«МЕКТЕПТЕР СЕНІМГЕРЛІК БАСҚАРУҒА БЕРІЛМЕЙДІ»

806 көрілім

Газетіміздің өткен санында «СЕНІМГЕРЛІКТЕГІ СЕЛКЕУЛІК немесе Түркістандағы 10 мектептің тағдыры қалай болмақ?» атты мақала жарияланған болатын. Мақалаға Түркістан қаласындағы бірнеше мектептердің сенімгерлік басқаруға берілетіндігі жайлы және оған А.Байтұрсынов атындағы мектеп ұжымы қарсылық танытып, наразылықтарын білдіргені арқау болды. Аталған даулы мәселеге қатысты Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы арнайы сұқбат беріп, ресми түрде жауап берді.

Оразкүл Шайхықызы, Түркістан қаласындағы 10 мектептің сенімгерлік басқаруға берілетіні рас па?

– Жалпы байқағаным, кез келген жаңа жоба жарық көрместен бұрын, қоғамдық талқыға түсіп, оған қарсы пікір айтатын белгілі топтар болады. Бірақ ол пікір айтылуы тиіс. Әсіресе білім беру саласы тек қана ұстаздарға немесе басқармаға ғана тиесілі дүние емес. Ол қоғамға ортақ мәселе. Сол секілді, осыдан 3 жыл бұрын Түркістан қаласындағы «қара шаңыраққа» айналған біраз мектептерді сенімгерлік басқаруға беру туралы сөз қозғалған. Бұл мәселеден мен хабардармын. Жоғарыда атап өткенімдей, сенімгерлік басқару деген 3 жыл бұрын ұсыныс ретінде енген жоба ғана. Іс жүзінде, қала ішіндегі ешқандай мектеп сенімгерлік басқаруға берілмейтінін хабарлаймын. Жақында ғана оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жиналыс өткізген болатын. Онда дәл осы мәселе қозғалып, қаралды. Одан бөлек, өзім Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының жеке қабылдауында болып, осы мәселенің нақты жауабын алдым. Сондықтан қала ішіндегі мектептер сенімгерлік басқаруға өтеді деуге ешқандай негіз жоқ. Алайда, ұсыныс тасталып, жобаны әрі қарай жетілдіреміз деген ой болған. Бірақ бұл мәселе сол жерде тоқтатылды. Сенімгерлікке Түркістан қаласындағы өтеді деген 10 мектептің ешқайсысы берілмейді деп сенімді түрде айта аламын.

Ал әлеуметтік желіде тарап кеткен хатқа тоқталсақ. Ресми түрде қалалық білім бөліміне жолданған хат екені белгілі. Ол хат туралы не айтасыз?

Жоғарыда тоқталып өткенімдей, сенімгерлік басқаруға беру туралы пилоттық жоба осыдан 3 жыл бұрын ұсынылған. Сол жобаны жүзеге асыру барысын толыққанды зерделеуге негізделіп жолданған хат болатын. Тиісінше, қала ішіндегі аталған 10 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық базасы тексерілді. Хаттың ресми түрде жолданғаны рас. Бірақ нәтижесін сіздермен бөлісіп отырмын. Түркістан қаласындағы ешқандай мектеп сенімгерлік басқаруға берілмейтін болды. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

Өзіңізге белгілі бұл мәселе ұстаздар қауымы үшін өте өзекті мәселе. Осы тұрғыда, А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектеп ұжымы мәдениетті түрде қарсылығын білдірді. Алдағы уақытта сол ұжымға қысым болмайтынына басшы ретінде кепілдік бере аласыз ба?

– Мектеп ұжымының қарсылығы жайлы арнайы ұйымдастырылған іс-шара барысында ғана хабардар болдым. Одан алдын бұл мәселенің дауға айналып, қарсылық тудырып жатқанын білмеппін. Әрине, кез келген қоғам мүшесі өз пікірін айта алады. Мен де сол қоғам мүшесі ретінде оқушының да, ата-ананың да, мұғалімнің де үніне құлақ аса білуім керек. Жалпы алғанда, А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің ұжымы тек қана бір мектептің мәселесін көтермеді. Олар қала ішіндегі айта алмай, іштей уайымдап, алаңдап отырған қалған тоғыз мектептің ішіндегісін шығарды. Осы тұрғыда ұстаздардың жеткізгісі келген түпкі ниетін жақсы түсіндім. Мен бұл мәселеге сол күні іс-шарадан кейін-ақ жауап беріп қойғанмын. Сондай-ақ, бұл мәселеде бас көтерген кез келген мұғалім «біздің мектеп» деп сөз бастады. Демек, бұл ортақ мүдде, ортақ пікір. Сондықтан біздің тараптан ешқандай қысым болмайтыны даусыз. Сонымен қатар, мойындауымыз қажет 10 мектептің жағдайын бір мектеп айта білді. Қайталап айтамын, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Мектептер сенімгерлік басқаруға берілмейді.

Ғалия БИСЕЙІТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы