САУДА ОРЫНДАРЫНДА БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

1  473 көрілім

Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларына тұрақтылықты сақтау мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері рейдтік шараларын жүргізді.

Жұмысшы топ құрамында – қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Байғұт, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Г.Даханова және тиісті сала мамандары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жұмысшы топ мүшелері қаладағы «Қаратау», «Әл-каусар», «Береке, «Шұғыла», «Қазына», «Берекет», «Жібек жолы» сауда орындарында болды. Шараның басты мақсаты – 2020 жылғы 3 сәуірдегі «Әлеуметтік маңызы бар, азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрықтарына сәйкес, тексеру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар 9 азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағалары төмендегідей: бірінші сортты бидай ұны кг – 169, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) кг – 155, рожки (өлшеніп салынатын) кг – 216, қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын) кг – 327, тазартылған күріш (домалық дәнді, өлшеніп салынатын) кг – 279, сиыр еті (сүйекті жауырын-төсбөлігі) кг – 1910, тауық жұмыртқасы (1 санатты) ондық – 283, күнбағыс майы кг – 434, ас тұзы («Экстра»-дан басқа) кг – 49 теңге мөлшерінде болуы шарт.

Біздер болған сауда орындарында жоғарыда атап өткеніміздей, 9 түрлі тауар өнімдерінің кейбір бағаларында өсім байқалды. Жұмысшы топ мүшелері сауда орындарының басшыларына мұндай олқылықты дер кезінде реттеу жөнінде ескертпе және түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Алдағы уақытта тағы да қайталанатын болса, айыппұл төлейтіндіктерін назарларына салды. Бұдан былай қала аумағындағы сауда орындарындағы тауарлардың бағаларына тұрақты мониторинг және талдау жұмыстары жүргізіліп тұратын болады.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы