САРЫАҒАШТА “ӘЛЕМНІҢ НҰРЫ — ӘЙЕЛДЕР” АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

327 көрілім

Сарыағашта 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Әлемнің нұры-әйелдер» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті. Мерекеге ардагер аналар, Алтын, Күміс алқа иегерлері, бірнеше егіздерді дүниеге әкелген аналар, көпбалалы аналар, мемлекеттік мекемеде қызмет ететін қыз-келіншектер қатысты.

Аудан басшысы жер-дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтап, нәзік жандылардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

«8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Тіршілік атаулыға мағына, мән беріп, дүниені пәк қалпында ұстап тұрған арулардың жүрегіндегі сол ізгі сезімдер. Сол үшін біз оларды ерекше құрметтейміз. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Сіздерге бүгінгі мереке күні ауданның ер азаматтары атынан дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қуаныш пен бақыт тілей отырып, үміт – армандарыңыз орындалсын демекпін. Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты да аяулы аналар!»,- деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.

Одан соң, салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі алтын құрсақты аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік төсбелгілерін табыстап, содан соң ауданның дамуына елеулі үлес қосқан ардақты әжелер мен қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік құттықтау барысында аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, қала, ауыл округ әкімдері, дербес бөлім және аудан әкімі аппараты бөлімшелерінің басшылары хормен «Ана туралы жыр» орындап, жиналған аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтарын табыстап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шара соңы аудандық өнер иелерінің концерттік және көңілашар бағдарламаларына ұласты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы