АНА ТІЛІМ – ДАНА ТІЛ

1  264 көрілім

Елтай Бимаханбетұлы 1932 жылы 13 наурызда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы «Өзгент» кеңшарының мал жайылымында дүниеге келген. 1957 жылы Абай атындағы пединститутының филология факультетін бітірген. «Арнау», «Тағдыр», «Тойға тарту», «Көзқарас», «Бесін ауған шақ», «Түркістаным Отаным – киелісің», «Соңғы арбакеш», «Сахнаның сәні», «Күтпеген кездесу» секілді 20 шақты өлеңдер мен дастандар және пьессалар жинағы жарық көрген. «Құрмет» орденімен, Лениннің 100 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған. Түркістан қаласының «Құрметті азаматы». Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

«Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей ақсақалды 88 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, бірнеше өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

АНА ТІЛІМ – ДАНА ТІЛ

Айналайын құдіретіңнен, Ана тілім,

Өмірге өзіңменен жаратылдым!

Бесікке алғаш мені саларыңда,

Денеме жаялық боп жаратылдың.

Айналдым, кереметсің, Ана тілім,

Үйреткен құйттайымнан анам тілін.

Бетіме еміреніп сөз айтқанда,

Уілдеп шығушы еді балаң үнім.

Айналдым, қасиетті, Ана тілім,

Астында еркелеймін қанатыңның!

Сезінем кереметін құшағыңның,

Жүремін еркін жайлап дала тыңын.

Тербетіп, әлдиледің, Ана тілім,

Өзіңсің мәңгі есте қалатұғын.

Сан рет бесік жырын айтқаныңда,

Өн бойым бір рақат алатұғын.

Жолыңа құрбан болам, Ана тілім,

Өтпейді сенсіз менің күнім-түнім.

Түсініп, игеремін бар нәрсені,

Жетілер сен арқылы сана, білім.

Айналдым, қазыналы, Ана тілім,

Ұқсамас ешбір тілге, дара тілім.

Жау тоқтап, дауды шешкен қылды жарып,

Байлығы ұшан теңіз, дана тілім!

* * *

ТІРШІЛІК

Қаламызда қайнап жатыр тіршілік,

Тың денеден сүмектейді тер шығып.

Ықылас пен намысы бар жас пен қарт,

Кірісіп жүр барлық іске құлшынып.

Талай жылдан тоқтап тұрған тіршілік,

Жатушы еді дыбыс қылмай тұншығып.

Тамырына қан жүгіріп бәрінің,

Қимылдады кеудесінен үн шығып.

Атқарылды талай жұмыс – тіршілік,

Бұдыр жерлер тегістелді қыршылып.

Ауласының іші-сыртын жайқалтып,

Отырғызды тұрғындары тал шыбық.

Толастамай жатқаннан соң тіршілік,

Артын қысып кетті бірден таршылық.

Көшедегі арықтар да тазарды,

Көмілгені қоқыстардан аршылып.

Үдей түсіп күннен-күнге тіршілік,

Қалды бәрі өсек, арыз, бар «шылық».

Түркістанда көп өзгеріс боп жатыр,

Көше сайын жаңалық та баршылық!

* * *

КҮЙ МҰҢЫ

Қазағым сан ғасырлап өксіп өткен,

Көршілер бар байлыққа билік еткен.

Бұл жайлы ақын-жырау көргендерін,

Елінің мұңын-зарын жырлап кеткен.

Түбіне қазағымның сенім жеткен,

Сондықтан жоғарыға сенім кеткен.

Оларды қорғайды деп момын халық,

Иланып, бос сөзінен үміт еткен.

Зорлықтан дархан халық жасын төккен,

Қарсылық көршілерге туған кеткен.

Мұндайда белді буып, халқы үшін,

Ақын мен күйші, батыр басын тіккен.

Сан қорлық көп сатылап бізге жеткен,

Сол азап ұрпақтарын тебіренткен.

Күйлері Құрманғазы мұңға толы,

Жер жарып, көкті тіліп күмбірлеткен.

Күй сары – ат шабысы дүбірлеткен,

Жан болмас тыңдаушыдан қыбыр еткен.

Халықтың қайғысынан жүрек шаншып,

Шымырлап сүйек сыздап, тітіреткен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы