ЧЕМПИОН БОЛУ – ЖЕҢІСКЕ ДЕГЕН ЖІГЕРДЕН ТУАДЫ

37 көрілім

Өткен аптада Б.Саттархановты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті. Жастардың өсіп келе жатқанын көріп, көз қуанады. Десе де ринг төріне Түркістанның тарланы шықса делебесі қозатын жергілікті бокс жанкүйерлерінің талантты ұлдарға деген сағынышы аңғарылып тұр. Не айтпағымызды бағамдап отырған боларсыз. Түркістандықтар Бекзаттай ұлды іздейді. 2000 жылы Сидней олимпиадасының төрінде ел мерейін тасытқан Бекзаттан соң Түркістаннан Бек Нұрмағамбетті көріп көз қуанып еді. Бегіміз қазір кәсіпқой бокста тер төгіп жүр. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Ал кешегі жарыста Түркістан қаласының тумасы 57 келі салмақ дәрежесінде Ерәділ Ұзақбай жергілікті жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Тиімді сәтті пайдаланып, суретке түстік жас боксшымен. Болашағына мол табыстар тілеп, спортшыны жерлестері де тани түссін деген оймен төңірегіндегі жақындарын іздедік. Жеңімпаз ұлдың әкесі Ерзақтың қуанышында шек жоқ.

Алғашқылардың бірі болып құттықтап, сөзге тартып едік. Былай дейді:

«Ерәділ екі немесе үш жасында болса керек қолына шұлықты қолғап қылып киіп, бокс стойкасын ұстап тұрғаны отбасымыздағы барлығымыздың әлі күнге дейін есімізде. Содан бастап бокс үйірмесіне береміз дедім. Міне, ойға алған ниетімізді Алла қолдап, ұлымыз шаршы алаңда өнер көрсетіп жүр. Үш жыл қатарынан ел біріншілігінің жүлдегері атанды. Жалпы Ерәділдің бала күнінен спортқа қызығушылығы басым болды. Өзіміз де спорттан алыс емеспіз. Марқұм Бекзат Сатархановпен құрдаспыз. Спортқа бірге барып, дос та болдық. Ол кез балалық шақтың еншісінде қалды ғой. Енді бүгінде өз ұлың болған соң баланың қарымы мен бабына қарайсың, бапкерінің көзқарасын білгің келеді дегендей. Байқағаным осы айтқан мәселелер бір-бірімен ұштасып тұрған сияқты. Содан соңғы уақыттарда ұлыма жігер беріп, ол жарысқа кеткенде тақымды қысып, тілеуін тілеп келеміз. Кейде жеңіліс тапқан кездерінде «спортты қоя сал» деген де кездеріміз болып қалады. Түйінін айтқанда үлкен жетістіктерге жету үшін, көп еңбек керек екенін түсіндіргіміз келетін шығар баламызға. Ол үшін спортшымен бірге бапкері және ата-анасы да еңбек сіңіру керек деп ойлаймын. Осындай мақсатпен өсіп келе жатырмыз қысқасы.

Соңғы уақытта ұлым Б.Саттархановты еске алуға арналған турнирге қатысатынын айтқан соң бұған дейінгі жетістіктері бір бөлек болды да, осы жарыстың өтетінін естіген күннен бері балама спортшы ретінде қарай бастадым. Оның үстіне салмағы да Бекзат Саттархановтың салмағымен бірдей болып, жауапкершілік жүгі еселене түскендей болды. Қуанышымызға ортақтасып құттықтап жатқан жандарға рахмет. Бәрімізден бұрын атасының қуанғанын айтсаңызшы. Алда әлі талай асулар бар, сол жолда баламыздың бағы жанса екен деймін»,- дейді Ерзақ Ұзақбайұлы.

Бұдан соң спортшыға тәлім беретін «облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» басшысы Дәурен Тәңірбергеновпен тілдестік «Ерәділ болашағынан мол үміт күтіп отырған спортшыларымыздың бірегейі болып табылады», – дейді. Спортшыны баптауда үлкен қажыр-қайрат қажет екенін алға тартқан мектеп директоры Ерәділдің бойында жеңіске деген жігер бар екеніне тоқталды.

Енді жас спортшымызды толығырақ таныстырып өтсек. Ұзақбай Ерәділ Ерзақұлы 2007 жылы шілде айының 7 жұлдызы Түркістан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы №23 IT мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы. Облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінде 2018 жылдан бері, жаттықтырушы Серік Жолдасовтың қарамағында жаттығады. Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы чемпионатының 3 дүркін күміс және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып үлгерді. Кешегі өткен Сидней олимпиадасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, «Барыс» ордені-нің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған XXII Халықаралық жарыстың чемпионы атанды.

ЖАЛПЫ ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ:

Осындай жетістіктерге жетелеп жүрген Ерәділдің бапкері Серік Жолдасовпен де тілдестік: «Ерәділді 2018 жылы әкесі алып келді маған. Бір жылдан кейін облыстық біріншілікте екінші орын алды. Бұдан басқа бірнеше деңгейдегі турнирлердің жеңімпазы. Бапкері ретінде Ерәділдің болашағына үлкен сеніммен қараймын. Себебі бойында алғырлық қасиеті бар, бір сөзді екі етпейді. Сонымен бірге, солақай боксшылығымен ерекшеленеді. Осы уақытқа дейін қаншама шәкірт тәрбиелеп жүрміз ғой, Ерәділдің оларға қарағанда боксқа деген ынтасы, жарыс жолындағы жеңіске деген жігері тіптен бөлек. Талантты ұл. Осындай қырларына қарап, келешекте Түркістаннан шыққан талантты боксшылардың бірі болады деп үміттеніп отырмыз», – дейді жеке бапкері.

Иә, біз бұл жерде Б.Саттархановты еске алуға арналған турнирде өнер көрсеткен өзге жас спортшыларды бөлектеп отырғанымыз жоқ. Мақсаты-мыз – қасиетті шаһардан талантты спортшылардың жарқ етіп шығуын күткен спортсүйер қауымның тілегін жария ету. Жас тарлан Ерәділге тек сәттілік тілейміз. Жолы ашық болсын!

Бұл да бір уақытша кезең шығар жалындап өсіп келе жатқан спортшылар жоқ дей алмаймыз. Боз кілемде атой салған дзюдошы Дидар Хамза, бүгінде кәсіпқой бокста жүрген Бек Нұрмағанбет секілді саңлақтарға өз деңгейінде қолдау жасалып жүр ме деген мәселені айтқымыз келгеннен шыққан сөз ғой. Оларды қанатының астына алып отырған бір спорт мектебі немесе оның басшылығы не істей алсын. Үлкен спортта үлкен есімдердің жүретіні сияқты жас таланттарды көрген ел ағалары елді дамыту ісін тек экономика, құрылыс салаларымен өлшемей мәдениет пен спортқа да тереңірек көңіл бөлсе екен дейсің осындайда. Елдің еңсесін, рухын көтеретін ең бірінші салалар біле білген жанға осы спортыңыз бен мәдениетіңіз емес пе?

Сөзімізді қорыта келе газет бетіне облыстық Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиада резервінің маманданды-рылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен Сидней олимпиадасының чем-пионы, Қазақстан Республикасына ең-бегі сіңген спорт шебері, «Барыс» ор-денінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған XXII Халық-аралық жарыстың әр салмақтағы жеңімпаздарының тізімін жариялап отырмыз.

М.ӘЛМАХАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы