«АЛЖИР» АЗАБЫ

2  200 көрілім

Алжир – ең ірі әйелдер лагері және «ГУЛАГ-тың» үш архипелагының бірі болған. Сонау 1937 жылы ашылған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында Алжир атанып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 26-шы нүктесі болып құрылған осынау «тозақ» орталығында небір ел жайсаңдарының әйелдері, қыздары мен қарындастары жазықсыздан жазықсыз жапа шекті.

1937 жылдың 15 тамызында КСРО Ішкі істер халкомы Николай Ежов «халық жауларының» әйелдері мен балаларын «репрессиялау» туралы жарлыққа қол қойып, осылайша сталиндік репрессияның құрбаны болған «халық жауларының» әйелдері мен балаларын қамауға алу бірден қолға алынды. Барлық әйелдерді оның ішінде екіқабат, қарт кісілер мен ауыр сырқатты әйелдерді де қамауға алды. Сот және тергеу болмаған – үйін тінтіп, мүлкін тәркілеп, ештеңені түсіндірместен, «контрреволюциялық жұмыстарға қатыстым» деген қағазға қол қойдырып алып айдап кете берген. Егер көнбей бас тартатын болса, оларды камераға тығып, азаптаған. Осылайша, Алжир лагеріне жан-жақтан түрлі тағдыр тауқыметін арқалаған әйелдер жинала бастады.

Алжир лагерінде С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Шанин, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, С.Меңдешов, М.Тәтімов, Ж.Сәдуақасов, С.Есқараев, С.Асфендияров, Н.Нұрмақов, Н.Төреқұлов т.б көптеген белгілі адамдардың әйелдері болды. Сонымен бірге Ресейдің барлық жерінен түрлі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері де болды. Лагерьге келгендер өздерінің тектерінен, ұлттарынан, мансап пен мамандығынан айрылып, оларға бір ғана «халық жауының әйелдері» деген ортақ атау берілді. Лагерь тұтқындарын түрлі шаруашылыққа пайдаланды. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын жүргізді. Шаруашылықтан алған өнімдердің барлығын сыртқа жіберіп отырды. Соғыс жылдарында мұнда тігін фабрикалары жұмыс істеп, майдандағы әскерлерді киіммен қамтамасыз етті. Лагерь тұтқындары шаруашылықтың барлық түрімен айналысқанымен өздеріне берілмегендіктен, тұтқындар аштықтың азабын тартып, адам өлімі де көп болды.

2007 жылы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алжир лагерінің бұрынғы орнына мемориал-музей ашылып, зұлмат заманның тарихы қазіргі қоғамға таныстырылуда. Музей Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Малиновка қазіргі Ақмол поселкесінде орналасқан. Сол бір зобалаң заманда тағдырдың тауқыметін тартқан әйелдердің есімдері тарихта мәңгіге қалуы тиіс.

Роза НЫШАНБАЕВА,

Түркістан қаласындағы Нәзір Төреқұлов атындағы музейдің аға ғылыми қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы