АБАЙҒА ЖҮГІНУ

621 көрілім

Көктей солып, жанбай сөніп сан арман,
Қажып кейде түңілгенде заманнан.
Жүйкем тозып жүгінемін Абайға,
Манифестей үңілемін Абайға.

Қайран Абай мыңнан жалғыз алысқан,
Надансыңдар деп сөгесің алыстан.
Бақастығын кетпей тұғын қанымнан,
Жүз жыл бұрын айтып кеткен данышпан!

Орнағанмен басымызға азат күн,
Қамыты әлі мойнымызда азаптың.
Бақталастық парақорлық меңдеген,
Мерезі әлі жазылмады қазақтың.

Мәнсіз ойдан мәнсіз сұрақ туындап,
Жыл он екі ай мәжіліс өтер дуылдап.
Басшы сөзін өзіне айтар қайталап,
Алып-қосар пікірі жоқ шуылдақ!

Сыршыл ақын сырты мұздай, іші от,
Көптің азда, бардың жоқта ісі жоқ.
Сыртынан тек сыбыр-сыбыр әкімнің,
Шаршы топта шындықты айтар кісің жоқ.

Үрген қарын үстіндегі үрген доп,
Міңгірлейді бірдеңені білген боп,
Қазына мүлкін қарақшыға таратып,
Жұрттың қамын ойлағансып жүрген көп.

Ел билеуге жаны құмар жуандар,
Өз пайдасын, өз мансабын қуғандар.
Өзін дана дегізе алмай дертті жүр.
Құнанбайсыз Абай болып туғандар.

Н.НАЗАРОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістантанушы,
Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы