«ПАРКТЕР ШЕРУІ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АШЫЛДЫ

428 көрілім

Туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқықбұзушылықтың алдын-алу мақсатын көздеген жыл сайын дәстүрлі түрде «Парктер шеруі» экологиялық акциясы өткізіліп тұрады. Аталған акция барысында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында су айдындарын тазалау, тораңғы ағашын, қызғалдақ гүлін, жабайы аңдарды қорғау секілді шаралар өткізіледі.

Екі айға созылатын экологиялық акцияның ашылуы Сауран ауданы, Құсшы ата елді мекені «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде өтті. Өскелен ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мақсатында мектеп оқушыларының сайысы форматында өткізілген додаға саурандық және кентаулық жас экологтар қатысты.

Балалар өз топтарын таныстырып, қоршаған ортаны қорғауға насихаттайтын сахналық көріністермен қазылар алқасының көңілінен шықса, табиғат туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер айтумен жарысып, күмбірлеген күйлер ойнады. Жарыс барысында жеткіншектер өздері жасаған қолөнер бұйымдарымен көпшілікті таныстырды. Салтанатты іс-шара қатысушыларына табиғи парк әкімшілігі сияпаттар мен алғыс хаттар табыстады. Экоакцияның ашылуына орай Құсшы ата елді мекеніндегі екі мектептің аумағына орманшылар ағаш отырғызып берді.

Құрылғанына 10 жыл толып отырған табиғат қорғау мекемесі елімізге бұқар бұғыларының питомнигімен әйгілі. Парк аумағын басып жатқан торанғы орманы елімізде Сырдария мен Іле өзендері жағалауында ғана кездеседі. Ал Бәйдібек ауданында орналасқан Тұттыбұлақ сарқырамасы соңғы үш жылда парктің ең танымал демалыс орнына айналған.

Бұл акция аясында табиғи парк қызметкерлері экологиялық полиция өкілдерімен қызғалдақты жұлудың алын-алу рейдтеріне шықпақ. Қазіргі таңда лалагүлдерді сақтап қалу басты міндеттердің бірі дейді Сырдария-Түркістан МӨТП бас директорының орынбасары Мұрат Айтимбетов.

«Ғалымдардың айтуынша Қазақстан қызғалдақтардың отаны болып табылады. Бұл керемет гүлдер Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, сосын Голландияға жеткен. Ғылымдар гүл атауын парсы toliban (шығыс халқының бас киімі) сөзінен шыққан деп пайымдайды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қызғалдақтың 34-тен астам түрі өссе, оның 18 түрі Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Бұлардың ішінен Грейг, Борщов, Берікқара (Кауфман), Түркістан, Леман, Бузе, т.с.с. танымал. Эндемиктер қатарына Колпаковский, Зинаида, Борщов, Островский, Регель, жалған қосгүлді, Альберт, Кеш қызғалдақ болып есептеледі» – деп түсіндірді М.Айтимбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында Қызыл кітапқа, сирек, құрып бара жатқан өсімдік жануарларды жою үш мың АЕК (10 350 000 теңге) айыппұл немесе қоғамдық, түзету жұмыстарына тарту, тіпті бостандықтан айыруға әкеледі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы