ЖАРАҚАТ – АДАМ ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ҚАТЕРДІҢ БАСТАУЫ

203 көрілім

Қоғамда орын алатын жағдайларға байланысты кез келген көмек көрсетушi адам жарақаттың түрiн оның ауырлығын анықтап, тыныс жолдары мен жүрек қызметiнiң бұзылғанын ескерiп жедел шара қолдана бiлу қажет. Осыған байланысты Түркістан қалалық емханасы №7 отбасылық денсаулық орталығының аймақтық дәрігері Гүлжанат Рысбековамен тілдесіп, біраз мәселелерге көз жеткізген едік.

– Гүлжанат Рысбекова, әуелі сұхбатымыздың мағынасы оқырмандарға түсінікті болуы үшін жарақаттанудың алдын алу шаралары қалай жүргізілетіні жайлы тоқталып өтсеңіз.

– Сөзімнің басын жарақаттар жайлы мәлімет берумен бастасам. Жалпы адамның жарақат алуы – бұл адам ұлпалары мен органдарының зақымдануы, сыртқы себептерден аяқ-қолдың сынуы мен буынның шығуынан, жұмсақ ұлпаның жаралануы мен дененiң сыдырылуынан, органдардың зақымдануынан және көптеген басқа жайттардың әсерiнен ұлпалар мен органдар тұтастығы мен қызметiнiң бұзылуы. Жарақаттану барлық жастағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қатерлі қауіп төндіреді. Жарақаттанған адамға көрсетілетін алғашқы көмек – зардап шеккен адамның жарақатын асқындырмай, оған әртүрлi медициналық көмек шараларын дұрыс көрсетiп, оның өмiрiн сақтап қалуға бағытталған iс-әрекет. Ашық зақымдалу, немесе жара, кiлегейлi қабықша мен терi жамылғысының тұтастығының бұзылуы – бұл сыртқы жара, ал iшкi жара қан кетумен сипатталады. Сондықтан да жарақаттанған адамның өмiрi мен патологиялық процестердiң одан арғы салдары көбiнесе апат болған жердегi алғашқы көмектiң көрсетiлген уақыты мен оның сапасына тығыз байланысты.

Алғашқы көмек көрсету барысында зардап шегушiнiң ауруын азайту үшiн мына тәсiлдер қолданылады:

1. Зардап шегушiнiң үстiн жауып, салқындап қалмауын қадағалау.

2. Сынғанда иммобилизация жасау (жақтау қою).

3. Зембiлге жатқызу.

4. Құрғақ, сұйық заттарды қолдану (полиэтилен қалтасына салынған мұз, қар, мұздай су) жүйке жүйелерiн механикалық тiтiркенуден қорғайды, iсiгiн және жарақаттың қабынуын азайтады.

5. Дәрi-дәрмектен амидопириндi 0,5 г., анальгиндi 0,5-1,0 г., ацетилсалицил қышқылын 0,5-1,0 г мөлшерiнде қолданған дұрыс.

6. Тасымалдағанда ауруханаға көп селкiлдетпей, ұқыпты түрде жеткiзген жөн.

Зақымданған адам қаны тоқтамай ағып жатса, оны тоқтатып, жарасын таңа бiлу, сынған жерiне жақтауды дұрыс қойып байлау, ауруды орнынан қозғаған кезде оны дұрыс көтерiп, тасымалдай бiлу, зардап шегушiнi қауiптi аймақтан уақытында алып кету, үстiндегi киiмiн дұрыс шешiп, көлiкке отырғыза, жатқыза бiлу, жүрекке массаж жасау және қолдан дем алдыру сияқты шараларды жүзеге асыра бiлу әр адамның мiндетi, әрi парызы. Алғашқы көмектi көрсеткен кезде жараға тиетiн нәрселер – инфекция жұқтырмас үшiн асептикалық таңғыш салады. Өйткенi, бұл таңғыш жараны микробтардан қорғайды. Жараларды сумен жууға болмайды. Оны таңар алдында айналасын иодпен немесе спиртпен тазартып сүрту керек. Содан соң жараға зарарсыздандырылған таңғыш салады. Қолда бар болса дербес пакет салған дұрыс. Таңғыш үшiн мақта мен дәке қолданылады. Бинт пен мақтадан таңғыш жасалады. Оның ылғал жұтқыш қасиетi жоғары. Қан тоқтатуға арналған дәкелер антисептикалық заттармен байытылған, мұндай дәкелер қанды 2-7 минут аралығында тоқтатады.

Жарақат алған жағдайда жаралардың зақымдануына не себеп, жалпы жарақаттың түрлері қандай?

– Жалпы дене жарақаттарының себебін ішкі және сыртқы себептер деп бөлуге болады.

Ішкі себептері – тірек-қозғалыс аппараты, көру және жүрек-қан тамырлары жүйесінің жас өзгерістеріне байланысты.

Сыртқы себептері – қауіпсіз қозғалысты дұрыс ұйымдастырмауға, төмен тұрғын үй қауіпсіздігіне, ыңғайсыз аяқ киімге, жылжыту көмекші құралдарының жоқтығына (таяқ, ағашаяқ) және т.б. байланысты.

Ал енді жаралардың зақымдануына жарақаттаушы зат формасына, құрал түрлерiне қарай бiрнеше түрі бар. Жыл сайын әлемде әр түрлі жарақаттардың салдарынан 5 млн. адам көз жұмады – бұл шамамен жалпы өлім санының 9 пайызын құрайды. Көбінесе адамдар өзінің бейғамдығы мен абайсыздығы немесе біреудің қылмыстық немқұрайлылығы мен жауапсыздығынан жарақат алады, мүгедек болып қалады, өмірінен айырылады.

Ал енді жалпы жарақаттанушылықтың түрлері мынадай:

1) транспорттық (автокөліктік, темір, әуе, су жол көліктік),

2) өндірістік (өнеркәсіптік, ауылшаруашылық),

3) балалық,

4) тұрмыстық,

5) спорттық,

6) көшелік,

7) әскерлік,

8) жасандық (суицидтік) жарақаттанушылық.

Сонымен қатар үлкен жарақаттардың түрлі жағдайларға байланысты бірнеше негізгі себептері бар. Олар:

1) жұмыс орнындағы техника қауіпсіздік ережелерінің сақтаудағы кемшіліктер;

2) жұмыс орындарын дұрыс жарықтандырмау;

3) өндіріс аумағының былығуы және ластануы;

4) тұрмыстың қанағаттанарлықсыз жағдайлары;

5) алкогольдік ішімдіктерге мас болу.

Осы себептер өндірістік қызметтен тыс зардап шеккен жазатайым оқиғаларға: үйде, аулада, жеке гаражда және т.б. байланысты.

– Адамдардың жарақаттану және қаза табу деңгейін төмендетуге қандай жағдай мүмкіндік туғызады?

– Біріншіден, оларды бұзу үшін қауіпсіздікті, қауіпсіздік ережелерін сақтау және арттыру үшін жауапкершілік шараларын қамтамасыз ету керек;

Екіншіден, кең бұқаралық тұрғындардың салауатты және қауіпсіз өмір салтына насихаттау жүргізу, алғашқы көмек көрсете білуге ықпал ету керек.

Қауіптілікті болдырмау үшін: аяқ астына мұқият қараңыздар; аяқты кең баспай, ақырын басыңыз; аяқтың ұшымен, артымен баспай, табанға толық басыңыз; тазаланбаған көшелерді және тайғақ жерлерді айналып өтіңіз; құм себілген жаяужолдармен жүріңіз; аяқ киімнің табанына зімпаралы қағазды немесе жабысқыш пластырь жабыстырыңыз; табаны кедір-бұдыр аяқ киім киген дұрыс болар; бойжеткен қыздарға көктайғақ кезінде жоғары, жіңішке биікөкшені ұмытқан жөн болар.

Егер Сіз сонда да көшеде тайғанап құласаңыз және аяқ-қолыңыздың жіті түрде ауырғаның сезсеңіз, өзіңіздің күйіңізді бағалау маңызды.

Сынықтың немесе буын шығудың басты белгілері: қатты ауырсыну; өсе түскен ісік; зақымдалған аяқ-қолдың қысқаруы және оны дұрыс қозғау мүмкіндігі болмау. Сондай-ақ жарақаттану салдарына мидың шайқалуы да мүмкін. Ми шайқалудың белгілері: естен тану (кейде тек аз сәтте); жүрек айну; бас ауруымен байқалады. Қалай да болсын әрі-бері өтушілердің назарын аударуға, көмек сұрауға тырысыңыз. Олар жедел жәрдем шақырып, немесе жақын травматологиялық орынға жетуге көмектесу керек.

Жазатайым оқиға міндетті түрде травматологиялық орынға немесе «жедел жәрдемге» жүгінумен аяқталады. Тек жеңіл соғып алу кезінде ғана дәрігердің көмегіңсіз амалдауға болады: ауырған жерге суық салыңыз, ол ісік пен ауырғанды азайтады, және көгерген жерді сорып алу үшін жақпа май немесе гель жағыңыз. Ауырған жерді жылытуға болмайды, әсері тікелей қарама-қарсы болады. Көшедегі жарақаттанудың алдын алу бойынша маңызды шаралардың бірі – тұрмыстық маскүнемдікпен күрес, өйткені көшедегі жарақаттар жиі адамның мас күйінде болады.

– Адамдардың жарақаттануының белгілері мен жарақат асқынған жағдайда қандай көмек көрсетіледі?

– Алдымен адам денесіндегі жарақаттың себептеріне тоқталып өтсек:

1) механикалық факторлар (соғылу, ауыр салмақты плитаның астында қалу, биіктен құлау)

2) химикалық факторлар (қышқылдардың, улағыш заттардың әсері)

3) физикалық факторлар (ыстық, суық, қысым, электр тогының, рентген, иондаушы сәулелердің әсері)

4) биологиялық факторлар (бактериялардың, вирустардың, басқа макро және микроағзалардың әсері)

5) психикалық факторлар (қорқу, ренжу, абыржу салдарынан).

Негізгі сұрағыңызға жауап берер болсам, жарақаттанудың жалпы белгілері: ес-түсінен айырылуы, ыстығы көтерілуі, тамырдың нашар соғуы, артериалық қысымның төмендеуі, тыныс алудың, зат алмасудың бұзылуы және т.б.

Жарақаттардың асқыну жағдайлары: жарақаттық шок, талықсу; қансырау, қан кету; жара инфекциясы; өмірге маңызды мүшелердің қызметінің (жүрек, бүйрек, өкпе) бұзылуы.Әсiресе ауыр зақым алғанда, оқ тигенде есiнен танады. Зақымданған кезде миға келетiн қан күрт азаятын болса да адам ес-түсiн бiлмей қалады. Мұндай жағдайда естен тануды шок деп атайды. Шоктың төрт дәрежесi бар. Олар:

І дәрежелi шок – орташа жарақат алған кезде болады. Мұндайда терi бозарады, кейде көгередi, бұлшық еттерi дiрiлдейдi. Тыныс алу минутына 90-100-ге қан қысымы сынап бағанасынан 100/60 мм-ге дейiн төмендейдi.

ІІ дәрежелi шок – ауыр жарақат алғанда пайда болады. Мұндай жағдайда шырышты қабаты мен терi бұзылады. Адам сүлесоқ жатады, айналасына көңiл аудармайды, жай баяу сөйлейдi. Тыныс алу минутына 30-ға, тамырының соғуы 120-ға дейiн жиiлейдi, қан қысымы, дене қызуы едәуiр төмендейдi.

ІІІ дәрежелi шок. Көп зақым немесе көп жарақат алған кезде пайда болады. Мұндайда аурудың жалпы жағдайы ауырлайды, терiсi бозарады, көгередi, есiнен танады, қойған сұраққа естiлер естiлмес жауап бередi. Тамыр соғуы минутына 120-140-қа жетедi, дене қызуы төмендейдi. Қан қысымы 60-30 мм-ге дейiн төмендейдi.

ІV дәрежелi шок кезiнде ауру есiнен танады, тамыр соғуы бiлiнбейдi, қан қысымы өте төмен болады, тыныс алуы сирек әрi үстүрт болады. Денеден қан көп кетсе немесе ағза салқындаса, шаршап қалса, тасымалдағанда қосымша зақым келтiрiп алса, тасымалдағанда көлікпен селкiлдесе, ауруын басатын дәрi берiлмесе, адам естен танады. Мұны жарақаттық шок деп атайды. Мұндай жағдайда әуелi алғашқы көмек көрсетiп алу керек. Қан ақса, тез уақытта тоқтату керек. Егер кеуде жотасы үңiрейiп тұрса, ондай жағдайда герметикалық таңғыш салады. Ал сүйек сынса, сүйек қозғалып кетпейтiндей етiп таңады, зақымданған болса, онда ыстық кофе мен шай беру керек. Жарақат қай жерде болса да, ол түрi мен ауырлығына қарай жанға батады. Ауру қатты болған сайын зақым алған адамның хал-жағдайы нашарлайды, ауруы асқынады.

– Біздің газетіміздің тұрақты оқырмандары, қоғамымыздың қазынасына баланатын қарт адамдардың дене жарақатының алдын алу бойынша қандай кеңестер мен ұсыныстар айтасыз?

– Қарт адамдардың жарақаттану жағдайлары да жиі орын алып жатады. Қариялар арасында орын алатын жарақаттардың, құлаудың, мертігудің алдын алу көбінесе адамның өзіне, өмір салтына, мінезіне және назарына байланысты. Егде және кәрі жаста неврологиялық және қан жолдары ауруының, тірек-қозғалыс аппаратының патологиясы негізінде жүріс-тұрыс мәселелері: бұлшық еттер атрофиясы, буындардың ауруы, олардың икемділігінің жоғалуы пайда болады. 50 пайыз құлау жағдайлары үйде, әсіресе жуынатын және жатын бөлмелерінде болады. Көп қарт адамдар жарақатқа куәліктерсіз ұшырайды, сондықтан тез көмек ала алмайды.

Қарт адамдар жарақаттануының алдын алу бойынша мынадай ұсыныстар айтар едім:

1) Дер кезінде жүрек-қан тамырлары, артроз, остеопороз ауруларын анықтау және емдеу қажет.

2) Уақытылы және неғұрлым тиімді көзілдірік немесе есту аппаратына тапсырыс беру үшін, көру және есту қабілетін жиі тексеріп отыру қажет.

3) Үй жағдайында дәрігердің тағайындауы бойынша тепе-теңдік және бұлшық ет жаттығуларын, сондай-ақ күнделікті жүрісті орындау.

4) Тұрғын үй-жайларында оңтайлы температураны ұстау қажет, өйткені оның елеулі түрде ауытқуы мидың қан қысымы айырмасын нашарлатады, ол үйлесімді қозғалыстардың бұзылуына әкеліп соғады.

5) Жиі серуендеу, жүзу, жеңіл гимнастикамен айналысу сергектік және қозғалғыштықты сақтауға көмектеседі.

6) Тәуліктің қараңғы уақытында, ауа райының өте суық кезінде, қар жауған және көктайғақ кезінде үйден шығу орынсыз. Қысқы уақытта серуендеу кезінде құлаудың алдын алу үшін, таяқ қолдану немесе жақын туыстармен қыдыру орынды, әсіресе көшені өткенде, баспалдақпен көтерілу, түсу кезінде бұл өте маңызды.

7) Тәуліктің қараңғы уақытында үйге қайтқанда, бағдарды адам көп жүретін және жарығы бар орындарда таңдап, жақын туыстар және достармен бірге жүру орынды.

8) Аяқ киімді дұрыс таңдау маңызды. Ол тар болмауы тиіс, бірақ тым үлкен мөлшерде емес, жұмсақ және кедір-бұдыр табанды болуы керек.

9) Қарт адам тұратын бөлмедегі жиһаз да маңызды рөл атқарады. Мысалы, кереует 60 сантиметрден төмен болмауы, креслолар шұңқыр болмауы керек, креслолар жұмсақ, басқа тірек болу үшін, арты биік болуы керек. Төсектен тұрғанда, шалт қозғалудан сақ болу керек.

10) Жарақат алу кір жуу, суға шомылу кезінде болуы мүмкін, сондықтан ваннаға суды туыстары немесе қызмет көрсетуші қызметкерлер құю керек. Жуынатын бөлме тұтқалармен, ваннаның шетіне бекітілген тірекпен және арнайы орындықтармен жабдықталуы керек. Жуынатын бөлменің еденіне резина төсеніші төселуі керек.

Сонымен қатар қарт адамдар үнемі өз күштері мен ағзасының мүмкіндіктеріне назар аударып, өзіне сенуі керек. Қарт адамдардың жарақаттануын азайту, бұл санаттағы адамдарға мемлекет тарапынан қамқорлық жасау кезінде ғана емес, осы азаматтардың өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне мұқият қарау арқасында болады.

– Жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақаттану жағдайлары да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Маман ретінде бұл жайлы оқырмандарға қандай ақыл-кеңестер айтасыз?

– Статистикалық көрсеткіштерге шолу жасар болсақ әлемде жыл сайын жол апаттарында шамамен 1,3 млн. адам көз жұмады, ал 20 млн-нан 50 млн адамға дейін жарақат алады немесе мүгедек болып қалады.

Жол-көлік оқиғасының (ЖКО) қатері мен зақымданудың ауырлығын төмендету үшін олардың тиімділігі дәлелденген түрлі іс-шаралар қолданылады.

1. Қалалық жолдар бойында велосипедшілерге арналған арнайы жолдардың бөлінуі, велосипедшілер арасындағы өлім санын қысқартуға мүмкіндік берді.

2. Күндізгі уақытта жағылған шамдармен жүру ЖКО санын 10-15 пайызға төмендетті.

3.Алдыңғы орында отырған жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін пайдалануы жарақаттың барлық түрлер санын 40-50 пайызға азайтты. Белдіктер мен қауіпсіздік жастығының үйлесімі жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы өлім санын 68 пайызға азайтты.

4. Егер бала машина жүрісі бойынша отырса, балалар креслосын пайдалану барлық жарақаттар санын 34 пайызға, ауыр жарақаттар санын 60 пайызға төмендетеді, ал егер бала машина жүрісіне қарсы отырса, барлық жарақаттар санын 76 пайызға, ал ауыр жарақаттар санын 92 пайызға төмендетеді.

5. Мотоциклшілер мен велосипед-шілер шлемін пайдалану жарақат алған тұлғалардың санын 20 – 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Көшеде, өндірісте, отбасында жазатайым жағдайдың болуы туралы әрбір хабарлама қайғылы сезім тудырады. Әсіресе бала қаза тауып, жараланса, екі есе ауыр тиеді. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, бір біріне құрметпен қарау міндеті сақталса, жазатайым оқиғалардың болу ықтималдығы айтарлықтай аз болар еді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Ердәулет САҒЫНДЫҚ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы