МОНО БЛОК КОМПЬЮТЕРЛЕРМЕН ҚАРУЛАНҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ

625 көрілім

Түркістан шаһары облыс орталығына айналғаннан бері адам танымастай өзгеріп, күн сайын түрленіп келеді. Осы кезде қаланың білім саласында да айтарлықтай өзгеріс пен замана көшіне ілеcу дейтін ұмтылыс болып жатқаны анық байқалады. Ондағы басты себеп Шохан Уәлихановтың «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» дейтін тағылымы бойға тұмар болса керек. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы жолдар сүрлеуін, бөгенайы бөлек соқпағын салып келе жатқан Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжін тілге тиек етпекпіз.

Бұл іргелі білім ошағы уығын қадап, шаңырақ көтергелі он бес жылдың жүзі болды. Былайша айтқанда қаладағы ең белді де беделді кәсіпорын «Жолаушы» ЖШС мекемесі жанынан 2006 жылы ашылған. Әуел бастан жоғары техникалық мамандарды дайындау мақсатында облыстық мәслихаттың бірнеше шықырылымының депутаты, Түркістан облысы және Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Рахым Көлбайұлы Тәңірбергеновтің ұйытқы болуымен өз жұмысын бастаған болатын.

Жылдар жылыстап өткен сайын қадірі мен қасиеті артып, мерейі үстем бола бастаған колледж жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруіне және шынайы білім алуына мүмкіндік жасауда. Түркістан өңірінде ғана емес, тұтас еліміз үшін білікті де білгір әрі сапалы маман даярлауда жемісті жұмыстар атқарып, озық тәжірибелері бар екенін дәлелдеп келеді. Өткен жылы ғана «Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығынан» институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өту биіктігін бағындыра отырып, білім көшінде ауыз толтырарлықтай өрелі білім беретін техникалық әрі кәсіптік білім ордасы екенін тағы бір қырынан көрсете білді.

«1-ші оқу ғимараты», «2-ші оқу ғимараты», «Интерактив класы», «Конференция залы», «Автокөлік жөндеу зертханасы», «Кітапхана», «Жол қозғалысын ұйымдастыру шеберханасы», «Химия кабинеті», «Теміржол көлігін басқару шеберханасы» қатарлы орындармен қамтамасыз етіліп кәсіби білім алудың толық шарт жағдайы жасалған. Қазіргі таңда «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Теміржол көлігіне тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандықтары бойынша 692 студент білім алуда. Оның ішінде 406-і мемлекеттік тапсырыспен грант есебінде оқиды. Ал елдің келешегі болған жастарға білім нәрін беріп, өз қатарының үздігі болуға барын салып 46 мұғалім тер төгуде.

Өткен жылы басталып әлем халықтарын әуре-сарсаңға салған індет жағдайы біраз дүниеге ықпалын тигізді. Соның бірі ретінде білім саласын өзгертудің түйткілді түйіндері көп қырлы екені көзге шалынды. Осындай мәселелерді ескерген білім орыны 5 компьютер класын ең озық үлгімен қамдап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Нақтылап айтқанда 4 класты жүзге жуық «Lenovo» маркалы моно блок компьютерлермен қайтадан жасақтап жаңартты. Басты мақсат та, көз алдағы міндет те студенттерді бар мүмкіндіктермен қамтамасыз ете отырып, жаңаша үлгідегі білім алуына шарт жағдай жасау болып отыр.

Енді бір тілге тиек етер әңгіме атаулы оқу орыны індет кезінде студенттердің қашықтықтан білім алуына аса назар аударған. Былайша айтқанда жағдайы төмен, мүмкіндігі жоқ студенттерге көмектесіп, одан сырт интернет байланысы нашар болып жатса оқу ғимаратындағы компьютер класында оқуына орай жаратып беріп отырған. Өйткені оқу орны қашанда кәсіби сапалы білім алудың оңтайлы жолына көп мән бергені белгілі. Олай болатыны колледж үнемі заман көшіне ілесіп өзіндегі автокөлік зертханалары арқылы шетел автокөліктерінің ішкі жану қозғалтқыштарымен стендтері, жүк көтергіші мен шетел автокөлігінің беріліс қораптары верстак үстелдері, сонымен бірге заманауи үлгідегі Launch Х431 PRO 2016 маркалы автокөлік диагностикалау аппаратымен жабдықтап отырған. Осылайша практика жүзінде білім қалыптастырып һәм жетілдірудің алғы шартын әзірлеп отырған. Осы бір қасаң қағидаларын бұл күндері дамытуға да көп көңіл бөлген. Бұл ойымыздың жанды дәлелі оқу ордасы келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» зертханасы десек қателеспейміз. Бұдан сырт студенттердің теория жүзінде алған білімдерін тәжірибе дағдыларымен ұштастыру мақсатында «Жолаушы» ЖШС, «Рахым К.Т.» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ қарасты Түркістан станциясы, Түркістан Багаж бөлімшесі, Түркістан қаласындағы автокөліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы, т.б мекемелерде өндірістік-технологиялық және диплом алдындағы іс-тәжірибеден өтуіне келісім-шарттар жасалынған. Осы арқылы бойындағы білімін көрсетіп, дарыны арқылы оқ бойы озып шығуына, шын жүйріктей өршеленіп өрге шабуына жол ашқан.

Елдің келешегі болған жастардың білім айдынындағы шөлін қандырған оқу орны сапалы қызмет көрсетуді алдына мақсат тұтқан. Онда ұстаздық етіп жүрген мұғалімдерге кәсіби біліктілігі жағынан қойылатын талап өте жоғары. Бойыңдағы қабілетің бөлекше, қарымың ерекше болып тұрса есік ашық.

Қорыта келгенде облыс, қала берді ел көлемінде өз биіктігін қалыптастырып үлгірген аталмыш колледж шаһарымыздың білім саласындағы үздіктер қатарында десек қателеспейміз. Студенттері республика және облыс деңгейінде өткен ақындар айтысында, облыстық «Үздік автомеханик» байқауының және «Worldskills Turkistan-2019» чемпионатында, облыстық программист мамандығы бойынша өткен жарыстарда топ жарғанының өзі ауыз толтырып айтар мақтаныш әрі жетістік. Осының өзінен-ақ заман ауқымына қарай заманауи техникамен жұмыс жасап нәтиже шығаруға құлшынысы ерекше білім ошағының ертеңі кемел де, жемісті болары менмұндалап тұр.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы