КЕМЕЛ ОЙДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

670 көрілім

Қазақтың данасы, асқан ойшылы, әдебиет әлемінде ғана емес ғылым көгіндегі жарқыраған жарық жұлдыздардың бірегейі – ұлы Абай туралы Елбасының «Абай аманаты» мақаласы жарияланды. Бұл салмақты да толғақты дүние. Бабы мен иі қанған кемел ойдың қорытындысы. Өйткені Абай бір ұлт немесе бір мемлекетпен ғана шектелетін тұлға болмастан, қайта, ол әлемдік өреге көтерілген ұлағатты да келелі кемеңгер, үлкен ғылымға айналған абыз.

Мақалада «Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға» деп ойшыл, терең толғанысты философ, асқан гуманист, ғұлама Абайдың қазақ халқының рухани көсемі екенін тұжырымдайды. Талас жоқ даңқты талғам. Сөз қорытындысы «қазақ демек Абай демек, Абай демек қазақ демек» акциомалық ақлия сөздің мүлтіксіз ақиқат екендігін ешкімде теріске шығара алмайды.

Туғанына жүз жетпіс бес жыл толып отырған дана жайында тереңнен сөз қозғалып, арыдан ой қазығы қағылыпты. Анығы жан-жақты толғанған. Шымыр ой жүгіртіп, салмақты сараптау, мәнерлі пайымдаулар жасаған. Әр мақаланың өзіндік қарымы, қайнары, тамыры, өрісі, өресі, түп негізі боларын ескерсек мазмұн арқауын ұштастыра отырып, ойдан-ойды тудыра білгені менмұндалайды. Сайып келгенде, өзіне тән қыры мен сыры, бағыты мен бағдары бар құнарлы дүние екені анық көрініп тұр.

Елбасы тілге тиек етіп отырған Абай әлемінің сыры күрделі. Әуелі танып білген боласың да, шамалы түйсінген боласың. Соңынан зер салып қарасаң тағы бір тұңғиық дүние кез болады. Кәдімгі Абайдың психологиялық философиясы, философиялық тұжырымдамалары, қарасөздері мен көзқарастары қазақтың қазақи ұлттық қанына, жан және тәніне тұтастай сіңіп қалыптасқан ұлттық психологиялық философиясынан, ұлттық салт, ұлттық таным-сенімінен, ұлттық дәстүрінен, ұлттық идиологиялық сана формаларынан, ұлттық философиялық өмір өркениеттерінен келген деп тұжырымдауға болады.

Абайдың асыл мұрасы күллі адамзатқа тән ұлылықтың, даналықтың, ойшылдықтың, тапқырлықтың қасиетті қазынасы. Бұл ұғым мақаланың өн бойындағы үн. Айтқысы келіп әуелеткен әуен. Сезімтал сананың түпкірінде бұғып кезі келгенде жарылыс жасайтын ұлы түйсік. Содан да «бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол – алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгер-лігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігі-міздің арқасы» (Нұрсұлтан Назарбаев) деп ағынан жарылуы заңды болмақ.

Қалай болмасын болат босағалы елдігіміз бір мезгіл емес, өмір бойына тереңдей зерттеудің, ұлы Абайды танудың барлық шарттарын жасап келеді. Ақынның мерейтойларын үлкен деңгейде атқарып, мағыналы өткізіп отырды. Соның арқасында көптеген әлем елдері Абайға лайықты деңгейде құрметтер көрсетті. Түптеп келгенде мұны қазақ халқына деген құрмет деп түсінуге болады.

Осы мақала еліміздің халқы үшін жетекші түс беріп, үлкен танымға апарар тамаша нұсқаулық секілді. Абай әлемі арқылы бірлік пен ғылымды бойтұмар етуге шақырған құнды дүниедей сезіледі. Бұл шығарманың құндылығын, тартымдылығын, маңыздылығын айтып отырмасақ та, халық өзі оңай түсіне алады. Өйткені мақала мазмұны қайнарларында ой толғамдар сөйлейді де алға сүйрейді. Ойы айқын өрілген, бейнелеу өресі жоғары екені анық.

Бұдан шығар қортынды Абай салған жол қазақ қаны, қазақ иісі, қазақ рухы бар жерде мәңгі өлмек емес. «Абай аманаты» да ұлы ойдың бүгінгі мұрагері, ертеңгі бұйдагері болып табылмақ.

Елтай БИМАХАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы