ТАБИҒИ ГАЗ КІРГІЗУ ҰҚЫПТЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

1  937 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап айтсақ, табиғи газ жүргізілген аумақтағы абоненттердің (көпқабатты тұрғын үйлер мен жер үйлердің) газға қосылу барысы, қала тұрғындарын үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің атқарған жұмыстары, бюджеттің болжамды игерілуі туралы мәселелері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі алғашқы тақырып бойынша инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Н.Жарасовтың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында жеке тұрғын үйлерге газ кіргізу бойынша бөлім тарапынан жоба бойынша әрбір абоненттің жер теліміне дейін газдың жәшігін орнатып беру қарастырылған. Ал, тұрғын үйлердің ішкі газ жүйесін жүргізуге лицензиясы бар «ҚазТрансГаз» АҚ-ның белгілеп берген мына мекемелері арқылы, атап айтқанда «Зенит» ЖШС, «Орион-Р» ЖШС, «Столер» ЖШС, «ҚазМонтажКом» ЖШС, «ЮКС» ЖШС, «Айкаржан» ЖШС, «Gaz Qurylys» ЖШС, «Bult Сар» ЖШС, «НурБакжан» ЖШС, «Пегас» ЖШС, «Kind Estate» ЖШС, «Еркебұлан и К» ЖШС арқылы келісім-шарттарына сәйкес 85000-106000 теңге аралығында әрбір жеке азаматтың есебінен жүргізіледі екен. Қазіргі таңда 2019 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген аумақтарда 2575 үй ішілік монтаж жұмыстары біткен. Ал, 650 үй «ҚазТрансГаз» АҚ-на құжаттарын техникалық шарт алуға өткізсе, 215 абонент толық заңдастырып пайдаланып отыр. Бұл бағытта бөлім тарапынан күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі газ жүйесінің жүргізілуі және пәтерлердің табиғи газға қосылу жұмыстары туралы тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Асанов қосымша баяндама жасады. І-ІІ мөлтек аудандарда орналасқан 74 көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында 3086 пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде 2719 пәтерге «Орион» ЖШС, «KIND ES+AT» ЖШС, «Зенит» ЖШС, «Айкаржан» ЖШС, «Халық Газ Строй» ЖШС мекемелерімен ішкі газ жүйелері жүргізілген. Қазіргі таңда «ҚазТрансГазАймақ» 1882 пәтерге табиғи газ беруде. Ішкі газ жүйелері жүргізіліп газ қосуға дайын тұрған 837 пәтердің техникалық төлқұжаты дайындалса, ал қалған 367 пәтерге ішкі монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндап өтті.

Мәжілісте бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС бас инженері Ғ.Қойшиев қала тұрғындарын үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында мекеменің атқарған жұмыстарына тоқталса, бюджеттің болжамды игерілуі туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы З.Бимбетова хабарлама жасады.

Жиын соңында қала әкімі Р.Абатұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктер жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін дербес бөлім басшыларына ескертті.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы