САТТАР САТИРАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

2  311 көрілім

Саттар хал-қадірінше әдебиеттің барлық жанрында қалам тартып көрген қаламгер. Соның ішінде біз, бір кем, Саттардың сатира жанрына жуысатын шығармалары жөнінде сөз етпекпіз. Жазған дүниелерін әзіл-қалжың мен сын-сықақпен тұздықтамаған жазушы кемде-кем. Бірінде басым, бірінде солғын соғатын мұндай сатиралық сипаттарды кез-келген қаламгердің туындыларынан кездестіруге болады. Өйткені әзіл деген өмірдің өзі емес пе?

Жазушы С.Ерубаевтың үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүріп жазған шығармаларынан сатира жанрының соқпақтары соны көрініс тапқан. Ол жазған сатиралық суреттемелер мен серкесөздерден, пародиялардан мұны анық аңғаруға болады. Саттар өз пародиялары жайлы былай дейді: «Әдетте мені пародия жазушы деп атайды. Расында да, менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақ та мен қазақ әдебиетінде пародия жанрын бірінші жаза бастадым. М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Қ.Әбдіқадыровтың шығармаларына, Ө.Тұрманжанов және басқалардың өлеңдеріне пародиялар жаздым. Оларды шын мәніндегі пародиялар деп атауға болмайды. Кейбір кездерде мен осы жанрдың каноникалық формасына табынып қала алмадым.

Менің пародияларымда әлі авторға тән ерекшелікті баса көрсету жоқ, авторға тән осы ерекшеліктерді әсірелей және оны сықақтай түсу жетіспейді. Шындығына келгенде, пародияның шын ерекшелігі – оригиналдың көркемдік амалдарын айнытпай қолдана отырып, өзіне қарсы жұмсау, сықақтап әжуалау ғой…»

С.Ерубаевтың пародия жанры жайлы айтқан бұл пікірінен – оның сөз өнеріне деген сарапшылдығын, сауаттылығын көреміз. Пародия да – сатираның бір жанры. Пародия жазу – автордың туындыларын тінте оқумен қатар, оның жан-дүниесін ұғынып, ішіне кіріп-шыққанмен бірдей дүние. Сол себепті де Саттар өзі жазған пародияларын «шын мәніндегі пародиялар деп атауға болмайды» деп кішіпейілдікке салғанын сеземіз. Осы арада ақын І.Жансүгіровке жазған пародиясының бір үзігін мысал ретінде бере кетелік: «Ілияс жақын өлкеде, Бүгінгі күні көрмеде. Қызыл кітап жазсам, Үлгі болам өңгеге. Дөңгелеші, дөңгелек, Дөңгелеші, дөңгелек…»

Саттар сатираларының атауларының өзінде сықақ бар. Мысалы, «Сенбіліктен қашқан бәтеңке көрдіңдер ме?», «Тышқан ауылындағы уақиға», «Адасқан бөтелке» тәрізді әзілдері ә дегеннен-ақ күлкі шақырады. «Жолдағы жолсыздықтар» деп аталатын сатиралық суреттемесінде мынадай тіркестер бар: «Сапаны көтер дегені – Папков жолдасқа түйенің құйрығын созып әкеліп жерге жеткіз дегені», «Сонымен машина аяқ-қолы жерге тимей зырлайды. Шұңқыр демейді, ой-қыр, арық демейді, баса-көктеп оқтың жылдамдығындай ұшады» және т.б. Әзілмен апталып, қалжыңмен күптелген мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Есіл таланттың өмірден ерте озғандығында болып тұр ғой. Әйтпесе, қаншама сатиралық дүниелер өмірге келген болар ма еді? Біздің ойымызша, С.Ерубаевтың өлең, жыр, балладаларымен қатар, сатиралық жазбалары да мықты. Саттар сатирасының ерекшеліктері дегенде, кішігірім ой-түйініміз осы еді.

Ақсүмбе БОСТАН,

С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы