ҰСТАЗДАРДЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

765 көрілім

Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. Ұстаздық ету – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мaмaндықтардың бірі. Осынау бір мамандық иелеріне лайықты құрмет көрсету мақсатында жыл сайын елімізде «Ұстаздар күні» қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтеді.

Мұғалімге көрсетілетін құрмет пен ізет ешқашан толастаған емес. Жақында «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» тақырыбы аясында өткен мерекелік шарада бірқатар ұстаздарға құрмет көрсетілді. Жиынға ардагер ұстаздар арнайы қонақ ретінде шақырылса, білім әлеміне алғаш қадам басып отырған жас мамандар қашықтықтан қатысып отырды.

Ұстаздардың төл мерекесі «Қарттар күні» мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен алтын қазыналарымыз – ардагер ұстаздардың жүріп өткен жолдарын бейнелейтін бейнебаян көпшілікке көрсетіліп, оларға гүл шоқтары мен сыйлықтар ұсынылды.

Қала әкімі Рашид Аюпов құттықтау сөз сөйлеп, барлық ұстаздарға шынайы алғысын жеткізді. Биылғы жылы кәсіби жетістіктерімен көзге түскен ұстаздар қала әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті педагог болары сөзсіз. Себебі, Қазақстанның болашағы білікті ұстаздардың қолында. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тікелей олардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Салтанатты шарада жас мамандар ант қабылдап, өз кәсібінің нағыз шебері болумен қатар егемен елімізге адал қызмет етуге уәде берді.

Мерекелік шара барысында қаламыздың жас дарындары, озат оқушылар ұстаздарға құттықтауларын қашықтықтан жолдады. Ал, ұстаздардың ұранына айналған «Ұстазым, менің ұстазым» әнін балалар мен жасөспірімдер орталығы бұқаралық бөлім жетекшісі Емен Сәметов пен №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Ізбасар Базарбай жоғары дәрежеде орындаса, жиналған барлық ұстаздар қосыла шырқап, мерекелік көңіл-күйде тарасты.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы