БІЗ «KhanakA» ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫНДАМЫЗ

1  628 көрілім

Шаһардың тыныс-тіршілігін 92 жылдан бері халыққа жеткізіп келе жатқан «Түркістан» газетінің редакциясы тағы қоныс жаңалады. Жылдар бойы билік пен халық арасында алтын көпір бола білген, бір кездері «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек» деген атпен жарық көрген қарашаңырақ басылым көп белестерді бағындырды. Талай асулардан асты. Осы жылдар ішінде 18 редактор басшылық жасап, көп мәрте қоныс аударғаны да жасырын емес.

Өткен тарихты парақтап отырсақ 1960-1977, 1991-1998, 1998-2002, 2002-2012, 2012-2017, 2018-2021, 2021-2022 жылдары газеттің қоныс жаңалап отырған шежірелі картинасы осылай тізбектеледі екен. Енді осының кейбірін тарқатып айтайық. Негізі 1977 жылы пайдалануға берілген бұрынғы баспахана ғимараты редакция мен баспаханаға лайықталып салынған. Осы құтты орын 2001 жылғы 20 қаңтарда 250,000 (екі жүз елу мың) теңгеге инвестициялық тендермен сатылып кеткен екен. Әйтеуір осы жылы жетпіс жылдық газет тойы қарсаңында гүл сататын жабық базар болады деген болжаммен салынған ғимараттың бір бөлігі еншіге бұйырыпты. Одан кейінгі жылдарда газет баспанасыз қалып сергелдеңге түсе бастаған. Он жыл бейғам отырған атаулы жай да бұзылатын болып, 2012 жылы басқа жерге қоныс аударған. Нақтылап айтқанда қалалық сәулет бөлімі ауласынан салынған 2 қабатты ғимараттың жоғарғы қабатын түгелдей қарашаңырақ басылымға беруге сол тұстағы қала әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы тікелей тапсырма берген екен. Ал, шаһар облыс орталығына айналғанда ол жерді де облыстық прокуратураға босатып беріп, бұл қуыстан да ысырылып қалыпты. Сол жылы кәсіпкердің «Дельфин» сауда кешенінің екінші қабатын жалға алып өз жұмыстарын жалғастыра берген. Ақыры газеттің 90 жылдық торқалы тойынан кейін «Жеңіс» саябағындағы «Nur Otan» партиясы филиалы ғимаратының екінші қабатына жайғасқан. Міне, содан күні кеше ғана соңғы қоныс «Khanака» іскерлік орталығының екінші қабатынан бұйырып отыр. Енді барша оқырман мен газет авторларын осы мекен-жайға шақырамыз.

Жүз жылға жуық тарихы бар шежірелі басылымның күй-жайы осылай.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы