АВТОКӨЛІК БАҒАСЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ДЕЙІН АРЗАНДАУЫ ҒАЖАП ЕМЕС

1  000 көрілім

Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің (РОП) утилизациялық алымды әкімшілендіру мен қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Мемлекет тапсырмасына сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осындай қаулы қабылдады.

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент отырысында: «Кəсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр.

Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркəсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мəселені бизнеспен жəне қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек»,-деп қадап айтқан болатын.

Сонымен қатар «Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мəселесін қарастырған жөн. Осы жəне өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тəсілдерін қарастырыңыздар»,-деп пікірін толықтырды.

Бұл мәселені қоғам белсенділері 2016 жылдан бері көрсетіп келе жатқан болатын. Белсенділердің пікірінше аталған алыммен қатар көлікті алғашқы тіркеу құнын да төмендету керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіндегі халықты елең еткізген мәселенің бірі – утилизациялық алым. Бұл мәселе осыған дейін де қоғам арасында қызу талқыға түсіп келген. Тіпті бұған қарсы арнайы қозғалыс та құрылды. Оны өз сөзінде Президент те айтты. Қоғамның белсенді мүшелері бұл мәселеде екі нәрсеге қарсы.

Бірінші негізгі мәселе, алымның жоғары болғанынан сырттан келетін көлік бағасы да қымбат. Ал елдегі көлік паркі ескіріп барады. Мысалы: 2021 жылдың қараша айындағы есеп бойынша елдегі көлік паркінің 63,7%-ы 10 жылдан астам уақыт жүрген ескі көліктер. Екіншісі, алым жекеменшік компанияның қалтасына кетіп жатыр деп есептейді белсенділер. Түсінікті болу үшін айта кетейік, Қазақстанда 2016 жылдан бері сырттан әкелінген көлікке утильалым алынады. Оның құны көлік двигателіне қарай 459450 теңгеден бастап, 14 млн теңгеге дейін жетеді және ол шекті күнкөріс мөлшеріне қарай жыл сайын өзгеріп, нақтырақ айтсақ өсіп отырады.

Мәселен, 2022 жылы жеңіл көліктер үшін двигатель көлемі 1000 куб/см болса – 459450 теңге, 1000-2000 аралығында 1 072 050 теңге, 2001-3000 аралығындағы көлем үшін 1 531 500 теңге, 3001-ден жоғары болса 3522450 теңгені құрайды. Жүк көлігі, ауылшаруашылығы техникасы үшін бөлек мөлшерлеме белгіленген. Халық мұны тым қымбат деп есептейді.

Қозғалыс құрған белсенділер бұған дейін бірнеше рет утильалымға қарсы петиция жариялаған еді. «Германияда ол 100 еуроға, Нидерландта 30 еуроға тең, ал Жапонияда кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі Қазақстанға қарағанда 80 есе аз. Кәдеге жарату алымын енгізгеннен кейін елде автомобильдердің бағасы орта есеппен 2 есе өсті. Қазақстанда барлық посткеңестік елдер арасында автомобильдер бағасы ең қымбат», – деп жазылған еді петиция мәтінінде.

-Алғашқыда 30 мың, кейін 140 мыңнан астам адам қол қойған үндеуде алым көлік двигателінің көлеміне қарай 400000-нан бастап 5500000 теңгеге дейінгі аралықта екені көрсетілген. Алайда ол кезде мемлекет алым көлемі қалыпты,- дейді қоғам белсендісі Нұраддин Садықов.

Атап айтқанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елдегі утилизациялық алым өзге елдердегі мөлшерге сай екенін мәлімдеген. «Егер біздегі утилизациялық алым мөлшерін Ресей, Өзбекстан, Беларусь сияқты көрші елдермен салыстырсақ 1000-нан 2000 куб сантиметр көліктің алымы млн теңгеден сәл төмен екенін көруге болады. Ол өзге елдердікімен деңгейлес, тіпті біраз төмен. Бұл жерде бізде градацияның жоқ екенін атап өткен жөн. Мысалы біз жаңа, қолданыста болған көлік деп бөліп отырған жоқпыз. Ал Ресейде былай бөлінеді. Үш жылға дейінгі, жеті жылға дейінгі көліктің алым мөлшері әртүрлі», – деген еді министр.

Ал қайта тағайындалған дәл осы министр Президент тапсырмасына сәйкес утилизациялық алымның коэффициенті қайта қаралатынын айтты. Ведомство басшысының айтуынша жеке мемлекеттік немесе өнеркәсіпті дамыту қоры базасында оператор құрылуы мүмкін. Алым коэфиценттері қайта қаралады. Сонымен қатар отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру мәселесі қарастырылады.

Ел қарсы болып жүрген «Оператор РОП» компаниясы 2015 жылы құрылған. 2016 жылдан бері утилизациялық алым түрінде компанияға 691,9 млрд теңге түскен. Оның 338,9 млрд теңгесі отандық автокөлік өндірушілерге қайтарылған. 102 млрд теңге экологиялық мәселелерді шешуге, салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалған.

Қазір екінші деңгейлі банктердегі компания шотында 220,6 млрд теңге қалған. Мұны да ескі де, жаңа министр Брекешев айтты.

Сонымен бұл бағытта сең қозғалды, өзгеріс болатыны анық. Бірақ қашан, қай күні болатыны, алым мөлшері әлі белгісіз. Азаматтық белсенді, кәсіпкер, утилизациялық алымдарға қарсы қозғалыс көшбасшыларының бірі Нұраддин Садықов басқа санаттарда утильалымды азайтумен қатар, аграрлық сектордағы және жүк көліктеріне қатысты төлемді мүлдем алып тастау керек деген пікірде. «Мұнда алымды 6 есеге азайтып немесе алып тастау керек. Себебі соңғы саяси оқиғаларға триггері болған азық-түліктің қымбаттауына агро сектордағы техника бағасы әсер етті. Сондықтан аталған саладағы көлікерге утильалымын жүктемеу керек. Ал жүк көліктеріне алым 2020 жылы енгізілді. Жалпы елімізде утильалымын енгізудегі мақсат – отандық өндірушілерді қолдау болса, бізде әлі күнге дейін жүк көліктері құрастырылмайды. Бірақ аталған төлем алынады. Бұл мүлдем түсініксіз», – дейді Нұраддин Садықов.

Қоғам белсендісі алымның төмендеуі көлік бағасын арзандатады. Алайда бағаның қолжетімді болуы үшін көлікті алғашқы тіркеу мәселесіне де назар аудару керектігін айтады.

«Қазіргі кезде оның көлемі өте қымбат. Осыған қатысты ұсыныс жасап, оның көлемін кемінде 5, тіпті 10 есе түсірсек деген ойымыз бар.

Бұл автонарықта соңғы жылдары қалыптасқан көлік жетіспеушілігінің төмендеуіне, шағын және орта бизнестің дамуына, елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың азаюына алып келеді», – дейді белсенді.

Айта кетейік, утильалымды енгізгеннен кейін қарсы болғандар бұл шетелден көлік алып келуге кедергі шара және отандық автоөндіруші атанып жүрген белгілі бір топтардың мүддесін қорғауға бағытталған деп атаған.

Алайда Үкімет «отандық автокөлік өндірісін» дамытуға жүздеген миллиард теңге бағыттап келді. Белсенділер болса, бізде автоөндіріс сол күйі қалыпты дамыған жоқ деп отыр.

«Біздегі автоқұрастырушыларды, «автоөндірушілер» деп айтуға аузым бармайды, олардың локализациялау деңгейін өсіру, яғни, қазақстандық өнімдерден құрастырылатын бөлшектердің деңгейін арттыру керек», – дейді Нұраддин Садықов.

Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдаков аталған алым көлемін қайта қарап, мемлекеттік басқаруға беру шешімін қолдайды. «Алым бағасы әлемдік деңгейден жоғары болмауы керек. Мен 2016 жылы түрлі елдердегі алым көлемін қарап көрдім. Жапонияда мұндай алым 200 доллар шамасында, бұл 90 мың теңге. Германияда 150 еуро көлемінде, бұл да 90 мың теңге», – дейді сарапшы. Бұл жағымды жаңалық шын мәнінде қоғам белсенділерінің жеті жылдан бергі тоқтаусыз күресінің жемісі деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, ендігі жерде автокөлік бағалары шамамен екі есеге дейін арзандауы күтілуде. Сонымен қатар 24 қаңтардан бастап «Жасыл даму» АҚ утиль алымын қабылдай бастайды.

Қазір мемлекет меншігіндегі акционерлік қоғам екінші деңгейлі банктерде шоттар ашып, төлем жүйелеріне өзгерістер енгізуде. Оған дейін жаңа утилизациялық алымның мөлшері де бекітіледі.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы