«БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢАШЫЛДЫҚ «БІЛІМ БЕРУ ЕМЕС, БІЛІМ АЛУ» КРЕДОСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛА БАСТАДЫ»

1  136 көрілім

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жалпыұлттық карантин енгізілгеннен кейін көп дүние өзгерді. Ең алдымен оқу орындары қашықтықтан білім беру жүйесіне көшті. Бұл жүйе барлық білім саласы үшін сынақ болды деп айта аламыз.

Ал, іс жүзінде ұстаздар мен оқушылар бұл өзгеріске қалай бейімделді, қашықтықтан білім берудің артықшылығы мен кемшілігі жөнінде қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы Батырбековамен сұхбаттастық.

– Ақмарал Үсенқызы, қашықтықтан оқытудың жаңашылдықтары мен қиындықтары жайлы айта кетсеңіз. Бұл кезеңнің сіздер үшін ауыртпалығы қаншалықты болды?

– Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты барлық жалпы орта мектептерімізде 4-тоқсанда оқушыларымызға қашықтықтан оқыту ұйымдастырылғаны өздеріңізге белгілі. Қаламызда қашықтықтан оқыту форматы 3 бағыт бойынша жүзеге асырылды. Бірінші бағыт – теледидар арқылы сабақтар көру. Бұл бағытта оқушыларымыз «Ел арна», «Балапан» телеарналары арқылы тиісті сабақ кестесі бойынша сабақтар көрді. Әрбір сабақтардан соң, пән мұғалімдері оқушылар орындаған тапсырмаларды қадағалап, кері байланыс жасай отырып, білімдерін тиянақтады.

Екінші бағыт – интернет желісі арқылы жүргізілген жұмыс. Бұл бағытта мектеп ұстаздары бірнеше интернет платформалардан дайын сабақтарды жүктеп, оқушыларға ұсынып отырды. Әрбір сабақтан соң мұнда да оқушы тапсырмасы тексеріліп, кері байланыс берілді.

Үшінші бағыт – мектеп ұстаздарының өздері дайындаған бейне сабақтары арқылы да сапалы білім берілді. Бұл бағытта шығармашыл, тәжірибелі ұстаздардың сапалы сабақтарын ерекше атап өтуге болады.

Әрине, кез-келген жаңа нәрсенің басында қиындығы болары анық. Қашықтықтан оқыту басталған уақытта интернеттің баяулығы, оқушыларда смартфон, компьютердің болмауы біраз ата-аналарды әбігерге түсіргені белгілі. Біздің мектептерімізде жетім және жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы ауыр, көпбалалы отбасылар көптеп кездеседі. Осындай отбасыларда смартфон, компьютердің болмауы, көпбалалы отбасында бір ғана смартфонның болуы оқушылардың үздіксіз білім алуына кедергісін жасады. Білім ұйымдары дер кезінде осындай отбасы балаларын зерттеп, тығырықтан шығу жолдарын қарастырды. Мектептеріміздің біразы оқушыларды мектеп компьютерлерімен уақытша қамтамасыз етті, демеушілердің көмегімен кейбір мектептеріміз смартфондар алып берсе, кей мектептер әлеуметтік жағдайы ауыр отбасы балаларының смартфондарын ғаламтор желісіне қосылуына жағдай жасады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көп болып атсалысудың нәтижесінде біз бұл кедергіні де абыроймен атқара білдік деп ойлаймын.

– Қашықтықтан оқытудың жүктелген жүйесін қалыпқа келтіруге мүмкіндік болды ма? Ұстаздар мен оқушылардың бейімделуі қалай өрбіді? Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– Қашықтықтан оқыту жүйесі біздің оқушыларымыз бен ұстаздарымызды жаңа қырынан аша түсті деп айта аламын. Мектеп басшыларымен сұхбат барысында байқағаным, қашықтықтан оқыту барысында оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы жоғары деңгейде болған. Дәстүрлі сабақ кезінде көп сөйлемейтін, тұйық оқушыларымыз қашықтықтан оқыту барысында өз белсенділіктерін таныта алған. Сыныптастары мен пән мұғалімінің кері байланысын дұрыс қабылдай біліп, келесі жолы одан керемет нәтиже шығаруға ұмтылыстары болғаны бізді қатты қуантты.

Қашықтықтан оқыту форматының жаңашылдығы мұғалімдерімізді интернет платформалар арқылы жұмыс істей алуға, цифрлық ресурстарды тиімді қолдана білуге үйретті деп айта аламыз. Сонымен қатар, шығармашыл ұстаздарымыз бейнесабақтар түсіру арқылы өздерін тағы бір қырынан аша түсті деуге болады. Ата-аналардың да осы жағдайға түсіністікпен қарап, балаларының сапалы білім алуына барлық жағдай жасағанына, баласының сабағын күнделікті қадағалап, ұстаздарына үлкен сенім артқандығына алғысымды білдіргім келеді. Мен мұнымен мұғалімдеріміздің тәжірибесі мен оқушылардың белсенділігі артқандығын, ата-аналардың да ұстаздармен тығыз байланыс орнатып, біріге жұмыс жасағандығымызды осы жүйеде қол жеткізген табыстарымыз деп айтқым келіп отыр.

– Оқу жылы аяқталуда. Мектеп оқушылары емтихан тапсырады ма? Қашықтықтан оқытуға байланысты емтихан тапсыруда да өзгерістер бар ма? Осы жайында толық айта кетсеңіз.

– «2019 – 2020 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №177 бұйрығына сәйкес, биылғы оқу жылының соңында мектеп оқушылары сыныптан-сыныпқа көшу емтихандарын тапсырмайды, тоқсан соңында алынатын тоқсандық жиынтық бағалаудың қорытындысы бойынша жылдық баға шығарылып, келесі сыныпқа көшіріледі. Сол сияқты 9 және 11-сыныптардың білім алушылары қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырмайды, оларға аттестат ағымдағы оқу жылының жылдық бағалары негізінде беріледі.

– Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ тапсыру сынағы, яғни өте маңызды шара күтіп тұр. Елімізде қашықтықтан оқыту қолға алынуына байланысты қазіргі уақытта көпшілікті «ҰБТ өтпеуі мүмкін бе? Әлде оның форматы өзгере ме? Бұл шаралар қандай режимде, қалай өтеді?» деген сұрақтар мазалап жүргені анық. Көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берсеңіз.

– Иә, мектепті бітіріп, білімін жоғары біліммен ұштастыруға ниет білдірген оқушыларымыз үшін ҰБТ тапсыру кезеңі жақындап келеді. Өзіңіз айтқандай, бұл түлектер үшін өте маңызды кезең. Биылғы жылы біздің мектептерімізді 1507 оқушы бітірсе, солардан 1150 оқушы тест тапсыруға өтініш білдірген. Әзірге ҰБТ өтетін уақытында да, өткізу форматында да ешқандай өзгеріс жоқ. Өткен жылғы жүйе сақталып отыр. Республика бойынша оқушылар 20 маусым мен 5 шілде аралығында ҰБТ тапсырады. Мектептердің басшылары мен ұстаздарымыз бітіруші оқушылармен онлайн жүйеде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондықтан бұл орайда алаңдауға негіз жоқ. Сонымен қатар, биылғы жылғы түлектерімізден 114 оқушы «Алтын белгіге», 46 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер екендігін де айта кетейін.

– Жалпы биылғы мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады ма?

– Әрине, соңғы қоңырау әсіресе бітіруші түлектер үшін ерекше сәт екендігі баршамызға белгілі. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан қорытынды аттестаттау емтихандарының биыл өткізілмейтінін ескере отырып, 11 сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру іс-шарасын 3-4 маусымда өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл күндері мереке аясында салтанатты түрде аттестаттар табысталады және мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады. Іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында, ашық алаңда, қонақтарсыз, тек бітірушілердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтіледі. Салтанатты бөлімнен кейін барлық мектепте ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарлануда.

– Мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуға байланысты жалпы білім саласында орын алған өзгерістер жайлы айта кетсеңіз.

– Жалпы қашықтықтан оқыту білім саласына үлкен жаңалықтар алып келді деп айта аламын. Себебі, ең алдымен оқушылардың өз бетінше іздену қабілетін арттыру бағытында жұмыстар ұйымдастырылды. Бұрындары күнделікті тек мұғалімнің берген біліміне ғана қарап отыратын оқушылар енді қаншама онлайн платформалар арқылы қажетті білімді терең игеруге мүмкіндік алды. Қаншама ұстаздарымыз онлайн платформалармен жұмыс жасау қабілеттерін арттыра бастады. Пән мұғалімдерінің оқушылармен, ата-аналармен күнделікті кері байланыс жасау арқылы қарым-қатынасы күшейді. Сондай-ақ, ата-аналардың белсенділігі де арта түсті. Өз баласының келешегіне алаңдаған әрбір ата-ана білімнің сапалы алынуына баса көңіл бөле бастады.

Бұл жерде үлкен түйінді мәселе, қазіргі заманғы білім беру жүйесіндегі жаңашылдық «білім беру емес, білім алу» кредосы жүзеге асырыла бастады.

– Дәл қазіргі таңда білім саласындағы ең өзекті мәселе ретінде нені айтар едіңіз.

– Адам білім үшін емес, білім адам үшін оқу-тәрбие процесін ізгілендіру, ізгілік принциптерінің қайта түлеуі арқылы жүзеге асырылуы тиіс, сонда ғана білімнің беделін арттыруға, білім беру саласының мемлекет пен қоғам өміріндегі басым мәртебесін нақты орнатуға болады. Осыған орай жеке тұлғаның сұраныстары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, нәтижеге бағдарланған білім жүйесін қалыптастыру қолға алынуда. Сапалы білім беру арқылы білікті маман даярлау халықаралық білім кеңістігіне енуде өркениеттілік белгісі әрі заман талабы десек, артық емес. Әлемнің ұстазы Аристотель: «Білім алушы жас жетістікке жетем десе, артында қалғанды күту емес, алдағыны қуып жетумен айналысу керек» деген екен. Бүгінгі күні алдымызда түрған ауқымды міндеттердің бірі – сапалы білім беру арқылы үздіксіз білім берудің ұлттық моделін жасап, жаңаша ойлайтын жас буынды қалыптастыру. Сонымен қатар, білім сапасы тәрбиемен ұштасқанда ғана ұлт, мемлекет және халық мүддесіне қызмет етіп, қоғам өзінің рухани дамуында үлкен серпіліс жасамақ. Сондықтан жас буында ұлтжандылықты қалыптастыру – жаппай жаһандану заманында ұлттық үрдістерімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы.

– Биылғы жаз айлары балалар үшін қалай өтеді?

– Біз балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша жылдағыдай өз жоспарымызды жасап отырмыз. Өскелең ұрпақтың демалысын, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерлердің жұмысын жүйелендіру біздің күн тәртібіміздегі мәселелердің бірі. Біз бүгінде Кентау қаласы, Оранғай ауылдық округі, «Құшата» елді мекенінде орналасқан балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагерін іске қосу мүмкіндігін қарастырудамыз. Жоспарымыз жүзеге асса, лагерде 6 ауысымда 900 баланың демалуы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, бөлімге қарасты мектептерде оқушыларды күндізгі лагерлерге қамту қарастырылған. Жоғарыда айтқанымдай, бұл әзірге біздің жоспарымыз. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша бүгінгі күні объектілерді, оның ішінде балаларды сауықтыру лагерлерін пайдалануға беру тәртібі мен қағидаларының алгоритімі әзірленуде. Сондықтан бұл орайдағы барлық мәселелер алдағы уақытта нақты шешімін табады.

Сұхбаттасқан:

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы