«САРЫАҒАШТА ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ ЖЕТЕРЛІК…»

117 көрілім

«Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалында «Түркістан облысы мәслихат депутаттарының атқарған жұмыстары» тақырыбында брифинг өтті. БАҚ өкілдерімен кездесуге облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Жәнібек Сүлейменов, Уалихан Рахиев пен Жомарт Абдибаев келіп, өз баяндамаларымен таныстырды. Сарыағаш ауданы атынан сайлауға түсіп, аймақтың мәселесін көтеруді міндетіне алған халық қалаулылары жеке-жеке жұмыстарын баяндап, атқарған істерін жеткізді.

Алғашқы болып сөз алған Алмас Алтайұлы облыстық мәслихат депутаты болып сайланған уақыттан бері біршама игі істердің басы-қасында болғанын айтты. Ол бүгінгі күнге дейін 12 депутаттық сауал жолдап, оның оңтайлы шешім табуына себепші болған. Сонымен қатар, халық қалаулысы жоспарланған қоғамдық қабылдаулардан тыс, тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп тұруға тырсатынын жеткізді. Олардың көтерген мәселелерін құзырлы органдарға жеткізуге, жарты жолдан тоқтап қалмауына мұрындық болып жүргенін айтты Алмас Салимов.

Келесі болып өз баяндамасын таныстырған Уалихан Рысбекұлы да біршама түйіткілді мәселенің майшаммен қаралуына түрткі болғанын соның ішінде, білім саласындағы ақсап тұрған мәселелерді, сапасыз жүргізілген құрылыс жұмыстарын көтеріп жүргенін тілге тиек етті. Мәселен, Сарыағаш ауданына қарасты Жылға елді мекеніндегі №56 мектептің абаттандыру жұмыстарын, Ынтымақ елді мекеніндегі №8 С.Айни атындағы жалпы орта мектептегі күрделі құрылыс жұмыстарын сынға алып, мердігерлерге нақты тапсырмалардың берілуіне ат салысқанын жеткізді Уалихан Рахиев.

Сарыағаш ауданындағы қордаланған мәселелердің өз шешімін табуына қызмет жасап жүрген Жәнібек Мұстапаұлы да алдағы жоспарларымен бөлісті. Депутат аудан тұрғындарын алаңдатқан қиындықтарды жасырмай айтып, ауыз су мен ағын су, жайылымды жер мәселелерін тиісті орындарға жеткізіп, түйіннің күрмеуін ағытуға барын салып жүргенін байқатты. Халық қалаулысы өз сөзінде «Сөздің ашығы керек, Сарыағашта қордаланған мәселе жетерлік. Алдағы уақытта бұл қиындықтардың да шешілетініне сенім білдіре отырып, журналистерді бірлесе қызмет жасауға шақырамын»,- деп ағынан жарылды.

Халық қалаулыларының бұл жолғы кездесуін түйіндеген Жомарт  Махамаджанұлы бүгінгі күнге дейін 4 депутаттық сауал жолданғанын және оның екеуі өз шешімін тапқанын айтты. Қалған екі мәселе алдағы уақытта қаралады деп сендірді.

Брифинг соңында журналистер облыстық мәслихат депутаттарына сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы