Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам УТЕШОВ: «ОБЛЫСҚА БЕС ЖЫЛДА 1952 ОТБАСЫ НЕМЕСЕ 9226 АДАМ КӨШІП КЕЛДІ»

553 көрілім

Осы аптада «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысының арнаулы топ өкілдері  шаһарымызға келген болатын. Жалпы, Түркістан облысы өңіріне ат басын бұрған жұмыс  тобы бірнеше бағыттарға бөлініп, соның ішінде «Павлодарға көш!» ұранымен ұлттық жобада ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын жұртқа таныстырды. Осы орайда, топ жетекшісі Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Утешовпен азды-кем әңгімелескен едік.

– Ең әуелі Павлодар облысы жайлы аз-кем ақпарат бере кетсеңіз. Көшіп барушыларды қай өңірге  көптеп қабылдау көзде ұсталған.

– Павлодар облысы – 1938 жылы қаңтар айында құрылған. Облыс орталығы – Павлодар қаласы, еліміздің аса ірі өзені болып табылатын Ертіс жағасында орналасқан. Облыс Қазақстан Республикасының солтүстік шығысында және Ресей Федерациясымен шекаралас. Облыс құрамына Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты секілді 10 аудан және Павлодар, Ақсу, Екібастұз қатарлы 3 қала кіреді. Ықтимал қоныс аударушылар облыстың кез келген қаласы мен ауданына көше алады. Қоныс аударушыларды қоныстандыру барлық қалалар мен аудандарға біркелкі жүреді. Енді бір сөзбен айтқанда әркімнің таңдау еркіндігі өзінде. Көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық.

– Өңірлеріңізге көшіп барам деушілерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған. Нақты қандай көмектер беріледі?

 – Қоныс аударған азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар көрсетілетін болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бар, ол үшін бізде бизнесті дамытуға өтеусіз гранттар мен микрокредиттер көзделген. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару жұмысқа орналасудан басқа субсидия төлеуді де көздейді. Мәселен, көшіп келген жағдайда әр адамға 70 айлық есеп көрсеткіші (214 410 теңге) көлемінде көтерме ақы қарастырылған. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін әрбір отбасына отбасының құрамына және қоныстандыру орнына байланысты 15 – тен 30 АЕК-ке дейінгі (45945 теңгеден-91890 теңгеге дейін) мөлшерде субсидиялар жолға қойылған. Нақтылап айта кетсем қалалық және ауылдық жерлер деп бөліп қарастырылған. Соның ішінде қалалық жерлерге қоныс аударғандар үшін 1 адам болса 61260 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса 76575 теңге, отбасында 5 адам немесе  одан көп болған кезде 91890 теңге төленеді. Ауылдық жерлерге қоныс аударушылар үшін 1 адам болса 45945 теңге, отбасы мүшелерінің саны 2-4 адам болса 55134 теңге, отбасында 5 адам немесе  одан көп болған жағдайда 64323 теңге мөлшерінде төлеу көзделген.

 Енді бір айта кететін дүние көшіп келушілерге қарата белгілі деңгейде ауыр талаптар қойылмаған. Ең әуелі қоныс  аударушыларға қойылатын негізгі талап-шығу аймағында тұрақты тіркеудің болуы. Сонымен қатар, мүмкіндігінше білімінің болуы маңыздырақ. Ал, қоныстанып жоғарыдағы атаулы төлемді алған соң келісім-шартты жүз пайыз орындауға міндетті.

– Баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілмек. Қандай да бір баспана беру жолдары қарастырылған ба?   

– Жоғарыда айтқанымдай, барлық қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалға алуға және жалдауға субсидия төленеді. Сондай-ақ, бізде жұмыс беруші қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз еткен жағдайлар да болды. Бүгінгі күні облыста мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған коммуналдық тұрғын үй бар .

– Бүгінге дейін қанша отбасы көшіп барды. Оларды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылық жермен қамту мәселелері өз шешімін тапты ма?                  

 – Соңғы бес жылда облысқа 1952 отбасы немесе 9226 адам  көшіп келді. Келгендердің жартысынан көбі еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Бүгінгі күні біз еңбекке қабілетті жастың 75% – ын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсеттік. Сондай-ақ, 69 адам егін және мал шаруашылығы үшін жалпы ауданы 26 мың гектар жер алды. «Еңбегі бардың өнбегі бар» дегендей қоныстанушылардың барлығы еңбек етіп, табан ет маңдай терлерін төгіп жатыр. Әрбірі мейілінше өз экономикалық әлеуетін жақсартуға бар күшін салуда.

– Соңғы жылдары көшіп барып кері қайтушылар бар екені ақиқат. Ондағы басты себеп сіздерде сарапталды ма?  

– Иә, бұл жоба қолға алынғаннан бері көшіп келушілер де, кері көшіп кетушілер де бар. Нақты 2017 жылдан бастап жүргізілген талдауға сәйкес, қоныс аударушылар қатарынан 400 адам кетіп қалған. Арнаулы орындар мен өңірлер бұның себеп салдарын анықтап көруге тырысты. Көбінен ортақ табылатын басты себептің бірі – ауа-райы жағдайы екен. Бұл жағдай айтпаса да белгілі. Осы Оңтүстік жылы аймаққа үйреніп қалған тұрғындар бірден суық жерге үйрене алмайды. Бұл жақта қыс жылы болса, біз жақта қыс өте қатты болады. Содан да көбі осы қолайсыздықты басты назарға ала отырып, келген мекеніне кетуді дұрыс деп тапса керек. Тағы бір дүние түрлі отбасылық жағдайлардың орын алуы да өз ықпалын тигізуде. Соңғы бір басты себеп ретінде еліміздегі басқа аймақтардан (Нұр-Сұлтан т.б) жоғары жалақы төленетін жұмыстың көптеп кездесуін атап өткен жөн. 

– Павлодар облысы бойынша қай өңірлерде қай мамандық иелері сұранысқа ие?            

– Павлодар облысы ауыл шаруашылығы мамандарына, педагогтарға, дәрігерлерге, техникалық мамандықтарға және қызмет көрсету саласының мамандарына мұқтаж. Соның ішінде кей аудандарды айта кетейін. Мысалы Успен ауданы білім беру саласы бойынша, яғни орыс сыныбына  1 физика мұғалімі, орыс сыныбына 2 ағылшын тілі мұғалімі, қазақ сыныбына 2 математика мұғалімі, қазақ сыныбына 1 қазақ тілі мұғалімі керек. Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласы бойынша да 4 бос орын, фитосанитария саласында 3 бос орын бар. Келесі Шарбақты ауданында медициналық кадрларға қажеттілік бар болып табылады. Анықтап айтқанда 2 дәрігер хируруг, 3 жалпы практика дәрігері деп тізбелесек атаулы санға тағы 5 бірдей маман қосылмақ. Осылайша әр қала, аудан бойынша айта беруге болады. Нақты бос орындар мен қажетті мамандар туралы осы өңір тұрғындарына кеңінен ақпараттар берудеміз.

– Кәсіпкерлерге қарата қандай жақсы жобалар қарастырылған. Ауыл шаруашылық жерлері жеткілікті ме?

– Мен бұрын хабарлағанымдай, қоныс аударушыларда кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бар, ол үшін бізде бизнесті дамытуға өтеусіз гранттар мен шағын несиелер қарастырылған. Өз ісін дамыту үшін жер алуға болады.

– Көшіп барушыларға берілетін төлем бойынша жеке-жеке айта кетсеңіз. Отбасы мүшесінің әрбіріне төлене ме, әлде жас-шамасы есепке алынады ма?

– Көшуге субсидиялар әр адамға жасына қарамастан төленеді. Тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар бір отбасына төленеді, ал оның мөлшері адамдардың саны мен орналасқан жеріне байланысты.

– Енді соңғы сұрақ. Сонымен Түркістан өңірі тұрғындарына айтар үндеуіңіз қандай?

– Біз бұл өңірге арнаулы көші қон «Еңбек» бағдарламасымен келіп тұрмыз. Облысымызда бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Бүгінде солардың кейбіріне еңбек күші жетпей жатыр. Сол бос орындарға жұмысқа шақыра келдік. Ауыл шаруашылық саласындағы кәсіпорындарға да маман жетіспейді.  Олар бізбен ілесе келіп, қажетті мамандар табылса жұмыс жасауға ұсыныс тастамақ. Тұрғын үй қатарлы барлық мәселесін шешеміз деп отыр. Міне, осы тектес мүмкіндіктер көп. Көшіп барамыз деушілерге қолдан келгенше  көмек жасаймыз.

Сұхбаттасқан:

Үмітбек БАҒДАТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы