ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІК – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

601 көрілім

Тарих таразысына салатын болсақ қазақ халқының көп ғасырлық тарихында небір қиын – қыстау кезеңдер өтті. Мысал ретінде айтсақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және игеру жылдары Қазақстанға қаншама ұлт өкілдері қоныс аударды. Халықтың құрамы күрт өзгерді. Ұжымдастыру жылдары қуғынға ұшыраған қазақтар шет елдерге қоныс аударып, сонда мекен етіп қалды. Ал, керісінше индустрияландыру, тың игеру жылдары келген басқа ұлт өкілдері үшін Қазақстан екінші Отанына айналды.
Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл толды. Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім сияқты ұлы мақсаттар бар. Бүгінгі таңда әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетке айналдық. Көк аспанның астында бейбіт өмір кешіп, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаратын ұлы мемлекетке айналдық.


Бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде «Түркістан – татулық пен бірлік бесігі» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХIV сессиясы өтті. Сессияда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудандық, қалалық делегация мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылым мүшелері, Түркістан облыстық, аудандық, қалалық этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері, облыстағы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.


Саяси науқан – жалпыхалықтық референдумдан кейін өткен алғашқы жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов ашып, жүргізіп отырды. Сессия барысында Түркістан облысының әкімі, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді.

Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Қазір елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Түркістан облысы референдум қорытындысы бойынша көш бастады. Осы орайда, еліміздегі саяси реформалардың бастауы болып отырған референдумның өтуіне белсенділік танытқан барша облыс тұрғындарына алғыс айтамыз. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістанды қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамытуымыз керек. Түркістанды дамыту – елдікті, бірлікті жаңғырту деген сөз. Сондықтан мәдени-рухани әлеуетті арттыра отырып, тарихи Түркістанның алдында адал болғанымыз жөн, – дей келе ел бірлігін сақтау бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүруі керек екенін айтты.


Жиында журналистер мен блогерлер клубының төрағасы өз сөзінде өткен жылы өңіріміздегі этнос өкілдерінің арасында шығармашылық байқау ұйымдастырылып, бірнеше мақалалар әлеуметтік желіге жарияланғанын сол арқылы аймақтардағы тіршілік етіп жүрген этнос өкілдерінің ерекшеліктері туралы көптеген құнды дүниелер жиналғанын жеткізді. Желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған мақалалар осылайша арнайы жинақ жасауға сұранғанын және оны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен аталмыш бағыттағы мақалалар топтастырылған «Шаңырақ» атты кітап жарыққа шыққанын қуанышпен жеткізген Ерсұлтан Әмірбек облыс басшысынан осындай қолдаудың жалғасын табуын сұранып, жаңа кітапты сыйға тартты.
Сондай-ақ, жиын барысында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Созақбай Әбдіқұлов, Сарыағаш аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мухидин Мамараимов, облыстық күрді этномәдени бірлестігінің мүшесі, бірлестік жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гулизар Надирова, Түркістан жоғары көпсалалы колледжінің 4-курс студенті, облыстық славян этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Наталья Григорьева еліміздегі әрбір этнос өкілі қазақ тілін білуі тиіс екенін атап өтіп, ел бірлігін нығайту жолындағы идеялары мен ұсыныстарын жеткізді.


Сессия жұмысын түйіндеген Ө.Шөкеев Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздігімізді нығайтуға, этносаралық татулық пен азаматтық бірлікті күшейтуде елеулі еңбек сіңіргенін айта келе, 9 тармақтан тұратын міндетті орындауды жүктеді. Аудан, қала басшыларына, құқық қорғау органдарына «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, ұлтаралық бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, елді игі істерге ұйыстыру қажет екенін жеткізді. Ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. Түркістан облыстық ҚХА мен осы салаға жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Этностардың азаматтық бірлігі мен татулығын нығайтудың маңызды элементі ретінде Түркістанның тарихи, мәдени және рухани әлеуетін арттыру қажеттігіне тоқталып, Жаңа Қазақстанды құруда бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.


М.ДӘУЛЕТОВ.
Р.ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы