ҰЛТТЫҚ КИІМДЕГІ ОЮЛАРДЫ ДҰРЫС ҚОЛДАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

246 көрілім

Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киімдерді киетіндердің де, оны тігетіндердің де қатары артқан. Биыл Ұлттық киім күні ресми тойланатын күннен бастап тіпті сұраныс жоғарылады. Алайда түрлі нақышта көпшілікке ұсынылған қазақша киімдердегі ұлттық элементтер дұрыс қолданылып жүр ме?

Әр ұлтты ерекшелендіретін – дәстүрлі құндылықтары. Адамның жеке қолтаңбасы болатыны секілді, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы бар. Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Осыған орай, биыл республика көлемінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні аталып өтті. Бұрындары қазақтың ұлттық киімі мен қолөнер бұйымдары тек Наурыз секілді мереке кезінде ғана еске түседі деп жиі айтатынбыз. Ал қазір қазақша оюмен көмкерілген киімдер, көрпе-төсек, кілемдер, қол сөмкелері, түрлі аксессуарлар сәнге айналды.

Ұлттық киімді кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде қарастыратын болсақ бүгінгі сұранысты қамтамасыз етем деп, отандық дизайнерлер ою-өрнек мәдениетін ұмытып кеткен секілді. Себебі жас этнограф, тарихшы Сәуле Шәкір қазіргі киімдерде қолданылған қазақи элементтердің реттелігі дұрыс емес дейді.

«Бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселе. Біз ұлттық элементтерге өте мұқият қарау керекпіз. Себебі қазақ ежелден символдарға атүсті қарамаған. Мәселен мен білетін Оңтүстік аймақ ұлттық киімдердегі оюларға келгенде көп шатасады. Яғни жылтыр түсті, қошқар мүйіз оюларды жөн-жозықсыз кез келген тұсқа жабыстыра салады. Бірақ бағамдап қарасақ, қазақ жылтырға тым әуес болмаған. Біздің негізі элементіміз – құрақ. Бұрындары адамдар үйде бар матаны біріктіріп, жамап, құрақ тіккен. Ал ол құрақтың бетіне оюды жалғамаған. Ою көбіне тұтас әрі бір түсті матаның шетіне, киімнің жағасына түсетін болған. Барлығы талғаммен жасалған» – дейді Сәуле Шәкір.

Сондай-ақ, ол оюларда сыр шертіп, белгілі бір жайттан хабар беріп тұрғандығын айтады. Яғни қазақ халқы әр оюға ерекше мән беріп, оның қандай бұйымда, қандай киім үлгісінде, қалай қолдану керегіне көңіл бөліп, қателіктің болмауын жіті қадағалағанын айтады.

«Ою белгілі бір ұғымға немесе қандай да бір жағдайға байланысты өрнектеледі. Соны ескерсек, ою-өрнектің айтар ойы мен берер тәрбиесі бар. Қазақ оюынан көбіне үш пішінді жиі кездеседі. Олар: шеңбер, пирамида, төртбұрыш. Шеңбер дегеніміз – күн. Ұлытау – пирамида, шаршы – төрт құбыла. Қазақта «Төрт құбыласы тең» деген сөз бар. Жер бетінде бәрі тең. Оюда табиғат тепе-теңдігі бейнеленеді. Өмір мен өлім, күн мен түн, жақсы мен жаман, ер мен әйел деген секілді ұғым әрдайым бір-бірін толықтырып, тұтастықты құрайды. Ою атауына, көлеміне, пішініне, түр-түсіне қарай өзіндік мағынаға ие. Соған қарай, бас киімге қолданылатын ою-өрнек түрін киімнің етегіне немесе шалбардың балағына қолдануға, сондай-ақ керісінше етікке, балаққа ойылатын ою түрін жағаға жапсыруға болмайды» – дейді, тарихшы, этнограф.

Сәуле Шәкірдің айтуы бойынша халқымызда балаға, ер мен әйелге тән оюлар бар. Қыз баланың қамзолына, көйлегіне гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнек бейнелеген. Ер баланың киіміне найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнекті батыр, алғыр болсын деген ырыммен салған. Мәселен төсеніште қолданылатын ою бас киімге салынбаған екен. Себебі онда тек қошқармүйіз, қосмүйіз, арқармүйіз, сыңармүйіз, қырықмүйіз пайдаланылады. Осы оюды үй жиһазына, ер-тұрман, қару-жарақта кеңінен пайдалануға болатынын айтады.

«Бас киімге, қамзолға, шапанға салынатын оюлар болады. Мысалы, кейде білместіктен бас киімге салынатын оюды балаққа немесе етікке салып қояды. Әшекейде бейнеленген оюда да терең па­йым бар. Айталық, қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін аңғарған» – дейді тарихшы.

Ал ұлттық нақышта көрпе көктеп, киім тігетін саурандық Салтанат Өтепов заман талабына сай сұраныс та өзгеретінін айтып, бұл мәселеге қатты сыни көзқараста қарамау керектігін айтады.

«Негізі дизайнерлер тұтынушы сұранысына қарай жұмыс істейді. Мәселен сіз маған кәжекейге тапсырыс берер болсаңыз, мен ең алдымен сіздің пікіріңізді сұраймын. Онда қандай ою орналастыру керек, қандай тастардан болуы керек толықтай сіздің ұсынысыңызбен жүзеге асады. Алайда ашық базарда сатылымға шығып жатқан ұлттық киімдер расымен өз құндылығын жоғалтып алды. Онда оюды дұрыс орналастыруды былай қойғанда, қазақи элементтер нақышы өзгеріске ұшырап кетті. Менің ойымша, мән беретін дүние осы» дейді, дизайнер.

Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұлан да «қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» дейді. Расымен де, бала кезден тұтынған бұйымдардан оюларды көріп өссек те, әрқайсысының өз мағынасы мен қолданылу ерекшеліктері бар екенін ойламайтынбыз. Бүгінде заманауи стильдегі киімдерден оюды байқағанымызбен, кейде орынсыз қолданылған, тек эстетикаға мән берген оюларды кездестіретініміз де бар. Бұрын жазу, компас, сағат қолданылмайтын кезде ою-өрнек болды. Сол ою-өрнек арқылы халқымыз өз тыныс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін, мәдени құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Алайда заман талабы артып, тұтыну нарығы өскен сайын ұлттық құндылықтар ұстанымы өзгеріске ұшырап жатқан секілді. Әрине ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс артқаны өте қуантарлық жәйт, алайда, сұраныс артты екен деп қазақ тарихынан сыр шертетін мәдени элементтердің қолдану аясын тарылтып алмасақ болғаны. Жалпы ұлттық киімдегі оюларды дұрыс қолданып жүрміз бе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Ғалия БИСЕЙІТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы