрілім

Қазақстан Республикасының 2020 жылдың 29 маусымындағы №350-VI заңы мен Әділет министрлігі бірлесе отырып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды. Кодексті қабылдаудағы басты себеп – осы күнге дейін әкімшілік рәсімдерді толықтай реттейтін бірыңғай жүйенің жоқтығы болып отыр. Өкінішке орай, осыған дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Әкімшілік рәсімдер туралы заңы аталған функцияларды толық орындамаған болатын. Ал, әкімшілік заңнаманың салалық заңдары өз алдына жеке реттелгендіктен оларды бір жүйеге келтіру мәселесін шешу басты мақсаттардың бірі болды.

Қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, олардың қатынастарын реттейді, даулар кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін мемлекеттік органдармен қорғау болып табылады.

Жаңадан қолданысқа енгізіліп отырған кодекс бойынша азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің шағымдарды қарау «Мемлекеттік органның кінәлілік презумциясы» бойынша жүргізіледі. Шағымданушылардың жазған арызындағы оның талаптарын дұрыс құрастырып-құрастырмағанына қарамастан сот өз кезегінде оларды қарастырып, керек болса шағымданушы тараптың талаптарын құрастыруға көмек көрсетеді. Азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің өтініші мемлекеттік органдарға е-Өтініш бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы келіп түседі және мемлекеттік органдар өтініштерді бұдан бұрын қабылданған шешімдерді немесе жауаптарды ескере отырып, әкімшілік істі қалыптастырады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы «Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот» болып өзгертілді. Қазіргі таңда заңнамалық құжаттың нормаларын түсіндіру істері бойынша судьялар жұмыс жасауда. Аталған жаңа Кодекс енгізілген уақытта қолданыстағы екі заң күшін жойды. Олардың бірі – «Әкімшілік рәсімдер туралы заң» болса, екіншісі – «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң».

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі екі бөлімнен тұрады – процедуралық және процессуалдық. Бірінші бөлім апелляция алған кезде барлық процедуралардың қалай орындалғанын және оған жауаптарды қадағалайды. Ал, екінші бөлімі дауларды сотта қарауға арналады. Азамат әкімшілік органнан лауазымды тұлғадан бас тартуға, өкілі болуға, сондай-ақ істің барлық материалдарымен танысуға құқылы. Тағы бір маңызды принциптердің бірі – сенім құқығын қорғау. Мемлекеттік органдардың шешімі қабылданғаннан кейін, ол заңды әрі дәйекті болып табылады және егер ол азаматтың кінәсі болмаса, күшін жою мүмкін емес. Сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі де артады. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап анонимді шағымдар қарастырылмайды. Мемлекеттік органдарға келіп түскен барлық өтініштерде азаматтардың ЖСН көрсетіледі.

Қазақстан 15 жылдан астам уақыт бойы, әкімшілік сот төрелігі институтын қалыптастыру басталғаннан бері субъективті құқықтарды қорғап, заңдылықты объективті бақылау элементтерін біріктіретін әкімшілік органның шешім қабылдау жүйесін қалыптастыра алды. Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырып отыр. Бұл жаңа Заңның гуманитарлық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы нәтижесінде бірыңғай әкімшілік тәжірибе мен әкімшілік органдардың қызметіндегі болжамдылық және құқықтық тұрақтылық қалыптасады.

Судья ӘРПК бойынша белсенді рөлде болады. Оның басты міндеті – азаматқа көмектесу, ал прокурорлар тек төрт іске қатысатын болады: салық, кеден, экология, бюджет. Мемлекеттік орган мен өтініш беруші жалғыз қалады. Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі едәуір артады. Жаңа кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.

Түркістан қаласының прокуратурасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы