ТҮРКІСТАННЫҢ ТҮЛЕП ҰШҚАН ТЕКТІ ҰЛЫ

631 көрілім

«Біз түркістандықтармыз»

Мен «Түркістан» газетін үзбей оқимын. Киелі шаһарымыздың жылнамашысы болғандықтан, әрбір мақала мен очерктерде туған қаламызды көркейту, атына заты сай түркі дүниесінің рухани орталығы болуы жолындағы өмірі мен ісімен өзгелерге үлгі болған даналарымыз бен күні кешегі мемлекеттік қайраткерлерімізді, қазіргі замандастарымыздың бейнесін ашып, жұртшылыққа жарқырата көрсету перзенттік парызымыз.

 Осы орайда төл басылымымыздағы «Біз түркістандықтармыз» айдарымен шығатын мақалаларды сүйсіне оқимын. Онда шынайы, ойлы материалдар берілсе екен деп ойлаймын. Мен де өз ойымдағы мына мәселені тілге тиек етейін.

Мен денсаулық саласында көп жыл қызмет еткен соң, Түркістан өңірінде көптеген танымал басшылармен, қосшылармен де қызметтес, табақтас та болдым. Солардың ішінде інілік ізеттілігімен, мемлекетшілдігімен, түркішілдігімен есімде қалғаны Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов. Бұл кісінің өмірбаянын түркістандықтар жақсы біледі.  Солай болса да қысқаша айтып өтейін. Түркістанда туып, Некрасов мектебін үздік бітірген соң, Алматы шет тілдері институтын, Мәскеу қаласында БЛКЖО ОК жанындағы Жоғарғы комсомол мектебін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық психология және менеджмент академиясының корреспондент-мүшесі.

Шет тілдері институтын бітірген соң Түркістан қаласындағы №1 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызметін бастады. Қазақстан ЛКЖО Түркістан қалалық комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК жауапты ұйымдастырушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Түрлі мемлекеттік қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өткен соң, 1999 жылдан 2009 жылға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІ, ІІІ және ІV шақырылымдарының депутаты болды. Одан кейін Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы, Венгриядағы, Сербия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Қазақ мәдениетінің шынайы жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің көзін көріп, соңынан ілесу Нұрбах Тұрарұлының өмірлік, азаматтық пайым-парасатының қалыптасуына ықпал етті деп ойлаймын. Оның төрт шақырылымдағы халық қалаулысы болып қана қоймай, Парламенттегі ең ықпалды Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетке төрағалық етуі де көп нәрсені аңғартқандай. Биліктің сонау ұшар басында жүрсе де туған жерге бүйрегінің бұрып тұруы ісінен көрініс тапты. Мәселен, Санжар Ғұлама атты жап-жас бозбаланы Астанаға алдыртып, жүрегіне күрделі ота жасатқызып, екінші өмір сыйлауына бас көз болуы, онан кейінгі тағдырына алаң болып, өзінің тікелей қамқорлығына алуы азаматтықтың аса зор көрінісі. Жылма-жыл Түркістандағы тұрмысы төмен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларына екі вагон көмір алып беруге демеушілік жасап отырды. Киелі шаһардың кәріз жүйесін жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы бөлгізуі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан дарынды студенттеріне өз атынан стипендия тағайындауы, Түркістаннан Балалар емханасының ашылуына ықпал етуі, Кентаудағы сайлаушыларымен кездесуде Ресейден келген жас жігітті өз мамандығы бойынша ұшқыш етуі, өзі сайланған өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жүздеген депутаттық сауалнамалары шын мәніндегі елі мен жерінің, туған өлкесінің патриоты екендігін көрсетеді. Халық қалаулысы болып тұрған тұста Түркістанның елу ардақты ақсақалдары мен әз әжелерінің исі мұсылманның ізгі арманы Меккеге қажылық сапарын ұйымдастыруы – ел мүддесін көздеген рухани шаһарымызды қай бағытта дамытудағы көрегендігі мен көргенділігінің көрінісі деп айтуға әбден болады.

Әрбір адамның өмір жолында, ұмытылмайтын есте сақтап жүретін жақсы адамы болады. Нұрбах Тұрарұлының бақытына орай, ел тарихында алтын әріппен жазылған, даналығы мен көрегендігі басым жан – Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібеков, оның шарапаты мен шапағатына көп бөленді. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, дарынды, білімді, саяси көзі ашық Нұрбах Рүстемовтың мақсаткерлігін, еңбекқорлығын, жауапкершілігін, патриоттық қасиетін жазбай таныған көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков оның қанаттануына, шыңдалуына ерекше көңіл бөлді. Өзбекәлі Жәнібеков Нұрбах Тұрарұлын «Министр бала» деп атап кеткен екен.  Бұл біз білетін бір қыры, ал Нұрбах Тұрарұлының біз білмейтін сауапты істері мен қайырымдылығы мол екені айдан анық.

Туған жер алдындағы борышын ұмытпай, Түркістанның рухани жаңғыруына, дәрежесін көтеруге, дамуына зор ықпал етті.
Дипломатиялық елшілік қызметінде дүниетанымның рухани сабақтастығын ескере әрекет етті. Бухаресте Қазақстан Аллеясын аштырып, Абайдың бюстін қойдырды. Румынияда Месджидия қаласында ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішін қойдырып, ашылу салтанатын өткізді.

 Ең дипломатияның шыңына жеткен жетістік: Венгриямен «Стратегиялық әріптестік» туралы келісім орнатып, шартқа қол қойылуы. Елдер арасындағы мұндай серіктестік әлемнің сегіз мемлекетінде ғана бар. Қазақстанның студенттеріне Венгрияда тегін білім алуына, сондай-ақ тікелей Визэйр компаниясының ұшағымен жетуіне ықпал жасады.
Иран мемлекетінде Нұрбах Рүстемов елшілік қызмет атқарып жүргенінде Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне хабарласып, Иран архивіне келіп, жұмыс істеулеріне мүмкіндік туғызып бере алатын ұсынысын айтады. Бірақ Қазақстанның министрлігі Иранға барып келуге қаржы жоғын мәлімдейді. Нұрбах Рүстемов осындай мүмкіндікті жіберіп алмас үшін, іске кірісе, Қазақстандағы кәсіпкерлерге ұялы телефон арқылы шығып, жол ақы қаражатын өндіріп береді. Иран Президентінен Қазақстандық ғалымдардың мұрағатта жұмыс істеуіне рұқсатын да алып береді. Содан Білім және ғылым министрлігінен шығыстанушы ғалым Ғалия Қамбарбекова Иранға келіп, архивте жұмыс істеуге кіріседі. Бір аптадан аса архивтің шаңын қағып, сарғайған қалың дәптерлерді парақтап шығып, Иран архивінен Қазақстанға қатысты еш жерде жарияланбаған тың деректерді табады. Сол архив басшысының рұқсатымен мұра құжаттардың көшірмесін алып елге қайтады. Осындай архивте ғасырлар бойы сақталған тың мәліметтердің Қазақстан үшін маңызды екенін пайымдаған Нұрбах Рүстемовтің іс әрекетіне, өзіндік ізденімпаздығына, қиыннан қиыстырып жол таба білетініне тәнті боласың.
Қазақтың рухани өзегі болған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өзге елде ылғи насихаттап, арнайы іс-шаралар өткізіп жүреді.

Профессор, экономика ғылымдарының кандидаты, ағылшын тілі мұғалімі, халықаралық қатынастар маманы, ғалым ретінде жазған «Қазақстан Республикасының халық шаруашылығының әлеуметтік саласын стратегиялық жоспарлау» деген ғылыми еңбектері, «Қазақстанның әлеуметтік саласын дамыту стратегиясы», «Қазақстан Республикасының әлеуметтік дамуын болжау», «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту стратегиясын қалыптастыру» т.б. кітаптардың авторы. Ана тілінен өзге ағылшын, орыс, түрік тілдерін жетік меңгерген полиглот.

«Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» дегендей, қоғам қайраткері, мемлекет қызметкері Нұрбах Тұрарұлының жары Гүлмира әрдайым ер азаматын қолдап, қай елде болмасын қасынан табылып жүреді. Мықты, әрі берік, отбасылық махаббат пен қолдаудың сарқылмас бұлағы екенімен айқындалады. Шет мемлекетте ұзақ жылдар бойы жүргендерінде Гүлмира отбасында ұлттық болмысты перзенттеріне ұқтырудан жалыққан емес. Ұлдары Олжас, қыздары Жасмин отбасы ең басты құндылық екенін әкесі мен шешесінің өнегесінен ұғып өсті. Бүгінде шаңырақтары шаттыққа бөленіп, отбасылары немеремен толықты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, өз ұрпақтарына дұрыс жол көрсетіп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуға тәлім-тәрбие берді.

Нұрбах Тұрарұлының ізгілік мұраттарының, ұлы достық қарым-қатынастың дәнін сеуіп, «Елдестірмек елшіден» дегендей, еткен еңбектің өсімі мен жемісіне, нәтижесіне кенелгенінің айғағы ретінде марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, «Парасат», «Құрмет» ордені, Халықаралық парламентаридің, Қазақстан халықтар Ассамблеясының «Достық» ордені, «Құрмет белгісі» орденінің кавалер кресті (Венгрия), «ІІ дәрежелі Сербия туы» ордені т.б мемлекеттік, халықаралық дәрежедегі марапаттардың иегері.

Нұрбах Тұрарұлы отыз жылдан аса уақыт өмірін мемлекеттік қызметке арнаған, дипломатиялық қарым-қатынаста бірлік пен бейбітшілікті ұстанған, ұйымдастырушылық қабілетін халқымыздың болмысына, идеологиясына, рухани бітіміне, оны зерттеп білуге жұмсап келеді. Этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәлім-тәрбиесін алған Нұрбах Тұрарұлы бүгінгі күннің айтулы қоғам қайраткері, Түркістанның тастүлегі, шын мәніндегі зиялы қауым өкілі. Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет еткен, өмірінің баспалдақтары тағылымға толы тектінің тұяғы, асылдың сынығы Нұрбах Тұрарұлы Рүстемов осындай жан.

Міне,  «Біз түркістандықтармыз» деп көкірек керіп, мақтан тұтатын замандастарымыз осындай болса керек. Нұрбах Рүстемовті «Түркістанның түлеп ұшқан текті ұлы» деп атауға тұрарлық мемлекеттік қайраткер деуімізге болады.

Шора қажы Исмолдаев,

Жақсан қажы Даханов,

Кеңес қажы Мәрсалиев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы