СЕМЕЙ СЫНАҚ ЗАРДАБЫ САН ҒАСЫРҒА СОЗЫЛАДЫ

1  282 көрілім

Қазақстанда соңғы ядролық сынақ 1989 жылы 19-қарашада жасалды. Содан жыл аяғына дейін тырс етпеді. Келесі жылдың бірінші тоқсанында да тылсым тыныштық сақталды. Әлем халқы ғаламшардағы ядролық сынақты тұңғыш рет ядролық сынаққа қарсы қоғамдық қозғалыстың тоқтатқандығына сенді.

Сол тұста «Невада-Семей» қозғалысы төтенше тактикаға көшіп, ол қадамы стратегиялық болып шықты. Ол халықтық дипломатия мен парламенттің күшін біріктірді. Олжас Сүлейменов СССР Жоғарғы Советі құрамынан «Ядролық қарусыз әлем!» атты қуатты фракция құрды. Бес жүз халық қалаулысының ішінен 150 белсенді дауыс біріктірді. Олар халық қозғалысының еркін білдіре отырып, 1989 жылы 20- қарашада «СССР Үкіметіне Семей сынақ алаңын жабу туралы мәселені қарау жөніндегі» СССР Жоғарғы Советінің қаулысын шығартуға қол жеткізді.

Бұл акция әрі қарайғы: «Әлемнің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» ұранда көрініс тапты. Осылайша, әлемнің барлық ядролық қаруы бар елдерінің ядролық қаруға қарсы күрес қозғалыстарына «Әлемнің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» тұңғыш халықаралық конференциясына шақырту жіберілді.

Кеңес Одағының соңғы тұяқ серпуі кезінде «Невада-Семей» туралы хабарлар әлемді дүрілдетті. ХХ – ғасыр тарихында тұңғыш рет Қазақстан халқы өз жері мен өмірін қорғауға ұмтылды. Сынақ алаңы маңындағы облыстарда тұратын екі миллионнан астам қазақстандықтар 1989 жылғы 28 ақпанда басталған «Сынақ алаңы жойылсын!» ұраны бастамашыларына қолдау білдіріп, өз қолдарын қойды. Халықаралық конференция 1990 жылы мамырда Алматыда өткізілді. Франция, Жапония, Англия, Ресейден ядролық қаруға қарсы делегациялар жиналды. Бір ғана АҚШ-тан ұшақпен құрамында конгрессмендер, сенаторлар, қоғам қайраткерлері бар 300-ден астам делегация өкілдері келіп жетті. Осы топ құрамында конференциядан екі жыл бұрын «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» қозғалысының жетекшісі бейбітшілік жолындағы қызметі Нобель сыйлығына жеткізген доктор Лоун да келді. Конференцияда сайлаушылармен жұмыс жасау тактикасы түзілді. Американдық делегация Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын көтерді. Алайда, жауап беру кезінде ол бұдан бас тартты.

– Мен ол кезде біздің бір ғана сынақ алаңын жапқанымызды айттым,-деп есіне алады Олжас Омарұлы.- Ал, шын мәнінде сынақ алаңдары – бесеу. Қозғалысымызды әрі қарай жалғастырайық. Сол арқылы ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі Келісімге қол жеткіземіз. Содан кейін өзіміз Нобель комитетіне марапаттау жөніндегі ұсыныспен шығамыз. Конференцияда бұл уәжге басқалардан қатты қызу қол шапалақтаған американдық демалыстағы генерал осы ядролық қаруға қарсы ұйымдастырылған конференциялар мен жиналыстардың қатысушысы ретінде өзін ұсынып, күзде Норвегияға марапат алуға барып қайтты.

– Иә, үздіксіз күрес нәтижесінде біз барлық сынақ алаңдарындағы жарылысты тоқтаттық. Біз өзіміздің күресіміздің түпкі мақсатына сол кезде сәл ғана жетпей қалдық. Ол – Ядролық қаруға толық тыйым салу туралы Келісім еді»,-дейді Олжас Омарұлы.

«Невада-Семей» қозғалысы Алматы конференциясында көтерген Ғаламдық ядролық қаруға қарсы альянсты құру арқылы соның бастамашысына айналды. Оның құрамына Батыс пен Шығыстың беделді әскери істерге қарсы, ядролық қаруға қарсы қоғамдық ұйымдары түгелдей кірді. Альянстың құрылтай конференциясы 1991- жылы қаңтарда Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтерінің залдарының бірінде өткізілді. Онда ядролық қарудан ұлттық қорғаныс құралы дәрежесін алып тастау жөніндегі маңызды мақсат жарияланды. Ол американдық, ағылшындық, франсуздық, қытайлық немесе кеңестік болуға тиіс емес. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің меншігі бола отырып, болашақта Келісімді бұзып осы қаруға ие болғысы келетін режимді қорқытатын полиция күрзісі қызметін атқарады.

Естеріңізде болар, Қазақстан Президентінің жарлығымен Семей сынақ алаңы жабылған соң, ядролық сынақтарға күрес толқыны күшейіп Жаңа Жер (Ресей), Невада (АҚШ), Муруроа (Канада, Франция), Лобнор (Қытай) сынақ алаңдары жабылды. Сонау 1984 жылғы әлем жазушыларының Софиядағы кездесуінде сөз сөйлеген Олжас Сүлейменов бейнелі түрде: «Алғашқы атом жарылысы адамзаттың қауіпті құлдырауының белгісі болды. Бұл бізге соңғы ядролық жарылыс ұлы Адам тұқымының рухани азғындауына әкелетінін ескертеді»,-деп мәлімдеді.

Расында шын мәнінде ғылым мен техникада ұлы жетістіктерге жеткізген жиырмасыншы ғасырда адамзаттың рухани дамуы тежелді. Көптеген жылдар бұрын ядролық қару пайда болған бойда, ол әлемнің зорлықшыл күш құралына айналып шыға келді. Материалдық қуат мемлекетаралық – аумақтық, рухани, экономикалық қатынастарды шешудегі басты тегеурінге теңелді. Алайда, соңғы қос ғасырдың тоғысында сөз сардарларының соғыс пен бейбітшілік мәселесін шешудегі замандастарын жалпығаламшарлық ақыл тоқтатуға шақырған үндері милитаристердің хорларынан зор шықса, солардың ішінде Олжас Сүлейменовтің қаһарлы дауысы елден ерекшеленді. Нақ ол ғана тоталитарлық жүйенің қылышынан қаны тамып тұрған кезінде «Невада-Семей» қозғалысын құрды. Сөйтіп, қазақ жерінде орын алған трагедияға тұңғыш рет Кеңес халқының назарын аударды.

СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты теледидардағы тікелей эфирде сөз сөйлеп, мынаны мәлімдеді: «Мен тарихи дәстүрі берік ежелгі жер – Семей облысынан сайландым. Мұнда қазақтың ұлы жазушылары дүниеге келген. Бұл дала мен таулар біздің Ясная Поляна мен Михайл тархандарымыз. Осында жылына 18 ядролық жарылыстар өткізілуде. 16 жыл көлемінде жер үсті және ауа қабатында ашық сынақтар жасалды. Бұл жерде Хиросима бомбасынан 2,5 мың есе қуатты жарылыстар болды. Ешқандай да қорғаныс мақсаты біздің жерімізде атом сынағы алаңына келісім беруге мәжбүрлей алмайды».

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізілді. Халықаралық конференцияда жиырмаға жуық елден 30 жыл бұрын Олжас Сүлейменовпен бірге жер шарындағы бес сынақ алаңын жабуға атсалысқан ядролық сынақ қарсыластары сөз алды. Шара қонақтарының көңілі көтеріңкі. Себебі, олар бірге үлкен ерлік жасады.

Алайда, сол жылдардан бері не тындырылды? Біздің БАҚ конференция туралы жақ ашпады. Тамыздың 29-ында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Семей сынақ алаңының жабылуының 30 жылдығына орай ядролық сынақ алаңы маңында әскери қызметін атқарған түркістандықтарды марапаттады.

Қала әкімі Түркістан қаласының дамуына сүбелі үлес қосқан Семей полигоны ардагерлері Асан Жайынбаевқа «Семей полигонының жабылғанына 30-жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісін Бекмұрза Ордабаевқа табыс етті. Содан бері Семей сынақ алаңына қатысты ешқандай мәдени шара өткізілген жоқ. Тым-тырыс. Осыдан отыз жыл бұрын Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен 1949 жылдан бері қазақ топырағында 450-ден астам жер үсті жер асты ядролық сынақ өткізілген полигон өз жұмысын тоқтатты.

Түркістан облысы ядролық сынақ полигоны ардагерлері мен мүгедектері ҚБ төрағасы Құралтай Салықбаевтың айтуынша, сол жылдары Семей өңірінде әскери қызмет атқарған түркістандықтардың саны 579 болса, олардың 300-ден астамы қоғамдық бірлестік мүшелері. Олардың дәрежесі ҰОС ардагерлерімен теңестірілген соң, барлық жеңілдіктер қарастырылуда. Бірақ ол аз. Себебі, Семей сынақ алаңының зардабы сан ғасырларға кететіндігін ойласақ, бұл қозғалыс осымен тоқтап қалмауы тиіс. Бүгінгі таңда «Невада- Семей» қозғалысы және оның көшбасшысы Олжас Сүлейменов әлемдік қауымдастықты біздің ғаламшарымызда ядролық сынақты толығымен тоқтатып қана қоймай, қазіргі қолда бар ядролық қаруларды түпкілікті жоюға шақырады. Бұл ғаламшардағы аса күрделі мәселе көп қасірет шеккен Жер ананы құтқаруды мақсат етушілер мен әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке алаңдайтын әрбір жанды бейжай қалдырмаса керек.

Антиядролық қозғалыс тарихшыларға бірқатар әлем тарихына маңызы зор мағлұматтар қосты. Осы фактілер біраздан бері мектеп оқулықтарына сұранып ақ тұр. Жастарды өршіл рухта тәрбиелеп, ғаламдық ауқымдағы қоғамдық сананы жаңғыртып, сілкіндірген мұндай фактілермен біз мақтануымыз керек.

Ескендір ЕРТАЙ,

«Невада-Семей» қозғалысының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы