МАҚСАТТЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ БОЛМАҚ

1  015 көрілім

Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауындағы басым бағыттарының бірі «Жастар жылы» болып жариялануы жастарды жігерлендіріп, ертеңге деген құлшынысына қанат бітіруде.

Жастарға «Инновациялық гранд» бағдарламасы жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, айналым қаражатын толтыруымен байланысты екені даусыз. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға түрлі салада жеке бизнесін ашуға немесе кеңейтуге кең жол ашылуда.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз жас кәсіпкер Мақсат Махмұджан өзінің тың жобасын жүзеге асыру үшін қала әкімідігінің кәсіпкерлік бөліміне қажетті құжаттарын ұсынған болатын. Нәтижесі жоқ емес. Қала тұрғыны, жас кәсіпкер Мақсат Махмұджан Қытай елінде жоғары білім алған. Ол бізбен әңгімесінде өзінің асқақ арманы ағаларының жолын қуып, кәсіпкерлікпен айналысып, өз кәсібін дөңгелетіп, еліміздің өркендеуіне үлес қоссам деген ниеттен туғанын жасырмады.

– Елбасының биылғы Жолдауында «Жастар жылы» деп жариялануы тектен-тек емес. Қасиетті мекен былтыр облыс орталығы атанды. Бүгінде қаламыздың экономикасы дамып, кәсіпкерлік саласы күн санап өсе түссе, құрылыс, тұрғын үй бағдарламасына сәйкес жұмыстар қарқынды атқарылуда. Қаланы шырайландырып абаттандыру ісі бір сәт те дамылдаған жоқ. Қала көшелері реттеліп, оны талапқа сай жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Осы мақсатта қаладағы жүріп жатқан құрылыстардың ғимараттарына жаңаша келбет беру ісі ойымда жүрген болатын. Сонымен қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөліміне мемлекеттік «Инновациялық гранд» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысып, өз жобамды сәтті қорғап, тиісті 3 млн теңгені жеңіп алдым. Ондағы мақсатым қала көлемінде алғаш рет жаңадан салынып жатқан ғимараттардың сыртын әрлеу яғни, «Фасад декор» жасайтын боламыз. «Фасад декордың» ерекшеліктеріне тоқталсам, ғимараттың ішіне қарай суықты өткізбей ұстап тұрады. 4 см пенопласт жылуы 75 см қалыңдықтағы кірпіштің жылуымен пара-пар. Бұл тұрғыда ғимарттарды әрлеу басқадай бұйымдармен салыстырғанда шамамен 2 ай кетсе, пенопластқа небәрі 2 апта уақыт жұмсалады. Тағы бір айта кетерлігі, пенопласт жанбайды, тек ериді және жалынды тоқтатады. Ал, бағасына келсек, травертинмен салыстырғанда 4 есе арзанға түседі. Ісім алға басса, 5-6 азаматты жұмысқа тартып, қаламыздың өркендеуіне септігімді тигізсем деген жоспарым бар. Біз секілді жастарға тұрақты қолдау көрсетіп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың кең мүмкіндік бергеніне зор ризашылығымды білдіремін, – дейді Мақсат Өмірзақұлы.

Иә, бүгінде киелі шаһарда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбеюде. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Осының бәрі сол ел тәуелсіздігінен бастау алып, қажырлы еңбек пен тиімді саясаттың арқасында қол жеткен дүние. Сондықтан, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Мақсат Махмұджан секілді қаланы абаттандыруға білек сыбана кіріскен жас кәсіпкерлердің өз кәсібін ашамын деуіне толық мүмкіндік бар.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы