ОТБАСЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТІРЕГІ

1  602 көрілім

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Яғни «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдырмай» жаңғыру, жаңару мүмкін емес. Осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарымыздың бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті, ұлттық рухани құндылықтардың негізі отбасылық дәстүрде жатқаны белгілі. Осы себепті, ұлттық дәстүрді берік ұстанып, ұрпағына ұлықтап отырған отбасыларды насихаттап отыру маңызды шаруа.
Бүгін Түркістан қалалық мәдениет үйінде Отбасы күніне орай «Өнегелі отбасы» атты үлгілі отбасылар арасында байқау өтті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру, келешек ұрпақтың көрегенді, тәрбиелі де әдепті болуын алдын – ала ойластыру мақсатында қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа 4 жанұя мүшелері қатысып, бақтарын сынады.
Қатысушылар байқау барысында көпшілікке өнегелі отбасыда ғана үлгілі ұрпақ өсетінін жеткізуге тырысты. Отбасылық сайыста «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» (таныстыру), «Білгенге маржан» (сұрақ-жауап), отбасындағы отағасының сүйікті тағамын дайындау, «Өнерлі өрге жүзер» (отбасылар өнері) тақырыбында өрбіген 4 кезең бойында халқымыздың қанына сіңген, сүйегіне өткен, ұлттық кодымыз болар салт-дәстүрлер жаңғырды.
Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы командасы үшін барын салды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасыған, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің ұлттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.


Отбасылық байқауға енбек ардагерлері, атап айтсақ, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Таскүл Махмұтова, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова, қалалық әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім, қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева және Түркістан облысы «Іскер әйелдер қауымдастығының» мүшесі, жекекәсіпкер Әмина Қыдырбаева өнегелі отбасылардың өнерлеріне әділ қазылық жасап, оң бағаларын берді. Көпті көрген ардақты аналар сайысқа қатысушыларға ақ тілектерін айтып, мәрелі сәтте жеңімпаздарды марапаттады.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Құрбанәлі Қалымбет отбасы жеңіп алды. Отанасы Ләззат Утешова қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың «Жігерлендіру», ақиық ақын Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқыса, гүлдей жайнаған қыздары да өнермен сусындап өскендерін жарқырата көрсетті. І-інші орынды Нарымбетовтер отбасы жеңіп алды. Ал, ІІ-інші орынды Пашановтар әулеті , ІІІ-інші орынды Байтасовтар шаңырағы иеленіп, мерейлері тасыды.
-Негізгі мақсатымыз – отбасындағы ынтымақ, бірлік, құндылықтар, татулық, сыйластықты дамыту болды. Бүгінгі байқауда әр үй өз отауында орнаған шаттық сырымен бөлісті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтқан, балаларды білімді, білікті, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жеке тұлғаны даярлау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз»,-дейді қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы