ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАННЫҢ КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ

238 көрілім

Түркістан үшін жанын аямай еңбектенген, халқымызға қалтқысыз қызмет жасаған, білікті басшы, парасатты азамат Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлының өмірден өткеніне биыл 3 жыл…

Саналы ғұмырын облыстың дамуына, әсіресе, Түркістан қаласының, Ордабасы, Сауран аудандарының экономикасы мен әлеуметтік дамуына арнаған абзал азамат Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлының есімі ел есінде мәңгі сақталады. Дәл уақытындағы және болашақтағы атқарылатын жұмыстарды нақты жоспарлап, болжай білетін көрегендігінің арқасында ол Түркістан қаласын облыс орталығы болуға дайындаған әкім ретінде есте қалды.

Түркістан қаласында үш рет әкім қызметін атқарған, тарихи мекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Әліпбек Шәріпбекұлының есімі түркістандықтар үшін қастерлі ұғым. Уақытпен санаспай әр кез тұрғындар арасынан табылып және биік мінберлерде сөз басын қара халықтың жоғын түгендеуден бастайтын Әліпбек Өсербаевтың еңбек жолы қазіргі таңдағы өңіріміздің әр аудан, қаласын басқарып отырған қай әкімге болса да үлгі боларлықтай еді…

Біз, бүгін ер есімін еске ала отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай Әліпбек Шәріпбекұлының жасаған баяндамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тәуелсіздік – туған жерін, Отанын сүйген әрбір қазақстандық үшін ұлы бақыт. Тәуелсіздікті бізге сырттан келіп, біреу алып берген жоқ. Оның астарында тарихымыздағы тар жол, тайғақ кешулер, сонау сақ дәуірінің дүбірі, түркі бабалар мирасы, қазақ хандығы мен кешегі отарлық кезеңдегі ұлтымыздың ұлы күрестері көз алдымызға келеді. Міне, сол қилы кезеңдердің соңы егемендік алумен жалғасып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында әлем елдері санасатын ықпалды мемлекет атандық.

Бұл Қазақстан халқы үшін баға жетпес байлық. Бүгінгі күнге дейін дүниедегі мыңдаған халықтар мен ұлыстар дәл осылай егемен ел болуды армандап келеді. Бірақ, өз мемлекетін құрып, ел болып отырғандары небәрі 200-ден асады екен. Соның арасында мәңгі бодан болып өткен халықтар қаншама. Осы ұлыстар мен ұлттардың көпшілігі тарих бетінде өзінің ешбір ізін қалдырып кетуге шамалары жеткен жоқ. Дегенмен, олар да бақытты өмір мен тәуелсіздікті армандап, оған қол жеткізу жолында қаншама қан мен тер төкті. Шынын айту керек мұндай қатер біздің ұлттың да басына төнгені белгілі. Алайда, азаттықтың ақ таңы бүгінгі ұрпақ біздерге бұйырды.

Соның арқасында ұлан байтақ жердің иесі Қазақстан тарихында түбегейлі өзгерістер болды. Мәңгілік Елдің негізі қаланып, береке мен бірліктің арқасында толағай табыстарға қол жеткіздік.

Бүгінде Қазақстанды бүкіл дүние жүзі таныды, Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында халықаралық беделді ұйымдарға мүше болдық және төрағалық еттік.

Осынау ғасырлар жүгін арқалар жылдар ішінде Түркістан қаласы да елеулі жетістіктерге жетіп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, өңірімізді Елбасымыздың ерекше ықыласы ауған қала дер едім. Оның айқын дәлелі Тәуелсіздік жылдарында Президентіміздің Түркістанға жасаған ресми сапарларының саны 13 болса, соның ішінде бауырлас мемлекет Президенттерімен 6 рет ресми кездесу өткізді. Осы секілді мемлекеттік маңызы бар ұлы істердің бастауында үнемі Түркістан тұратыны өздеріңізге белгілі.

Ал, енді өткен 25 жыл ішінде Түркістан қаласының тынысына тоқталып өтетін болсам. Қазіргі таңда қаламызда 46 этнос өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. «Еліміздің рухани және мәдени орталығы» деп, мемлекет басшысының өзі атап өткендей, әрдайым мемлекет және облыс деңгейінде өңіріміздің қасиетіне назар аударылып, Түркістанды түлетуге деген ерекше мән беріліп келеді.

Осындай айрықша ықылас пен құрметтің нәтижесінде баршаңызға мәлім Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрылды. Бұл бастама қаламыздың түркі дүниесіндегі орнын тағы бір айшықтай түсті. Қазір аталған оқу ордасы еліміздегі ең таңдаулы білім нысандарының біріне айналып отыр. Мұнда тәлім алған студенттер осы таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде және шет мемлекеттерде абыройлы қызмет етіп жүр.

Бұдан бөлек, 1991-92 жылдары шеттен келген қандастарымызға арнап «Достық» елдімекені (Мәшһүр Жүсіп ауылы) бой көтерді. Бүгінде мұнда 137 шаңырақта 1145 адам тұрмыс кешуде. Ауылда мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, таза ауыз су мәселесі де өз шешімін тапқан.

Сонымен бірге, осындай ауқымды жұмыстар 1998 жылдан бастап Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына дайындық шараларымен жалғасын тапты. Атап айтсақ, 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтуі де тарихи қаланың дамуындағы айтулы кезең болды.

Одан кейін, 2002 жылы Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайы Түркістанда өтті. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды.

Осы орайда, халық санына тоқталсақ, 1991 жылы шамамен Түркістанда жалпы 180 мыңдай тұрғын болса, қазір бұл 260 мың адамды құрап отыр. Бұл кезде мемлекеттің басты мақсаты әлеуметтік жағдайды арттыру еді. Сол кездегі білім, денсаулық, спорт тағы басқа да салаларды жетілдіру әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес.

Қала бюджетінің көлеміне тоқталып өтер болсам, 1991 жергілікті бюджет шамамен 2 млрд. теңгеден астам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 30 млрд. теңгеге жақындады. Ал, өңірлік өнім көлемі осыдан 25 жыл бұрын орта есеппен 3 млрд. теңгеден асса, қазіргі таңда 56 млрд. теңгеден асып отыр.

Соның арқасында Тәуелсіздік жылдары ішінде Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараттары салынды. Оның ішінде қала көлемінің кеңеюіне, халық санының артуына байланысты 10 мыңнан астам оқушы білім алатын 13 жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ, егемендіктің алғашқы жылдарында Түркістанда небәрі 3 балабақша болса, содан бері 50 балабақша ашылып, балаларды балбақшамен қамту көрсеткіші 82 пайыздан асты. Медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты дамыту, оған қолайлы жағдай жасау мақсатында 49 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Осындай шаралармен қатар, өндіріс орындарын құру, ауылшаруашылығы саласын дамыту жұмыстары да өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Мәселен, 1991 жылы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар саны 410 болса, қазіргі күні қала аумағында 3600 шаруа қожалық тіркелген. Мал басына келсек, малдың барлық түрін қоса есептегенде 1991 жылдары 210 мыңнан асса, бүгінде бұл көрсеткіш 635 мыңға жетіп, 3 есеге артып отыр.

Осы салада қайта өңдеу саласын жетілдіру барысында біршама табыстарға қол жеткіздік. Осыдан 20-25 жыл бұрын жергілікті тұрғындар еккен егініне орақ салған соң саудаға шығаратын. Қазіргі күнде жүйелі насихат жұмыстарының нәтижесінде қала аумағында ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындардың саны артып келеді. Осы таңда Түркістанда астықтан нан және тәтті тағамдар, еттен түрлі шұжықтар, ысталған ет, тауық еті, сүт, ірімшік, айран, қаймақ, балмұздақ, мақта майы, көкөніс тосаптары секілді 20 түрден астам азықтық өнімдер шығарылады. Бұдан бөлек, күнделікті тұрмысқа қажетті мақта өнімінен сабын және медициналық вата еліміздің көптеген аймақтарына тарауда. Бұл көрсеткіштер алдағы уақытта еселене түсетін болады. Себебі, келер жылдарға межелеген жоспарларымыз бар.

Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1991 жылы бүгінгі бағаммен есептегенде 56 млн. теңге болса, бүгінгі таңда 10 млрд. теңгеден асты. Өнеркәсіп өнім көлемі 1991 жылы 253,2 млн. болса, қазір 9 млрд. теңге болды.

Өнеркәсіп саласын жетілдіру мақсатында қаламызда ауықымды жұмыстар жасалуда. Шаһарымыздың бас жоспарына сәйкес, батыс бөлігінен өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтсам, 40 га. жерге индустриалды аймақ құрылып, 847,0 млн. теңгеге инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Осы аймақта жалпы құны 8865,5 млн. теңгеге 14 жоба орналасып, 720 жұмыс орны құрылады. Және жаңа жобасын іске қосамын деген кәсіпкерлер үшін есік ашық. Бұған қоса, өңірде сауда-логистикалық орталығын салу үшін 20 га. жер бөлініп, жобалық құны 3500,0 млн. теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Межеленген уақытта орталықта 200 жаңа жұмыс орындары ашылып, 1,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.

Қаладағы коммуналдық саласында ең басты мәселенің бірі орталық жылу жүйесінің жоқтығы еді. Көпқабатты үй тұрғындары жеке пәтеріне отын тасып от жағуға мәжбүр болды. Осындай күрделі мәселе 2009 жылы шешімін тауып, тұрғындарға бір орталықтан жылу берілді. Сонымен бірге, қаламызда 2005 жылдарға дейін тұрғындардың сапалы электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 85 пайыздан 98 пайызға жетті. Ол үшін екі бірдей электр подстанциясы іске қосылып, жаңадан транформаторлар мен электр бағаналары орнатылды. Кеңестік кезеңде жүргізілген ауыз су құбырының жалпы қашықтығы 150 шақырым болса, бүгінгі күнде 2000 шақырымға жуықтап, қала аумағындағы тұрғындардың 90 пайызының таза ауыз су тұтынуына қол жеткізіліп отыр. Және де өркениетті қалалардағыдай шаһарымызды сарқынды су жүйелерімен қамту мардымсыз болатын. Бар жоғы 55 шақырымды құрайтын бұл жүйеге «Сауран» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлер ғана қосылған еді. Бүгінгі таңда қалада жаңадан сарқынды су тазалағыш стансасы салынып, қосымша 73 шақырым негізгі сарқынды су жүйесі тартылды. Оған қоса, 17 су айдағыш стансалар салынып, жалпы саны 27-ге жетті. Енді алдағы уақытта сарқынды су құбырларының ішкі жүйелері жүргізілетін болады. Сол сияқты қаланы өз атына сай абадтандыру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Коммуналдық қызмет саласында көптен бері мәселеге айналып келген қала орталығындағы Т.Бокин көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлер 2015 жылы толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Ауыз су, сарқынды су жүйелері және осындағы ішкі орам жолдары, түнгі жарықтандыру мен ойын алаңшалары салынды. Сол секілді қала шетінде салынған көпқабатты екі үй 2014-2015 жылға дейін қараусыз қалған болатын. Сол мәселені шешу мақсатында аталған үйлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, орталық жылу қазандығына қосылды.

Және де 1991 жылдан бері Түркістан қаласы аумағында бюджет және тұрғындар есебінен 1 млн. 147 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынды.

Сонымен бірге, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қаланың 6 бағыттағы шыға беріс көшелері мен орталықтағы жалпы саны 15 көшеге түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілсе, ауыл орталықтарындағы көшелер жарықтандырылды.

Өткен жылдарда Түркістан қаласында атқарылған жұмыстармен бірге, алдағы күндерде межеленген міндеттеріміз де Тәуелсіздігіміздің баянды болашағына бастар жол деп есептейміз. Бұл бағытта Түркістанның жаңа даму жолы бастау алғалы тұр. Ол үшін қаламыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне жол ашатын даму концепциясы жасалды. Осы құжат аясында Түркістанда «Отырар» атты жаңа мөлтек аудан бой көтеруде. Мұнда келешекте 100 көпқабатты тұрғын үй және әлеуметтік нысандар бой көтермек. Оған қоса, қаланың жаңа әкімшілік іскерлік орталығын салу жоспарланған.

Сондай-ақ, қаламызға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы 1 миллионнан астам адам келсе, бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын жоғары болады деп күтілуде. Осы туризм саласын дамыту қазіргі күні қаламыздағы негізгі мәселенің бірі болып отыр. Бұған дейін осы мақсатта туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 10-ға тарта нысандар бой көтеріп, тарихи орындардың инфрақұрылымдары жүргізілді. Енді алдағы уақытта туризм саласын дамытуға бағытталған концепция аясында еліміздің құнды мұрасы, түркі жұртына ортақ Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінің маңы көне заманнан сыр шертетін байырғы қала кейпінде бой түзейтін болады. Сонымен қатар түркістандықтар үшін ғасыр жобасы болып саналатын табиғи газ тарту жұмыстары бастау алып, алдағы жылдары тұрғындарды табиғи газбен қамтуды толық шешу мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, даму концепциясында өңірдің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары да жаңа қырынан нығая түсетін болады.

Осылайша айта берсек, өңірімізде атқарылған жұмыстар легі мол. Бұл өз кезегінде қастерлі Тәуелсіздіктің елге берген теңдессіз сыйы деген тұжырым жасауымызға негіз болады.

Егемен еліміздің рухани өзегі – Түркістан қазақ хандарының таққа отырғызылып, ел билігіне кірісетін киелі орны болды. Ағаштың жаны – өскен жерінде, адамның жаны – туған елінде дегендей, ғасырлар бойы ұлы даламыздың астанасы болған Түркістандай туған өлкеміздің біздер үшін орны ерекше. Осылайша игілікті істердің ордасына айналған қаламыздың тағы бір мерейлі кезеңіне мол жетістіктермен аяқ бастық. Бұл біздің ортақ қуанышымыз.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласы Қазақ елінің шын мәніндегі рухани астанасы. Бүкіл түркі жұртының түп мекені.

«Сауран-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы