«ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРЛЫҒАШТАРЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

645 көрілім

Шаһардағы қабылдау орталығында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы, Қазақстан жазушылар одағы мен журналистер одағының Түркістан облысындағы филиалдарының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік қарлығаштары» атты шығармашылық байқаудың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.

Атаулы шараға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Бейсен Тәжібаев, қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, Қазақстан жазушылар одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай, Қазақстан журналистер одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, сонымен бірге зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған байқауға 30 жасқа дейінгі жас қаламгерлері шығарма жіберген болатын. Бақ сынауға аз уақыт ішінде 100-ден аса үміткердің жұмысы келіп түскен. Жүйріктердің шығармаларын жазушы, Халықаралық «Алаш», «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының иегері Мархабат Байғұт бастаған өңіріміздің танымал ақын-жазушылары мен ақпарат саласының өкілдері сараптап, лайықты бағасын берді.

Қазылар алқасының шешімімен 12 жас қаламгердің шығармасы үздік деп танылып жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда публицистика жанры бойынша жүлделі І – орынды Мария Сәулебекқызы, ІІ – орынды Ғалия Бисейіт, ІІІ-орынды Әбен Зағипа иеленді. Ынталандыру сыйлығымен Айман Қадір, Мафтуна Нажиева, Жеңіс Нұрдәулеттер марапатталды. Сонымен қатар, поэзия және проза жанры бойынша жүлделі І – орынға Әлімжан Әлішер, ІІ – орынға Ердәулет Айнабекұлы, ІІІ – орынға Нүркен Нұрғазы лайық деп танылды. Ынталандыру сыйлығы Мейір Серікұлы, Еламан Төлеутай, Сезім Мергенбайларға табысталды.

Шара барысында Тәуелсіздіктің құрдасы болған жастар шығармашылығы жайлы, оның келешегі туралы ойлар ортаға салынды. Барлық қатысушыларға сәт-сапар айтылды. Байқау материалдарының жинақ болып шығатыны тілге тиек болды. Жиын соңында жеңімпаздар «Тұңғыш Президент» саябағындағы арнайы орындарға ағаш отырғызды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы