НАУРЫЗ КӨЖЕ – ЕЛ ЫРЗЫҒЫ

2  577 көрілім

Ұлыстың ұлы күні мерекесінде наурыз көже беріп отыруды жыл сайын дәстүрге айналдырған ардақты аналарымыз баршылық. Сондай аналарымыздың бірі әрі бірегейі Батыр ана Әсия Бектембаева биылда осы әдетінен жаңылмай көпшілікке наурыз көже ұсынды.

Бекзат мөлтек ауданында тұратын Әсия апаның үйiнде осы мөлтек ауданда тұратын, 10-11 ұл-қызды дүниеге әкелген Батыр аналардың, яғни, батыр әжелерiмiздiң барлығының да кимешек киiп, ақ дастархан басында отырғандарының өзi қандай ғанибет, дерсiз. Өздерi кiлең әншi әжелер, халық әндерiн сызылта айтқанда, бойдағы қазақы рухқа қан жүгiрткендей. Әсия апа қонақжайлылық танытып, наурыз көженi келгендердiң барлығына да ас болсын,- деген ақ пейiлде ұсынуда.

– Бүгiнгi таңда жасым 70-тен асты. Құдайға шүкiр, көпбалалы болсам деген тiлегiмнiң қабыл болғаны болар, 6 ұл мен 5 қызды дүниеге әкелiп, Батыр ана атандым. 40 немере, 12 шөберем қаумалап, әже, әже деп жүргендерi көңiлiмдi тасытады. Әуелгі кездері көрші-қолаңдармен бірлесіп наурыз көже беретінбіз. 2010 жылдан бастап өзім наурыз көже жасап, көпшілікке беріп отыруды дәстүрге айналдырдым. Бісміллә,-деп бірінші қазанға су құямыз. Су құйып болғаннан соң қыстан қалған сұр етті саламыз. Қазы болсын, ет болсын сұр ет саламын. Бұдан бөлек жүгеріні, бидайды, жуып, жеке-жеке қайнатып аламын. Біраз қайнаған соң бетін жауып, бұқтырып қоямыз. Одан біраз уақыт өткен соң бетін ашып, су құйып қайтадан қайнатамын. Онша-мұнша керек дәндері болса, тағы да салып, жеті түрлі дәнге «жүгері,бидай, тары, күріш, маш, грешка) толтырып, одан айран қатамыз. Жүгері мен бидайды ұзақтау қайнатамыз. Күріш аз қайнатылады. Бұл дәндердің барлығын бөлек қайнатып, үстіне қосып,бәрін араластырамыз. Одан айран қатып, даяр болған наурыз көжені елге береміз.

«Ел тоймаса жер тою керек»,- деп айтып отыратын аналарымыз. Жер де, ел де тойыну керек. Наурыз көжені мол етіп пісіреміз. Жылдан жылға аман-есен жеткеніміз үшін, Құдайдың берген балаларының амандығы үшін, аман-есен осындай наурызға жете беру үшін наурызға атап береміз,-дейді Әсия апа.

Бұл күнi өмiрден өзi озса да, шаңырағында құт-береке тарқамаған Кенжехан Бектембаев көкемiздiң үйiнде айран-асыр шаттық болып, наурыз тойдың алғашқы лебi естiлдi. Әжелер айтқан өлең-жырлар ұлттық қасиеттерiмiздiң жоғалмағанын сездiргендей. Ырыс Ташметова, Қанымкүл Ахметова, Айзада Ашимова, Ұлтусын Жексенбаева, Әсия Бектембаева, Қарлығаш Сейтжапбарова, Айткүл Ташметова, Жұмакүл Өтебаева сынды әжелеріміз ұлттық қасиеттерiмiздi жандандырған салтымызды әнге қосып, бiр-бiрiмен әзiлдерi жараса өлең айтты. Әуелі, ауылдың алтыауызынан бастап әрі қарай ұлы ақын Абайдың «Айттым саған қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндерін, Шәмші Қалдаяқовтың бір топ әндерін әуелете шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жасы тоқсанға келген Кенже әже:

Ырыс-несібе көп болсын,

Жамандық жоқ болсын.

Әрқайсыңның үйіңде наурыз көже болсын,

Арты той-думанға жалғаса берсін.

Осы берген күнді,

Осы берген жүрісті,

Осы берген бақытты,

Осы берген ырыс-несібенің барлығы үшін Аллаға сансыз рахмет. Бір күннен бір күнді арттырып беріп отыр, Құдайға шүкір.

Жолымыз ашық болсын, Жүзіміз жарық болсын. Әрқашан жол атасы жолға сабыр етсін. Сол жолда аман-есен барып-келетін күнді бізге нәсіп етсін! – деп ақ батасын бердi.Бұдан кейін жастары сексеннен асып қалған Рымкүл қажы ана мен Ырыс Ташметова апалар ақ тілектерін айтып, дастарқанға бата жасады.

Мiне, осылай Бектембаевтар әулетiнiң қарашаңырағында наурыз көже берiлдi. Құдай тiл-көзден сақтасын мол береке бастауын,-деп тiледiк.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркiстан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы