МЕНІҢ СҮРГЕН ӨМІРІМ…

988 көрілім

Қаныбек Сарыбаев (1938–2002) 13 наурызда Түркістан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1963 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Кентау правдасы» газетінде, аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде, «Қызылқұм» газетінде әртүрлі жауапты жұмыстар атқарған. Белгілі айтыскер ақын. Айтыс әлеміне Тәушен Әбуова, Жәкен Омаров, Бекарыс Шойбеков секілді көптеген шәкірттер алып келген. «Тұңғыш кітап», «Отырар оттары», «Отан туралы сөз», «Менің сүрген өмірім», «Қазақия»  сынды он шақты жыр кітабы жарық көрген. «Еңбектегі ерлігі үшін», Лениннің 100 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған. Отырар ауданы мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы». КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазақтың Қаныбегі бүгінде тірі болғанда 82 жасқа толар еді. Артына өлмес мұра қалдырған ақынды еске ала отырып, бірнеше өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

МЕНІҢ СҮРГЕН ӨМІРІМ…

Менің сүрген өмірім қандай қиын,

Қалай жұмыс істеген талмай миым?

 Күнде қалған мен өзі көне тулақ,

Илегенмен тепкілеп, қанбайды иім.

Алыстаған арманым мазамды алды,

Күннен-күнге елесі ажарланды.

Сағынышым сағыздай шайнағанда,

Қанға бөккен жүректе не жан қалды?

Әділдікпен айнымас туыс едім,

Әділдікке әуестің туы – сенім.

Сол Туымнан айрылу күйігінен,

Өлгеніме қарамай у ішемін.

Үзілгенде күнәдан сау бұтағы,

Дауылыңды ағаш та дау тұтады.

Жағаласып жауыммен жүргенімде,

Уақытым бесінге ауды тағы.

Тұра бермес өзгермей мүлде бұл шақ,

Жауа бермес басыма күнде бұршақ.

Мінезіндей табиғат анамыздың,

Бірде қатқыл өлеңім, бірде жұмсақ.

* * *

ШЫНДЫҚ

Не іздейсің түсі суық шыңдардан,

Алашұбар бұлттарға шырмалған,

Мойындарын соза-соза жоғары,

Төмендегі бар қызықтан құр қалған?!

Шыңдарда жоқ түк қуаныш, түк қайғы,

Күні-түні қар жамылып ұйықтайды,

Айтқаныңды есітпейді, ұқпайды,

Еккеніңмен ештеңе де шықпайды.

Асқақтамай, табаныңмен дала кез,

Содан әркім рақатын табады өз.

Сен осында-ақ қандырасың шөліңді,

Бұлақтармен жолығасың қаракөз!

Кесірінен құзарлардың паң, заңғар,

Кешеуілдеп жететұғын таңды аңғар!..

Қазір пәске түсе алмай жүр, түсе алмай,

Тауға шығып басы айналып қалғандар!

* * *

АҚЫН

Жер емес, Аспанмын,

Көбіңнен астаммын.

Бұл өнер келмейді,

Қолынан басқаңның!

Ия, мен Аспанмын,

Көбіңнен астаммын.

Қап-қара түндерге,

Жұлдыздар шашқанмын.

Жаудырдым сом алтын,

Жауласып оңар кім?!

Ілесе алмайды

Атымтай Жомартың!

Емеспін үй қоян,

Есімім игі аян:

Мұхитқа симайды

Мидағы идеям!

Нұрымен ғайыптың,

Қаншаны байыттым?!

Ендеше, мәңгілік

Жасауға лайықпын!

Ажалым жоқ деймін,

Жыл сайын көктеймін.

Өмірден кеткенмен,

Көңілден кетпеймін!

* * *

КЕКШІЛДІК

Бізді құртқан кекшілдік,

Кекшілдікте көп сұмдық…

Бірімізге біріміз

Жеп қоярдай тепсіндік.

Көрсетуге төбеңді өз,

Болдық, қазақ, неден тез!?

Ұмытылып барады,

Обал-сауап деген сөз.

Ой-пікірі аласа,

Ақыл айтты таласа.

Білер еді-ау шамасын,

Құдайына қараса,

Өшіккендер өнерге,

Әділдікке көнер ме?!

Бақ-береке жолар ма,

Пәтуасы жоқ елге?!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы