ӨМІР БЕЛЕСТЕРІ

362 көрілім

С.Ерубаевтың туған жылына байланысты бірер сөз. Біз күні бүгінге дейін Саттарды «1914 жылы туған» деп келеміз. Бірақ  С.Ерубаев жайлы біраз қалам тербеген жазушы Ә.Шілтерханов былай дейді:

 «…Саттардың туған жылы мен туған жері жөніндегі деректер де онша дәл берілмей келе жатқанын айтуға тиіспіз. С.Ерубаевтың өмірбаянында «Саттар Ерубаев 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының 21-ауылында туған» деп жазылып жүр. Көп деректерде Саттар 1914 жылы туған деген тұжырым жасалады. Біздіңше, Саттар 1913 жылы туған, оған мынадай дәлелдер келтірер едік. Саттардың аталас ағайыны Тебей ақсақалдың кемпірі Тәлімі шешей Саттар дүниеге келгенде іргілес отырып, басы-қасында болған адам.

Тәлімі шешей: «Саттар күзем алып болғаннан кейін Ұзынқұдықта туды. Ал менің Әмзе деген балам одан екі ай кейін, тоқсанның басында туды», – дейді. Жалпы өмірбаяндық деректерді Саттардың өз шығармаларынан да іздеу керек. Ондай деректерге Саттар шығармалары соншалықты бай. Саттар өзінің «Мәңгілік өмір» дейтін новелласында «Бұл 1920 жылы болатын, онда мен 7 жаста едім» деп жазады.(1920-7=1913) Бұған жоғарыдағы Тәлімі шешейдің әңгімесін қоссақ, мұның бәрі С.Ерубаевтың 1913 жылы туғанына күдік қалдырмайды…»

 Ал енді осы мәліметтерге Саттардың анасы Бапа шешеміздің жоқтауындағы «жиырма төртте қыршын кеткен боздағым» дегенін қоссақ, Ә.Шілтерхановтың дәлел-дәйектері Саттардың 1913 жылы туғанына, шынында күдік қалдырмайды. Бірақ «1914 жылы туылған» деген дерек әбден орнығып қалған. Сонымен бірге С.Ерубаевтың туған айы мен күні де белгісіз. Бұл деректермен біз – Саттардың бұл пәнидегі өмірін 1 жылға ұзарттық, әлде ұзартқан болдық. Алайда, өміршең көркем дүниелері арқылы – Саттар өмірі мәңгілік деп білеміз…

«С.Ерубаев музейінің» қызметкері,

Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы