АҚМОНШАҚ

1  526 көрілім

Бүгін мен күндегіден ертерек тұрдым. Оныма себеп бар кеше Салтанат берген моншақты сөмкеме салып қоюым керек. Жылтыраққа онша әуестігім болмағанмен әйел емеспін бе? Мен де бір алтын тағып барып көрсетейінші деп шешкен түрім ғой. Өзімде осыған сай келетін сырға бар еді. Қойшы оны іздейтін уақыт жоқ. Жоқ дегеніме ешкім сенбейтін шығар деп өзімді-өзім іштей иландырып қоямын.

Сағат 8-ден асып қалыпты. Жұмысқа жеткенше бақандай 20-30 минут керек. Сөмкеме моншақты қорабымен сала салдым. Қос келінім болғанын қайтейін. Осы үйдегі бас келін де, жасы да қазірше өзім болып тұрмын. Олар бөлек отау болып тұрғысы келді. Үлкенімен де, кішісімен де екі жылдан аса бірге тұрдық. Үлкенінің еншісін беріп үй салып шығарып салдық та, кішісін қара шаңыраққа қалдырып екеуміз жаңа үйге көшіп келіп бас шаңырақ құрып отырмыз.

Бұның бір пайдасы сенетін ешкім жоқ болғасын таңертең киетін киімімді кештен дайындауға дағдыландым. Бір жағынан бөлек тұрғанның пайдасы олар өздігінше өмір сүруге талпынғанына ішім жылиды. Біраз талпынсын түбінде кіші ұлмен еншіміз бірге.

Кабинетке кірген соң моншақты жайлап сөмкеден шығарып мойныма салып көрдім. Жарасатын сияқты. Мойнымда лық-лық етіп қозғалса тербеле ме қалай өзі. Асау моншақтарды бір-біріне еріксіз бұғаулап, жіпке тізіп бас білдергенге ұқсайды. Қозғалған сайын бұлқынып аунап-аунап түседі. Биіктен төмен қараған  тәкаппар бойжеткендей әр қимылымен сылаң қағады. Кербез еркелейді. Мені көрдің бе деген сыңай танытады. Жібінің бір шеті үзіліп кетсе болғаны еркіндік іздеген ерке моншақтар омыраудан домалап алып жан-жаққа жайылып кетуге дайын тұр.

Туасы мен киім кигенді жақсы көргенмен әшекейлерге мән бермеймін. Анда-санда той-жиынға барарда білінер-білінбес етіп бояу жақсам да тура бір грим жағып алған әртістерге ұқсап кетем. Сондықтан бояудан алысырақ жүрем. Моншаққа көз тігіп ойланып отырмын. Маржан моншақтың талай түрін әуестеніп кезінде тағып талайы үзіліп қалған кездері болды. Мынау моншақ өзі баданадай іп-ірі, жұп-жұмыр ерекше аппақ екен. Моншақ Салтанаттың өзінен аумайды-ау, рас аумайды. Моншақтың келу тарихы қызық. Өзі бір ойламаған жерден болды.

Осыдан екі жыл бұрын бұғанамдағы, білегімдегі құрсаулап қойған темір шегелерді алдырып тастауға ауруханада жатқан болатынмын. Сөйтсем, сол жерде Күлиямен бір палатада Салтанат жатыр екен. Операциядан шыққаныма бір-ақ күн болған. Таңертең ерте сағат сегіз болмай жатып Салтанат жетіп келіпті. Өзім таң қалдым. Күлиядан естідім деп жаным, жаным деп іші бауырыңа кіріп жағдай сұрап жатыр. Туасы Салтанат ақкөңіл елпілдеп қалған ешқандай шаршауды білмейді. Топ-толық, жұп-жұмыр денесі өзіне жарасады. Шапшаң қимылдайды. Үнемі сөйлеп күліп жүреді. Қып-қызыл етіп ернін бояп алады. Еріндері тұп-тура роза гүлдің бутонынан бір аумайды. Ернін тістерімен ауық-ауық тістелегенде, ерні дымқыл тартып, қып-қызыл бутонға енді ғана су бүркіп кеткенге ұқсап, онсыз да әдемі реңі ажарлана түседі. Ешкімге ұқсамайтын әдемі келіншек.

Мен үшінші қабаттамын. Мың жасағыр Мұқанның арқасында бір палатада жалғыз өзім жатамын. Көрсеткен құрметіне рахмет. Мұқанды біреу түсінеді. Енді біреу түсінбейді. Өз басым қатты сыйлаймын. Кез-келген адамның алдында жәркелештенбейді. Өзінің қадірін, бағасын біледі. Ауруханадағы темірдей тәртіп, мұнтаздай тазалық, дәрігерлердің ауруларға жасап жатқан ем-домын айтпағанда, қабырғалардағы ерекше дизайнмен салынған өнер туындыларының әрқайсысы орны-орнымен ілініп тұруы тек Мұқанның талғамының биіктігі. Әйтпесе небір клиникаларды осы теледидардан мақтап көрсетіп жатады ғой. Осы клиника солардан артық болмаса ешқандай кем емес. Мұқанның тұсында не деген жаңа медициналық қондырғылар алынып, дәрігерлер білімін жоғарылатуға өзге елдерге барып тәжірибеден өтті. Басына түспесе ешкім білмейді. Әрине, айтуға оңай. Біткен іске сыншы көп, басқалар неге осылай істемеді. Әжем марқұм айтушы еді «Мал тапқанша есеп тап» деп. Мұқан жұмысты осылай дөңгелетіп жүргізіп отырған білікті басшы еді ғой. Әлі есімде 2016 жылғы желтоқсанның он жетісі түнгі самолетпен Ақеркемнің денесін алып келгеніміз. Аэропортта жедел жәрдеммен бізді Мұқан күтіп алды. Қалай ғана ұмытарсың. Ол да кетті ғой мәңгілікке. Алдамшы дүние-ай.

Кеш болғанына қарамастан, қой, ұятты қос келіншектің жағдайын білмесем болмас деп төртінші қабатқа көтерілдім. Күлия да, Салтанат та аспа уколдарын алып жатыр екен. Салтанат уколдан тұра салып жалма-жан сіздерге Жеңіс Ысқақова «Жақсы жатып, жайлы тұрсын»- деп телефоннан ән салып береді. Қазір сөйлесемін тыңдаңыздар деп телефонмен екеумізді таныстырып үлгерді. Сол-ақ екен Жеңіс шырқап қоя берді.

«Жайраңдап жазда ағатын еді,

Есімде қайран Сыр Сұлу,

Таңертең сонда баратын еді,

Толқынға құмар бір сұлу.

         Аңсатса Сыр өңірі,

         Ән тербер жүрегімде,

         Қайран сол Сыр сұлуы, – деп қайырмасын бітіргенде, Жеңістің көмейінен шыққан ән толқын-толқын болып ақкөбіктеніп шалқақтап барып айналаға мап-майда ақ тамшыдай тарап бара жатты. Шәмшінің «Сыр сұлуын» шырқағанда аспанда қалықтаған әнмен бірге Жеңіс те биікке самғап барып, ән біткен кезде баяу орнына қонатындай көрінеді. Жеңіс әннің қайырмасына келгенде қанатын серпіп-серпіп еркін самғаған құс патшасындай әуеде қалқып бара жатқандай, ән біткен кезде күміс бұлттардың арасына кіріп кеткендей әсер қалдырады. «Сыр сұлуы» орындаушысын тапқан ән. Ән айтқанда Жеңістің көмейі көрінеді. Онысы өзін одан сайын тартымды етіп жібереді.

Жеңістің туған жерге деген махаббаты қасиетті Шәмші әнінің құдіретімен астасып, үндесіп тіл табысқанын ішкі дүнием сезіп керемет күй кешіп отырмын.

Нағашы әжемнің қолында еркелеп өскен балалық шағым көз алдымнан тізбектеле жөнелді. Әнің қалықтай берсін, Жеңіс сіңлім, тірі болсақ бір кездесерміз.

Әуелеп барып ән бітті. Бір сәт ойланып кетіппін. Салтанат тұрып шәй қойды. Шәй қайнағанша Күлия екеуі әшекейлер сатып алған екен. «Мынау қалай» деп ақмаржан моншақты көрсетті. Не деймін «Жақсы екен» деп аузымды жиып үлгермей жатып, ендеше «Бұл Сізге сыйлық» дегені. Басы жоқ, аяғы жоқ біртүрлі ыңғайсыз екен. Жоқ керек емес деп қашқақтағаныма қарамастан мойныма тағып жібермекші. Күлия моншақтың ілгішін таба алмай біраз әлектенген соң, кейін тағам дедім де, моншақты Салтанат жатқан кереуеттің тумбасының үстіне қоя салдым. Ондағы ойым байқатпай қалдырып кетпекшімін. Отырып шәй ішіп болған соң кетуге бет алғаным сол еді. Салтанат шығарып салам деп ілесе шығып әлгі моншақты әкеліп қолыма ұстатты. Енді қарсыласқанымның артық екенін түсініп моншақты ұстаған бойы палатаға оралдым. Ізетке найза бойламайды деген осы да. Бәрібір бекер алдым ба деген ой біраз уақыт мазалап жүрді. Тақпасаң тағы да ыңғайсыз.

Міне, бүгін реті түсіп ақмоншақты тағып мәжіліс залында отырмын. Күлия да келді. Сол жолғы сатып алған маржан тасты, сырғасы мен сақинасын тағып алыпты. Жарасып тұр. Тура бір уәделесіп алған сияқтымыз. Моншақты көріп ауруханадағы болған жайт есіне түскен шығар. Моншаққа көзім түскен сайын ойыма аршыған жұмыртқадай аппақ моншақтай жұп-жұмыр, әдемі Салтанат орала берді. Орала берді. Өмір осындай тосын сыйларымен қызық-ау… «Ізетке найза бойламайды» деген осы. Мойнымдағы моншаққа тағы да көзім түсіп кетті.Қазағымның мәрттігі-ай. Ақмоншаққа қарап Салтанатты көріп тұрғандаймын.

Салтанат-Ақмоншақ, Ақмоншақ-Салтанат деп Салтанатты Ақмоншаққа, Ақмоншақты Салтанатқа ұқсатып далаға шығып, терең тыныстап дем алдым.

«Аңсатса сыр өңірі, Ән тербер жүрегімде» деген Жеңістің күміс даусы құлағымнан кетер емес. Құлағымдағы әуен менің де көмейіме құйылып толқындап шығып жатыр. Барша қазаққа ән салдырған неткен құдірет. Толқынға құмарлықтың сырын енді ұққандаймын.

Қалима ЖАНТӨРЕЕВА,

«Nur Оtan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы