«ЖАСТАРМЕН БІРЛЕСІП, ҚАЛАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ӨЗ ҮЛЕСІМІЗДІ ҚОСАТЫН БОЛАМЫЗ»

858 көрілім

«Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Бақытжан ДҮКЕНБАЙ:

Елбасымыздың «Біздің болашағымыз – жастар» деген жалынды сөзі мен ерекше аялы қамқорлығы жастардың жігерін ұштап, олардың әрбір істе биіктерден көрінуіне серпін беріп келеді. Бүгінгі таңда, қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы жұмыс жасайды. Аталған орталық қала жастарын, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студент жастарын көптеп тарта отырып, оларды патриоттық рухқа тәрбиелеу, имандылыққа баулу бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Осы тұрғыда жастар ресурстық орталығы КММ басшысы Бақытжан Дүкенбаймен арнайы барып жолығып, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстық. Ендеше, сұхбатқа кезек берсек.

– Бақытжан Әбенұлы, Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ жастарды жан-жақты қолдау мақсатында бүгінгі таңға дейінгі атқарып жатқан жұмыстарынан бастасақ?

– Қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жастарды жан-жақты қолдау мақсатында іс-шара жоспары қала әкімімен бекітілген. Сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» қала жастары жайлы мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Түркістан қаласы жастарының саны (14-29 жас аралығы) – 39834. Яғни бұл көрсеткіш халық санының 25,13 пайызын құрайды. Оның ішінде ерлері – 20421, әйелдер – 18384. Жас ерекшелігіне қарай, 14 -18 жас – 11017, 19-24 жас – 17967, 25-28 жас – 9821 құрап отыр. Түркістан қаласында жоғарғы оқу орындар саны – 2, студенттер саны– 8552. Орта арнаулы оқу орындар – 8, ондағы студенттер саны – 7091. Түркістан қаласы бойынша жалпы орта мектептерде білім алушы оқушылар саны (7-11 сынып)-13181 құрайды.

Жастардың қатысуымен «Ұлы дала елі» орталығында «Қара шаңырақ» республикалық бірлестігінің ресми ашылу салтанатты өтті. Түркістан қалалық пікір-сайыс одағы құрылып, төрағасы болып Арслан Атабек сайланды. «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Отбасы – отан тірегі» атты конференция, ZOOM платформасы арқылы онлайн форматында өткізілді. «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан Түркістан қаласына Серік Өтебайұлы арнайы келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Түркістан қаласында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «TURKISTAN KITAP CLUB» жобасының ашылуы болып өтті. Қазақстан студенттер альянсының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастардың азаматтық белсенділігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. «Түркі әлемінің рухани астанасы» – деп жариялануына орай, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы қаладағы белсенді жастардың қатысуымен бірге ZOOM платформасында онлайн іс-шарасы өткізілді. Бұйырса, жыл соңына дейін бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, түрлі шаралар өз кезегінде өткізілетін болады.

– Менің білуімше, орталыққа қарасты әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторы жұмыс жасайтыны белгілі. Аталмыш сектор тарапынан қандай жұмыстар қолға алынып, өз нәтижесін беруде, осы жөнінде кеңінен тарқатып айтып берсеңіз?

– Иә, 2017 жылы ҚР Бас прокурорының тапсырмасына сәйкес, облыс, аудан, қалаларда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторы» құрылған болатын. Аталмыш сектор 2021 жылға дейін жастар ресурстық орталығына қарасты болып келді. Алайда, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің қаулысы негізінде қазіргі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ауыстырылды.

– Қаламызда жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен бірлесіп, атқарып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қырқүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын кеңінен насихаттау бойынша ақпараттық-насихаттық топ құрылып, орта арнаулы оқу орындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Ұлы Дала Елі орталығы» директоры Гүлжанат Дүйсенбаева мен «Жастар ресурстық орталығы» өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында, қала жастары мен студенттер үшін семинарлар мен тренингтер, ғылыми тағылымдамалар және басқа да шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңесінің отырысы болып өтті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Жиынға қалалық мәслихат депутаттары Ақиқат Абдуллаев, Нұрсұлтан Жүсіпбаев және Түркістан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай қатысып, өз ой пікірлерін ортаға салды. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жастар ұйымының төрағасы Арслан Атабек, Түркістан жоғары медицина колледжінің жастар ұйымының төрағасы Рамазан Алтай, Қ.А.Ясауи кәсіби колледжінің жастар ұйымының төрағасы Айбар Мырзагелді баяндама жасап, алдағы жоспарлары мен ұсыныстарымен бөлісті. Сонымен қатар, орталықтың атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы уақытта жастар 16 бағыт бойынша жұмыс жүргізетін болып уағдаласты.

Жалпы, еліміздегі орын алған індеттің салдарынан қазіргі таңда көп іс-шараларды тоқтатуға тура келіп отырғанын жақсы білесіздер. Дегенмен карантин талаптарын сақтай отырып, апта сайын сенбілік кездесу танымдық іс-шарасын өткізіп отырмыз. Енді қазір барлық студентер жазғы демалысқа шығуына байланысты жаңа оқу жылынан бастап, індеттің беті қайтса облыс көлемінде іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

– Жастар арасында қылмыстың алдын алу бағытында қандай кешенді шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда?

– Әрине бұл өте өзекті мәселе, қылмыстың алдын алу бойынша әр жыл сайын қалалық ІІБ-мен бірлесіп іс-шара жоспары бекітіліп, сол жоспар бойынша жұмыстар жүргіземіз. Нақтырақ атап өтетін болсам, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» деген секілді рейдтік іс-шаралар апта сайын өткізіліп отырады. Бекітілген жоспарға сәйкес, оқу орындарында жастармен кездесу өткізіп, қылмыстың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары тұрақты өткізіліп келеді. Атап өтсек, қаладағы А.Байтұрсынов атындағы №1 және Хамза атындағы №2 жалпы орта мектептерінде «Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің алкоголь және есірткіге қарсы зиянды әдеттерден арылту, түрлі кереғар діни ұйымдардың іс-әрекетінен қорғау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, ерте жүктілікті болдырмау және аутодеструктивті мінез-құлық» бойынша жастар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кездесуге қалалық аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Мұстафаева, қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға учаске инспекторы полиция капитаны Керім Қапашов қатысты.

Бұдан бөлек, Түркістан қалалық полиция басқармасы, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімі бірлескен «Қауіпсіз қала», «Түнгі қала», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Көше», «Балалар түнгі қалада», «Жасөспірім» атты жастар арасында қылмыстың алдын-алу мақсатында 20 түнгі рейдтік іс-шарасы өткізілді. Кезекті «Түнгі қаладағы балалар» іс-шара барысында заңды өкілінсіз жүрген, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер анықталып, Түркістан қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Сонымен қатар, карантин талаптарын сақтамай, бетпердесіз жүрген тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Түркістан қалалық пробация қызметі бөлімімен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Меморандумның мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған жастарға түрлі бағытта көмек көрсету, қайта даярлау курстарынан өтуіне ықпал ету арқылы қоғамдық жұмысқа орналастыру көзделген. Бұл меморандум қала жастарын патриоттыққа баулып, тарихын танып білуге және ой өрісін нығайтуға кепіл болады деп ойлаймын. Түркістан қалалық пробация қызметі бөлімінің басшысы, әділет майоры Нұрбол Мамырхановтың бастамасымен қалалық пробация қызметі бөлімі және Жастар ресурстық орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан құрылған әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметінің ұйымдастыруымен бірлескен жоспарға сәйкес, мүгедек жалғыз басты қарт кісілерге, пробация бөлімінің есебінде тұрған ерікті жастар қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді.

– Бұдан бөлек, жастардың бойына имандылықты арттыру, патриоттық, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берсеңіз?

– Тәуелсіздік жылдары саланың дамуына ерекше үлес қосқан тұлғалар мен жастар бойында патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және қалалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен «Сенбілік кездесу» тұрақты түрде өткізіліп отырады. Одан бөлек, орта арнаулы оқу орындар арасында жастарға теріс діни ағымдардан бойын аулақ ұстау мақсатында қала имамдарының қатысуымен кездесулер өткізіліп тұрады.

– Қаламыз облыс орталығы болғалы шаһарға келуші қонақтардың саны күн санап артуда. Осыған орай, қаланың абаттануына, тазалық жұмыстарына қала жастары қаншалықты өз үлестерін қосып келеді?

– «Таза қоғам – таза қала», «Түркістаным – менің қалам», «Мен қаламның патриотымын» ұрандарын ұстанып, Түркістан қаласындағы орта арнаулы оқу орындарының белсенді жастарының қатысуымен қоршаған ортамыздың тазалығын сақтау мақсатында жаппай сенбілік өткізіліп тұрады. Аталған тақырып аясында қаланың белсенді жастарының қатысуымен, қала көркіне сән беретін жаңа дендросаябақ демалыс орнында ағаш отырғызу науқанына өз үлестерін қосып келеді. Қала тазалығы – тұрғындардың айнасы екендігін ескерсек, өзіміз өмір сүріп жатқан ортамызды таза ұстау, абаттандыру – әрбіріміздің борышымыз. Жалпы, бәріміздің көрікті де таза жерде тұрғымыз келеді. Өйткені, кез-келген жердің тазалық көрсеткiшi сол жерді мекендейтін тұрғындардың мәдени деңгейiн көрсетедi. Ендеше, тазалық жұмыстарына дәрменсіздік танытпай, әрдайым жауапкершілікпен қарайық, дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы