АБАЙ АМАНАТЫ – ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

670 көрілім

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай аманаты» атты кезекті мақаласында ұлы ақын, дана ойшыл Абайдың ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналғанына айрықша мән береді.

Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы Кеңес империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау миссиясы өзіне бұйырғанда, халықтың болашақ тағдыры сынға түскен осынау «соқтықпалы, соқпақсыз» кезеңде хакім Абайдың өсиетіне жүгінгенін, елдің болашағына жаңаша көзқараспен қарағанын ағынан жарыла айтады. Мұның өзі әрбір жанның өмір жолында пір тұтып ұстанар қағидасының данышпан Абай аманат-өсиеттерінен бүршік жаратынын айқын аңғартса керек.

Тұңғыш Президент аталмыш құнды мақаласында көпұлтты елімізде ұлтаралық келісім мен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің маңызына баса назар аударады. Ұлы Абай аманатын-дағы ауызбіршілік атаулының береке бастауы екені жөнінде ойлар әрдайым толғандырады. Ұлы даланың мәртебе-сін көтеріп, шаңырағын шайқалтпау үшін сан алуан ұлттардың татулығы аса зор маңызға ие. Кезінде Елбасының идеясымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемде баламасы жоқ институт ретінде атқарып отырған сан қырлы ауқымды іс-шаралары ризашылық сезіміне бөлейді.

Абай аманаты – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Өмірдің қай саласында да Абайдың айтқанын істеп, аманатын орындасақ, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Елбасының бұл мақаланы жазудағы түп мақсатының өзі осы болса керек!

Ұлы Абай «Қара сөздерінде» қаймана қазақты ХХ ғасырға дайындады, тұтас ұлт болып ұйысуды аманаттады. Туған халқына жол сілтеді. «Қазаққа бірлік керек, бірлік болғанда – ақылға бірлік керек» деді. Иә, ақылға бірлік жасайтын заман келді. Қазақтың ақылды жастары бас біріктіруі тиіс. Қайткен күнде қазақты алға сүйрейміз, қайтсек қазақтың қара баласының күні туады, қандай жағдайда байлығына өзіміз ие боламыз, ұлт игілігі үшін не істесек болады, деп ақылға бірлік жасаудың амалына көшу керек.

Елбасы өз мақаласында да Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенетінін риясыз көңілмен ақтарыла айтады.

Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы