БОТУЛИЗМ АУРУЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕРІ

62 көрілім

Ботулизм – тағамдық токсикоинфекция тобына жататын, тіпті өлім жағдайына әкеп соқтыратын қауіпті ауру. Бұл аурудың қоздырғышы-клостридий тобына жататын ботулизм бактериялары. Ботулизм клостридийларының үнемі өмір сүру ортасы – топырақ. Мұнда олар, қоршаған ортаның физикалық және химиялық факторларының әсерлеріне өте төзімді келетіндіктен, ұзақ жылдар бойы сақталады. Топырақтағы микробтар азық-түлік арқылы тағамға түседі. Токсинді микробтар мұқият жуылмай, тазартылмаған азық-түліктер арқылы адам ағзасына түсіп, улайды.
Қазақстанда тіркелетін ботулизмнің басым бөлігі консервіленген, тұздалған жемістерді (саңырауқұлақ, баклажан, қызанақ және т.б) тұтыну барысында тіркелетіне тәжірибеде анықталып отыр. Ботулизм таяқшасы адам организміне түскеннен кейін ауру өте тез 2-24 сағаттың ішінде тарайды.
Алғашқы белгілері: жалпы әлсіздік, бастың ауруы, ал іштің өтуі, құсуы үнемі бола бермейді. Ботулизм кезінде адамның жүйке жүйесі зақымдалады, олар көрудің, жұтынудың бұзылуымен, дауыстың өзгеруімен сипатталады. Науқас заттарды тұманда тұрғандағыдай көреді, көз алдында қосарлану пайда болып, қарашығы кеңейеді. Көздің қитарлануы жиі байқалады, бір көзінің қабағы төмен түседі (птоз). Кейде көз қарашығының жарыққа реакциясы да байқалады. Науқастың аузы құрғайды, даусы бәсеңдеп, тілі күрмеледі. Дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін, есін жоғалтпайды. Науқастың ішіндегі интоксикация (улану) белгілері күшейген сайын, көздегі белгілер де айқын болады, жұтыну толығымен қиындайды (жұмсақ таңдайдың параличі). Жүрек қағысы білінбейді, кейінірек күшейе түседі, қан қысымы төмендейді. Тыныс алудың параличі салдарынан адам өліп кетуі мүмкін.Сондықтан, жоғарыда аталған жағдайлар анықталған жағдайда және күдікті деген тағамды тамаққа қолданған болсаңыз дер кезінде медициналық көмекке жүгінгеніңіз жөн.
Науқастан тағамға қандай азық-түлік қолданғанын сұрау арқылы жинақтаған анамнезден кейін және қаны мен зәрінде токсиндерді анықтағаннан кейін диагнозы анықталады.Егер ботулизм диагнозы қойылса, емделуі тек қана аурухана жағдайында, дәрігердің бақылауында жүргізіледі.
Ботулизм бактериялары топырақта өмір сүреді, ал олардың көбеюі мен у шығаруы оттегісіз ортада жүреді. Көп тұтынатын консервілердің ішіндегі ең қауіптісі топырақтан жақсы тазартылмай консервіленген саңырауқұлақтар мен қызылша, баклажан, сондай-ақ банкасы ісініп кеткен ет және балық консервілері.
Есіңізде болсын! Үй жағдайында консерві дайындайтын болсаңыз, барынша санитарлық талаптарды орындап, жеке бас гигиенасын сақтағаныңыз өзіңіз үшін де, өзгелер үшін де ең тиімді болады. Қақпағы көтеріңкі және суы бұлыңғыр консерві өнімдерін сатып алу қауіпті. Сонымен қатар, базардан, көшеден, қолдан консерві өнімін алып тұтынбағаныңыз жөн, өйткені сіз ол өнімнің қандай жағдайларда, кімнің дайындағанын білмейсіз. Сақтықта қорлық жоқ деген, өз өміріңіз-өз қолыңызда.

Түркістан қалалық СЭББ бас маманы К.Оразымбетова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы