ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛДЫ

1  345 көрілім

Киелі қаламыздың облыс орталығы болып, ерекше назарға алынғаны белгілі. Десе де алда үлкен мақсаттар мен жоспарлар тұр. Осы орайда шаһар төңірегінде шешімі табылмай келе жатқан қордаланған мәселелерді бір реттілікке қою жоспарларының ішінде қаланы орталықтан газдандыру мәселесі.

Шамалы өткенге қарай шегінсек. Тәуелсіздіктің алғашқы жартысында қала халқы үшін қыс мезгілі суықпен арпалыс пен төзім уақытындай саналатын. Себебі орталық газдандыру жүйесі істен шығып, қаржы тапшылығына байланысты қараусыз қалған болатын. Қала тұрғындары үшін қыс мезгілі аса ауыр сынақтай көрінетін, жер үйдің тұрғындары пеш жағып жан бақса, көпқабатты үйлердің тұрғындары сан түрлі амалмен «көкке ілінетін». Сан түрлі амал деп отырғанымыз, көп үйлер жекешелендіру уақытында жеке бастың қамын жасап, суықтан шаршаған тұрғындар қала экологиясына ат үсті қарап, көпқабатты үйлердің әр пәтері жеке пеш орнатып, түтінін будақтатқаны есімізде. Сол уақыттарды еске алған кейбір тұрғындар, кешкі мезгілде көкке көтерілген түтіннен қала көркі ашылмай қалатынын айтады. Тарихында талай оқиғаларға куә болған қаламыздың басынан осындай сәттер де өтті.

Жаз бойы еңбек етіп, қыс болса бүрсең қағудан мезі болған тұрғындар төзімділікпен жақсылыққа жорамалдап, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын. Газетіміздің 2007 жылғы №29 (8701) санында қала тұрғынының «Табиғи газ құбыры тартылады» деген сүйінші жаңалығы жарық көрген. Ол хабарда берілген ақпаратта келер күнге сенім мен үміт көбірек байқалғандай. Автор өз жазбасында: «Менің Түркістан қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету туралы облыс әкіміне биыл 16 ақпанда жолдаған арызыма ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің директоры Т.Төлеевтен жауап хат келді. Онда мына жәйттар баяндалған:

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Қытай Халықтық Мұнай Газ Корпорациясы арасында жасалған келісімде газ құбырын жүргізуге тартылған инвестицияларды жүзеге асыру үшін бірге атқарылатын жобалау жұмыстары қаралған. 2006 жылдың 31 тамызында басталған жобаның мердігерлері ретінде «Қазақ мұнай газ институты» АҚ-ы және «Петро Чайна» орталық жоспарлау институы (ҚХР) болып анықталды. «Қазақ мұнай газ институты» АҚ-ы «Бейнеу-Бозой-Шалқар-Самсоновқа» газ құбырының инвестициялық жобасының негізін жасаушы болып табылады.

…Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі «Бейнеу-Бозой-Шалқар-Самсоновқа» газ құбырының өтетін бағыты бойынша орналасқан үлкен елді мекендерді газбен қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жүргізілуде… «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, осы қуанышты хабарды білсін деп газетке жариялап отырмын,- деп жазған. Осылайша автор өз хабарымен көңіліне кірбің түскен халыққа медеу болғандай. Айтса айтқандай, жақсы сөз – жарым ырысқа баланып, тұрғындардың сол кездегі арманы мен мүддесі араға 13 жыл салып орындалып отыр. Қазір қаламызда толық газдандырылған орталық қазандық жұмыс жасайды. Не де болса неше жылғы уақытпен сыналған халық төзіміне жайлылық жасалып келеді.

Уақыт ағысымен жылжысақ. Қала халқының үлкен қуанышына орай 2009 жылы орталық жылыту қазандығы іске қосылды. Сол уақыттағы қала әкімі Қайрат Молдасеитов қасиетті шаһарға әкім болып келісімен қаланың сан-салалы шаруасымен танысып шығып, бірінші кезекте 1-2 мөлтек аудандарға жылу беретін қазандықты толық іске қосуды мақсат етіп қойған болатын. Соның нәтижесінде 70 үйдің 41-і жылуға толығымен қосылды. Бұл жөнінде сол кездегі қала әкімінің орынбасары Әліпбек Өсербаев 2009 жылы газеттің №52 (8938) нөміріне «70 үйдің 41-не жылу берілді» деп арнайы тақырыппен жазбасын жариялаған. «…Қазір әрбір көп қабатты үйдің жанына орталық қазандықтан тартылған негізгі магистральдық жүйелер арқылы 4 құбыр барған. Осының 2-еуі жылу жүйесі, 2-еуі жылы су үшін жүргізілген.

Жалпы, шынын айтсақ, осы бағыттағы жұмыс жөнінде аз айтылып жатқан жоқ. Ал атқарылған жұмыстар мен атқарылар істер ұшан теңіз. Сондықтан басты мақсат пен мүдде халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп толық нәтижеге жету, ол біз үшін үлкен абырой, мәртебелі нәтиже. Осы жолда барлығымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұдырықтай жұмылып бітер істің басында болайық дегім келеді – деп халықты алдағы уақытта да атқарылар істерге түсіністікпен қарап, атсалысуға шақырады.

Осылайша, 2009 жылы өз жұмысын бастаған орталық жылу қазандық қазіргі уақытқа дейін халыққа қызмет етіп келді. Қала тұрғындарының көп бөлігі от жағып күйе болудан арылса, қала климаты да таза ауамен бір тыныстап қалғандай болды.

Қош, қазір қаламыздың мәртебесі – бөлек, жолы – даңғыл. Қала әкімі Рашид Аюпов халық тұрмысын оңтайландырып бір реттілікке қою үшін сонымен қатар климатты тазарту мақсатында қаланы толығымен табиғи газбен қамту жобасын қолға алған болатын. Сол сәттен бастап үлкен жұмыстардың шымылдығы түрілгендей болды. Бір жағынан қаланы көркейту үшін құрылыс жұмыстары күні-түні жүрсе, екінші жағынан қыс ауасы түскенше тұрғындарды толық газбен қамту үшін қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жауапты лауазымды тұлғаларға қала әкімі жиналыстарда ескертпелер айтып, жұмысты ширатып отырғаны да есімізде. Аянбай төккен тер мен жауапкершіліктің арқасында биыл қаламызда орталық жылу қазандығы толық газбен жұмыс жасауға көшті.

Естеріңізде болса, биыл күн мезгілінен ерте суытып 28 қазаннан бастап орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған ғимараттарға жылу беріле бастаған. Қазіргі таңда «Жылу» МКК «Отырар» ықшамауданында 29 көпқабатты, I және II мөлтек ауданында 75 көпқабатты, 28 әлеуметтік-бюджеттік мекеме мен 54 жер үйді жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отырғанын да айта кеткен жөн.

Жақсы жаңалықтың жаршысы болу мақсатында орталық жылу қазандықтың жұмысы жаңа жүйемен қалай жұмыс жасайтынын біліп қайтқан болатынбыз. Орталық қазандық биылдан бастап қатты отыннан арылып, табиғи газбен жылыту ісіне көшкенін жоғарыда айттық. Ол үшін республикалық бюджеттен 750 млн теңге қаржы қаралып, алматылық «ASI Building» ЖШС мердігер компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізген. Мұнда автоматикалық бақылау, жылу жүйесі, суды химиялық тазалау және сумен жабдықтау бөлімдері бар. Ал, «Отырар» ықшамауданында 2019 жылдан бастап №2 және №3 қазандық бөлімшелері жұмыс жасап келеді. Кәсіпорында қатты отын пайдаланатын кезде қазандық, қатты отынмен қамтамасыз ету және күл-қара күйе шығару бөлімдері қоса атқаратын болса, қазіргі табиғи газды пайдалану кезеңінен бастап автоматикалық бақылау, жылу жүйесі, суды химиялық бақылау және сумен жабдықтау бөлімдері қосылған.

2009 жылдан бері қатты отынмен жылу беріп келген мекеме қоймасында 1200 тонна көмір қоры сақтаулы. Көгілдір отынмен жылыту кезінде қандай да бір ақау болған жағдайда ескі қазандық пеші көмірмен жылу беруге резервке дайын. Мекеме директоры Ерғазы Рысбековтың айтуынша, ұжымда жалпы штаттық кестеге сай 113 жұмысшы еңбек етеді. Оның ішінде 78 адам маусымдық жұмысқа жұмылдырылған.

– ҚР Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша халық коммуналдық төлемдердің төлеуін бақылау мақсатында 2015 жылы Түркістан қаласындағы І мөлтекауданындағы 46 көпқабатты тұрғын үйге 64 дана жалпы ортақ үй жылу есептегіш құралды сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қолдау» қорының қайтарымды қаржысымен Шымкент қаласындағы «Балнұр-Сервис» ЖШС арқылы орнатылған болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорында барлық қазандық табиғи газбен пайдалануда,- дейді Ерғазы Рысбеков.

Осылайша, қала халқының ұзақ жылғы арманы орындалып, тұрғындар шаттанып, жауапты мамандар бір серпіліп қалғандай. Алайда, бұл арқаны кеңге салудың жөні емес. Алда талай мақсаттар мен жоспарлар тұр. Айтарымыз, тұрғындардың қуанышы ұзағынан болып, алда межеленген жұмыстарда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбек етіп, қаламыздың дамуына бірге атсалысайық дегіміз келеді.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы