Кеше Түркістанда қала күніне орай, мерекелік іс-шара өтті.
«Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған шараға шаһар басшысымен қатар, қалаға еңбегі сіңген түрлі сала өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім қала басшысы Нұрбол Тұрашбековтің құттықтауымен ашылып, түрлі сала үздіктерін марапаттаумен жалғасты. Індет уақытында қала қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткен денсаулық сақтау, құқық қорғау, төтенше жағдай қызметі және әкімдік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. «Қалаға сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгілері тағылып, алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.



Одан бөлек, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов пен Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, «Түркістан қаласының құрметті ақсақалы» төсбелгі иегерін марапаттады. Жиын барысы мерекелік концертке ұласып, кеш қонағы еліміздің эстрада жұлдызы Қуандық Рахым тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.


