ТЕАТР САХНАСЫНАН ТАРИХ САХНАСЫНДА ҚАЛҒАН РАЙЫМБЕК СЕЙТМЕТОВ

2  816 көрілім

«Тұлпарда да тұлпар бар,

Қазанаты бір бөлек.

Жігітте де жігіт бар,

Азаматы бір бөлек»,-демекші, елін сүйген не болмаса елі оны сүйген Қазақстан Республикасының халық артисті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және Жастар Одағы сыйлықтарының иегері, «Кафка» атындағы сыйлықтың иесі, профессор Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға.

1938 жылдың наурыз айының 2-ші жұлдызында топырағында тарихы тұнып тұрған киелі шаһар Түркістанда дүние есігін ашқан. Сахнаның дара шапқан дарабозы, бала кезінде Түркістандағы аты әлемге мәшһүр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанына барғанда, ескерткіш қабырғаларындағы түсініксіз түрлі-түсті сан оюларға бала болса да таңдана, тамсана қарап, сол бір тілі байланған тылсым құдіретке ғашық болған екен. «Мені өнер сиқырына баулып, оның тылсым сырларына түсінуге, тұшынуға итермелеген сол тарихи ескерткіш болса керек», – деген екен Р.Сейтметов. Сахна серісі Райымбек атамыздың өнер майданына деген махаббаты осылай ұшқындаған. 1959 жылы Алматы өнер институтын бітірген сахна аңызы Р.Сейтметов қазақ топырағындағы поэтикалық театрдың негізін салған тұңғыш режиссер екендігі бесенеден белгілі. 1959-1960 жылдары «Қазақфильмде» жұмыс атқарды. Заманының заңғары онымен тоқтап қалмай, 1970-1971 жылдары Мәскеу қаласында театр өнері институты жанындағы жоғары режиссерлер курсын оқиды, яғни сахна серісінің эшелоны кеңейе түседі. 1960-1980 жылдары қазақ академиялық драма театрында актер болып, шоқта жатып, шыңдалған шар болаттай тәжірибесі мен біліктілігі арта түседі. 1976-1980 жылдары осы театрдың директоры болып қызмет атқарады.

«Халқыңыздың зиялылары қандай болады? десе, мен ойланбастан Райымбекті көрсетер едім», -деген екен Қазақстанның халық жазушысы Ф.Оңғарсынова.1980-1982 жылдары Қазақстан мәдениет министрлігінің басқарма бастығы болып жұмыс атқарған. Сом тұлғасы поэтикалық повестке айналған Райымбек Сейтметов ұлтын сүйген ұлт жанды азамат болған. Оған бірден бір дәлел Райымбек Сейтметовтың ұлтының басына қиын қыстау іс түскен де, әмбеге аян шындық отын сахна төрінде маздатты. Ғ.Мүсірепов театрында «Сталинге хат» атты туындыны қойды, сол спектаклге Колбиннің өзі келді. Бұл заманындағы сөзсіз ерлік. Амбицияға ерік бермеген, жібін ұстап, жігін табатын Райымбек Сейтметов сегіз қырлы бір сырлы азамат болған. Сөзден сүзбе сығатын ділмар, сонымен қатар қазақ сахнасының поэзия негізін қалаған десек артықтық етпес, «Дегустаторы өлеңнің» деген статусы болған поэзия шедеврінің тек өзіне ғана енші интоноциясы, құлақты арбап, жанды баурайтын даусының ерекшелігі радиодағы қызметке жетеледі.

Ол жас ұрпақ тәрбиелеудің хас шебері болды, оны айтып ауыз толтырарлықтай Әшірбек Сығай, Нұржан Төлендиев сынды көптеген шәкірт-тері болған. Оның көреген ұстаздығы жайында Қазақстанның халық жазушысы Ш.Мұртаза «мен қарапайым прозаик едім, менен сен драматург жасадың» деген екен. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан, жас-тардың қиялына қазық, ойына азық етерліктей дәріс бергені анық. Жарық дүниені жарқылдатқан Райымбек Сейтметовтің тарих сахнасында қаларлықтай тағы бір ісі ол әулиелі өңірден киелі өнер туын тіккендігі. Түркістан қаласында 2000 жылы 9-наурызда еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қол-дауымен Райымбек Сейтметов өзінің арманына қол жеткізіп, театр ашты. «Алматыда екі бірдей театрды басқарған Райым-бектің Түркістанға кеткені бәрімізге жұмбақ болды. Сөйтсек, Райымбек Юлий Цезарьше Қазақстанның театр әлеміне жаңа өзгеше театр қосу үшін кетіпті»,- деген екен Ш.Мұртаза. Р.Сейтметов сонымен қоса қаламен дос болған жан екен. Күнделік жүргізгені бұған дәлел, ол күнделікте әр сомдаған бейнесін ойымен өрнектеп, сөзбен кестелеп, тұжырымдап, қорытындысын түсіріп отырған екен. Егер «әтеген-ай» деген жерлері болса, оның себебін баяндап отырыпты.

«Тал бесікке түскен, жер бесікке түспей қоймайды»- демей ме, қазақ театрының аңызы алпысты алқымдап, жетпіске жақындаған тұсында бұл дүниеден озды. Еліне жасаған ерен еңбегі иісі қазақтың жадында жатталатыны сөзсіз. Дара тұлғаның дара есімі театр сахнасынан, тарих сахнасында алтын әріптермен жазылады.

Жұмахан ОРАЛБАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы