Біздің сұхбат Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Рахила ҮРІМОВА: ЕҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМЫМ – БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ

1  511 көрілім

-Рахила Кенжебекқызы мектепті бітірген түлектердің қандай оқу орнына түскені туралы айтып өтсеңіз? Былтырғы жылға қарағанда биыл қанша түлек оқуға түсті. Оның ішінде жергілікті оқу орындарына түскені қанша?

-Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясын 2019-2020 оқу жылында 11 сыныпты 77 оқушы бітірді. Оның ішінде 51 оқушы қазақ бөлімін, 26 оқушы өзбек бөлімін бітіріп шықты. Оқу жылы соңында 41 оқушы ҰБТ-ға барып, өз білімін сынады. Бүгінгі таңда бітірушілерімізден 36 оқушы жоғары оқу орнына, 15 оқушы колледждерге грант арқылы оқуға түсті. Былтырғы оқу жылы 82 бітірушіден 57 оқушы оқуға түскен болатын.
Бітіруші түлектердің басым бөлігі жергілікті оқу орындарын таңдаған. Атап айтар болсам, 21 оқушы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға, 4 оқушы қаламызда жаңадан ашылған Халықаралық туризм және меймандостық университетіне оқуға түссе, 4 оқушы Алматы қаласында, 6 оқушы Шымкент қаласында, 1 оқушымыз Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды.
13 оқушымыз қаламыздағы колледждерге, 1 оқушы Шымкент, 1 оқушы Нұр Сұлтан қаласындағы орта арнаулы оқу орнына грант арқылы оқуға түсіп отыр.

-Биылғы мектеп түлектеріңіз қандай мамандықты көп таңдады ?

-Биылғы бітірушілердің ішінде жоғары оқу орындарында педагогикалық, арнаулы орта оқу орындарында медицина мамандығын таңдағандарымыз көп болды. Айтар болсам, педагогикалық мамандықты 17 оқушы, медицина мамандығын 12 оқушы, дене шынықтыру және спорт мамандығын 5 оқушы, заңгерлік, техникалық, саясаттану мамандығын 4 оқушы, туризм, өнер мамандықтарын 2 оқушы таңдады.

-Рахила Кенжебекқызы өзіңіз көп жылдар қалалық білім бөлімінде білікті әдіскер қызметін атқарып, білім ошақтарының білім сапасын бақыладыңыз? Осы орайда қоятын сауалым, оқушылардың білім сапасын арттыру туралы ойыңыз өзгерді ме? Биылғы ҰБТ көңіліңізден шықты ма? Өзіңіз басқаратын мектептің түлектері сыннан сүрінбей өтті ме?

-Иә, дұрыс айтасыз, Түркістан қалалық білім бөлімінде 16 жыл әдіскер қызметін атқардым. Өзіңіз білесіз, аталған салада үздіксіз қазақ тілі мен әдебиеті саласына жауапты болдым, сондықтан негізгі бағытым – білім ошақтарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мемлекеттік білім стандарына сай дұрыс берілуін, ұлттық мектептерде мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту саясатының дұрыс жүзеге асырылуын қадағалау болды. Бұл бағыттағы жұмыстарым нәтижелі болды деп айта аламын.
Ал қазіргі мектеп директоры ретінде жауапкершілік мүлдем күрделі деуге болады. Себебі мектеп директорының құзіретіне тек білім сапасын арттыру ғана емес, қаржыны дұрыс игеру, материалдық базаны нығайту, кадрмен жұмыс т.б. жұмыстар жүктелген. Әрине, білім ордасы болған соң басты бағытымыз – оқушыларға білімнің сапалы берілуін қадағалау. Ең негізгі ұстанымымның өзі – гимназия-мектебінің білім сапасын арттыру, оқушыларға «гимназия» статусына сай сапалы білім беру. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарып жатырмыз. Мектеп-гимназия қазіргі таңда 2 жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебімен келісім шарт негізінде жұмыс жүргізуде. Ұстаздарымыз НЗМ педагогтарымен тәжірибе алмасып, оқушыларға білімді терең игертудің түрлі әдіс-тәсілдерін үйренуде.
Биылғы оқу жылында ҰБТ көрсеткіші 73,78 балды құрады, өткен жылы 79,12 балл болған болатын. Өткен жылмен салыстырғанда білім сапасы -5,34 балға төмендеп отыр. Бұл көрсеткіш гимназия мектебі үшін қанағаттарлық көрсеткіш емес. ҰБТ қорытындысы бойынша биылғы меже – 85 балл болатын. Бұл орайда әлемдік короновирус инфекциясының елімізде кең таратуына байланысты мектептерді қашықтан оқыту барысы да оқушыларымыздың білім сапасына кері әсерін тигізді деп айта аламын. Себебі 4-тоқсанда бітіруші түлектеріміздің білім деңгейін толықтыру үшін дайындық сабақтарды өткізу, сынамалы тесттерді апта сайын алып, қатемен жұмыс жүргізу қиын болды. Дегенмен, біз үшін бұл – сылтау емес. Алдағы мақсатымыз – қашықтан оқыту барысында түрлі платформаларды пайдалану арқылы да 11 сынып оқушыларының білім көрсеткішін белгіленген межеге жеткізу. Бұл бағытта дайындықтарымызды бастап та кеттік.
Айта кетуім керек, мектеп ата-аналары бізге өз балаларын аманат етіп, осы мектепте оқу арқылы болашағы жарқын болады деп үлкен сеніммен тапсырған соң, алғашқы кезекте сол сенімнен шығып, аманатқа қиянат жасамауымыз қажет деп ойлаймын.

-Мамандық таңдау туралы ой-пікіріңізді айта кетсеңіз? Заман ағымына сай қай мамандыққа сұраныс көп болады деп ойлайсыз?

-Расын айту керек, балаларымыз 11 сыныпқа келгенде ғана мамандық таңдап жатады. Осы орайда мектепте кәсіби бағдар беру жұмыстарын дамытуымыз керек. Бұл да – біздің ақсап тұрған тұсымыз. Менің ойымша, баланы мамандыққа төменгі сыныптан бастап бейімдеу жұмыстары жүйелі жүргізілу керек. Баланы кәсіби бағытқа дайындауда ата-ана, психолог және мұғалім арасындағы үштік одақтың жұмысы жүйеленбейінше, біз нәтижеге жете алмаймыз. Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі қоғамда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары, сол мамандықтарға балаларды тартуымыз керек. Соңғы жылдары елімізде техникалық, ақпараттық-технологиялық мамандықтарға сұраныс жоғары. Биылғы жылы педагогикалық мамандықтарға да сұраныс біршама жоғарылап отыр.

-Қазіргі таңдағы қашықтан оқыту туралы айтып өтсеңіз?

-Биылғы 2020-2021 жаңа оқу жылын ерекше форматта, тағы да қашықтан оқыту форматында оқуды бастап кеттік. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес, 4-тоқсанда қашықтан оқыту барысында жіберілген кемшілікті болдырмау мақсатында, шілде айынан бастап дайындық жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, қашықтан оқыту барысында оқушыларды техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін сынып жетекшілер арқылы барлық оқушылардың отбасы жағдайын, өзінің жеке планшеті, смартфоны, компьютері бар деген мәліметтер базасын жинақтадық. Тамыз айынан бастап барлық педагогтарды кезең-кезеңімен 100 пайыз қашықтан оқыту курстарынан өткіздік. Мектеп биылғы оқу жылында «Онлайн мектеп» платформасымен келісім шартқа тұрдық. Осы платформамен жұмыс жасау курстарынан да мұалімдерді өткіздік. Қазіргі күнге дейін оқушыларға білімді осы платформа арқылы беру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда 151 балаға планшет, 45 балаға мектеп компьютерлерін уақытша пайдалануға беру жұмыстарын үйлестірудеміз. Әрине, бір ғана смартфонға немесе планшетке қарап отырған көп балалы отбасыларымыз көп, сондықтан алдағы уақытта тағы да қамтамасыз ету мақсатында қалалық адами капиталды дамыту бөліміне сұраныс беріп отырмыз. Әрине, мұның бәрі уақытша қиыншылық деп ойлаймыз. Қазіргі таңда балаларды қашықтан оқытсақ та, білімнің сапасын әлсіретіп алмау бағытында кешенді жоспар әзірлеп, жұмыс жасаудамыз. Жеке оқушымен жұмыс түрлері қашықтан оқыту арқылы да жүзеге асырыла береді. Сондықтан бұл қиындықты да педагогтар қауымымен бірлесе еңсереміз деген ойдамыз.

Сұхбаттасқан: Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы