МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ТҮРКІСТАНДЫ ЖЫРҒА АРҚАУ ЕТТІ

1  050 көрілім

Бүгін «Ақжайық» музыка мектебінде қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің қолдауымен Түркістан қаласы өнер мектебінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларына арналған «Түркістаным – Тұраным» атты жыр мүшәйрасы болып өтті.

Өлең мен өнерге ұмтылған жастарды қолдап, отан сүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен байқау 1-5 сынып оқушылары арасында жүргізілді. Екі кезеңнен тұратын додада балалар мен жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі  Емен  Саметов, қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев,  ақын Үмітбек Бағдат төрелік етті.

«Жас талант иелерін анықтап, оларға қолдау көрсетіп, сонымен қатар дараларын поэзияға, айтысқа тарту басты назарда болды.  Кейбір мектептердің салғырттық танытып хабарсыз қалғанына қарамастан 90-ға жуық үміткер өз шығармаларын жіберді. Алдын ала іріктеуден кейін 25 оқушы соңғы кезеңге жолдама алды. Солардың ішінен бабы мен бағы қатар шапқанын қазылар алқасы анықтап отыр», – деді Түркістан қаласы Өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев.

Шаһардың жаңа келбетін жыр тіліне арқау етіп, дара өнерін танытқандар жүзден жүйрік шығып, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің арнаулы алғыс хаттарымен, жүлделі орындарына ие болды.  Сондай-ақ, Өнер мектебі дайындаған «Текті сөздің төресі – терме» атты жинақ барлық қатысушыларға табысталды.

Бас жүлдені №12 Қаныш Сатбаев мектебінің оқушысы Назерке Бектемір қанжығасына байласа,  бірінші орынға «Нұр-Болашақ» батауыш мектебінің оқушысы Еркебұлан Тінейбай және №31 бастауыш мектебінің оқушысы Шәкір Мұхаммед лайық деп танылды. Ал жүлделі екінші орын №24 жалпы орта мектебінің оқушысы Іңкәр  Жетпісбай мен №27 жалпы орта мектебінің оқушысы Сүндет Сәлиевке бұйырды.

«Түркістан – ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы