СТУДЕНТТЕРГЕ БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ ШӘКІРТАҚЫ ТАБЫСТАЛДЫ

2  054 көрілім

Қазақ журналистикасына өшпес із қалдырған Бейсен Құранбектің есімі мәңгі ел есінде қалатыны сөзсіз. Себебі, ол артына өшпес із қалдырды және оны бағалап, ер есімін асқақтата түсетін халқы бар. Міне, осы жолда Бейсен Құранбектің курстасы, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай бас болып, сәрсенбі күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің журналистика кафедрасының үш үздік студентіне талантты журналист Бейсен Құранбек атындағы шәкіртақыны салтанатты түрде табыс етті.

Аталмыш шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова, елімізге танымал тележурналист Әбдез Рахманұлы, Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Мүсілім және бір топ облыстық мәслихат депуттатары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада сөз алған оқу орнының жаңа басшысы Жанар Амангелдіқызы озат студенттерге қолдау білдіріп, шабыт сыйлаған одақ төрағасына шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта облыстық журналистер одағымен бірге ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Ғалымжан Елшібай марқұм Бейсен Құранбек туралы кеңінен сөз қозғап, оның қазақ журналистикасына қосқан үлесін тілге тиек етті.

«Талантты журналист Бейсен Құранбекпен бір группада білім алдық. Дос болдық. Бейсен еңбек жолын спорт газетінен бастап, барлық сатылардан өткен өте тәжірибелі нағыз журналист еді. Оның қазақ журналистикасына қосқан үлесі орасан. Бір ғана «Айтуға оңай», «Қаракет» сынды ток-шоулары елдің ыстық ықыласына бөлінді. Алайда, Бейсеннің ғұмыры тым қысқа болды. Алланың бұйрығы шығар. Ендеше, бүгінгі Бейсен атындағы шәкіртақыны иеленіп отырған іні-қарындастарымызға досымыздың ғұмырын емес, тағдырын емес, талантын, еңбексүйгіштігін, адалдығын берсін деп тілейміз», – деді Ғалымжан Қамытбекұлы.

Сонымен бірге, Әбдез Рахманұлы мен Мира Мүсілім Бейсен Құранбек туралы естеліктерімен бөлісіп, азаматтың өте еңбекқор, елге жанашыр болғанына ерекше тоқталса, журналист-ұстаз Сейдулла Садықов пен Бекжігіт Сердәлі де медиа кеңістік туралы, Түркістанның дамуы жайлы ойларын ортаға салды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы