БАЛАҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН МАМАНДЫҚ

711 көрілім

Әйел-анаға тәрбиеші болып келешек жастарға үлгі-өнеге көрсете, тәрбиелей білумен қатар өз мамандығын сүйе білген адамның бақыты десек артық айтқан бола қоймас. Балаға бақыт сыйлайтын мамандықтардың бірі әрі бірегейі- тәрбиеші. Тәрбиеші болудың өзі бақыт. Ананың әлдиімен оянған сәби әр күнін балабақшада тәрбиешілердің жылы алақанында жалғастырып, сол жылумен өмірге қадам баса білсе, бұл әрбір тәрбиешінің жұмысының жемісі. Ана алақанының жылуын сезіне біліп өскен ұрпақтан жаман қасиет шыға қоймас.

Тәрбиеші! Бұл әрдайым үлкен әріптер-мен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп тани-мын. Өйткені біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымды үйретудеміз.

Тәрбиеші – менің сүйікті мамандығым. Ұлы педагог Г.Песталции «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеуге құ-қың жоқ» деген екен. Әр баланың жанын түсініп, оны сүйе білген адамнан ғана тәрбиеші шығады. Мен өзім «Болашақ» бөбекжай-балабақшасында қызмет атқа-рамын. Біздің балабақшада 6 топ бар, оның ішінде «Қарлығаш» мектепалды даярлық тобында тәрбиеші болып қызмет атқарамын. Осы уақыт ішінде менің түсінгенім, балалар әлемінің теңізіне бір бойласаң, ешқашан басқа жерге кете алмайтындығың. Себебі, бала – пәк, тап-таза. Мөлдір бұлақтың көзін ашып, олардың өмірге деген қадамына дұрыс бағыт-бағдар берумен қатар бала жанын тереңінен сезіну өз ісін жан-жақты білетін нағыз маман тәрбиешінің қолынан ғана келетін жұмыс.

Тәрбиешілік жолдағы басты мақсатым – балабақшадағы балаларға жақсы тәрбие бере отырып ұлттық тәрбиемізді бойларына тереңінен сіңдіру және сонымен қатар заман талабына сай балалардың конструтивтік, танымдық, шығармашылық, іскерлік қабілеттерін дамыту. Балалар жеке тұлға ретінде ізденгіш, өз пікірін айта алатын, адамгершілігі мол, білімді, өз елін сүйетін, қолынан өнері тамған өнерлі болу керек.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, балалармен үздіксіз жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар бергенде ғана тәрбиешінің еңбегі нәтижелі болмақ. Тәрбиенің негізі балабақшадан бастау алатындықтан балалармен өткізілген әрбір оқу қызметі, шығармашылық ізденісі педагогикалық талаптарға сай өрбігені жөн.

Қазақтың біртуар батыры Б.Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген ойын әрдайым есіме ала отырып балабақшадағы бүлдіршін балаларға жақсы, тамаша ортада тәлімді тәрбие беру – менің басты мақсатым.

Әр таңда өзімнің кішкентай достарымды асыға күтемін, олардың әрқайсысы қандай көңіл күймен келетінін ойлаймын. Кейде олар «Айжан Қазыбекқызы, ертеңге дейін сізді сағынамын» деп шынайы көңілдерін білдіріп жатады. Мен бұл сөздеріне қуанып, марқайып қаламын.

Міне, осы тәрбиешінің шын бақыты. Болашақта мен тәрбиелеген тәрбиеленушілер биік белестерден көрініп жатса, қазақ халқының ардақты азаматы, азаматшасы болып өссе, сол менің жетіс-тігім. Сонда мен өзімді бақытты тәрбиеші, ұстаз, бақытты жанмын деп есептеймін.

Айжан ОСПАНОВА,
«Болашақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы