ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖАҢАЛЫҚ КҮТУДЕМІЗ

975 көрілім

Биыл «Түркістан» қалалық газетінің шыға бастағанына 90 жыл. Ғасырға жуық уақыт ішінде талай тарландар түлеп ұшқан киелі шаңырақтың мерейтойын атап өту үлкен сын. Даталы жылға орай біршама жоспарларымызды іске асыруға елдегі пандемия жағдайы мұрша бермеді. Көпшілікті тойға шақырып, індет таратпайық дедік. Сондықтан ойға алған істерімізді кейінге шегеруге тура келді. Десе де қасиетті шаһардың қарашаңырақ басылымының және осында қызмет етіп жатқан ұжым газеттің 90 жылдық мерейтойын көңілге медеу етерліктей жетістіктермен қарсы алып отырғанын айта кету қажет. Бұл жөнінде оқырмандар тарапынан жылы пікірлер жетуде. Өткен жылдан бері «Түркістан» қалалық газеті жанынан «Yassy-tur.kz» ақпараттық порталы іске қосылып қала тынысы республика көлемінде жариялануда. Оған қосымша әлеуметтік желіде арнайы парақшалар ашылып, газет бетіндегі жаңалықтар ғаламторға енгізіліп келеді. Бұл жұмысты тың бастама демесек те бүгінгі күннің талабы осы. Сол себепті соңғы бір-екі жыл көлемінде осы электронды жүйені жетілдіріп, жұмысты тұрақты жолға қоюға күш салудамыз. Себебі, бүгінгі күнде орта буын өкілдері мен жастардың электронды нұсқаға деген сұраныстары жоғары. Ол үшін яғни, аталмыш жүйені іске асыруға жергілікті биліктің қолдау көрсетіп отырғанын да оқырман назарына салғанымыз жөн.

Сонымен бірге, ғасырға жуық тарихы бар қалалық «Түркістан» газеті 2018 жылдың 28-желтоқсанынан (№52 (9444) «А3» форматынан «D2» форматына ауысты. Бұл өзгеріс газетіміздің бұқараға қолайлы болуы үшін еліміздегі ірі басылымдардың тәжірибесіне сүйене отырып жасалды. Және де облыс орталығынан жарыққа шығатын газет келбетінің тартымдылығына назар аудардық. Ішінара қиындықтар туындағанымен нәтижесі жаман емес және бұл жобаны жетілдіре түсуді тоқтатпаймыз. Нәтижесінде бет көлемі ұлғайғанымен форматқа сай мақалаларымыз ықшамдалды. Жергілікті билік иелік еткен соң әуелі әкімдік атқарған жұмыстарды жарыққа шығаруға мүдделі болып тұрамыз. Бұны жаба жасыратын түгі жоқ. Соның ішінде қала көлеміндегі газет бетіне сұранып тұрған мәселелерді де бұқараға жеткізу үшін көзден таса етпеуге тырысамыз.

Иә, күнделікті тіршілікке араласып осылай күн кешіп жатқан жайымыз бар. Мерейтойға орай газетіміздің бетінде осы күнге дейін бірнеше мақалаларды жария еттік. Одан бөлек әлі де жоспарланған арнайы еңбектеріміз бар. Соның негізінде «Түркістан» қалалық газетінің 90 жылдығына орай кітап шығару үшін Түркістан қаласының қарт басылымға таңбаланған тарихы жинақталды. Алдағы уақытта облыс орталығы болған көне мекеннің кеңес кезіндегі және тәуелсіздік жылдарындағы тынысы жазылған кітап жарық көрмек. Карантин аяқталып оқушылар мектеп табалдырығын аттаса жыл сайын дәстүрге айналдырарлықтай шығармашылық байқау ұйымдастырмақпыз. Соңғы жылдары БАҚ өкілдері шағын футболдан өзара бақ сынауды дәстүрге айналдырған. Осы үрдіс неге Түркістан қаласында жалғасын таппасқа және Түркістанның өткені мен бүгінін БАҚ көзімен қарап, келер күндерге бағдар болар келелі отырыс өткізуді де межеледік.

Осындай жоспарлардың қатарындағы ең өзектісі редакцияның өз алдына баспанасы болса деген арман-тілегіміз бар. Түркістан облысы құрылып, осында орталықтағы мекемелер көшіп ғимарат тапшылығы басталғанда марқұм Әліпбек Шәріпбекұлы (Түркістан қаласының бұрынғы әкімі) «Көшіп келіп жатқан мекемелерге 1-2 жыл көлемінде жаңа ғимараттар салынып беріледі. Соған дейін амалдай тұрыңдар», деген соң ескі-құсқы мүлкімізді алып, жеке кәсіпкердің ғимаратына көштік. Десе де бастапқы ғимарат та редакция меншігінде емес-тін. Осы жайларды алға тартып қазіргі күні ықпалы бар дегендерге хат жазып, енді біріне өтініш айтып, мәселенің бетін бері қаратып келе жатқан сыңайлымыз. Дегенмен әлі де көңіл қуантарлық нақты жауапқа біршама уақыт керек-ау. Түркістанның түлеуіне ерекше атсалысып жатқан шаһар басшысы Рашид Абатұлы осы бір өтінішімізді орындап берсе, қаламыздың руханиятын серпілтуге қосқан үлкен бір үлесі болар еді. Бұл бір ғана редакциямыздың емес, қалың оқырманның көкейінде жүрген мәселе екенін жауапты сала өкілдеріне түсіндіріп жату артық болар. Қысқасы «Түркістан» газетінің 90 жылдық мерейтойын осындай жан жадыратар жаңалықпен қарсы алсақ па деген ниеттеміз.

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы