«БІТІМГЕРШІЛІК – БИЛІК АЙТУДЫҢ ЕҢ БИІК ӨНЕГЕСІ»

1  467 көрілім

  5-тамыз Республикалық бірыңғай медиация күні. Айтулы дата қарсаңында қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиын өтті. Шараға халық қалаулылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және бітімгерлер қатысты. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен жиналысты қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаев ашып, жүргізіп отырды.  – Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең биік өнегесі. Дана бабаларымыз тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен татуластырып, түйіндестіріп отырған. Бүгінде сол билеріміздің заңды жалғасы осы медиация болып табылады, – деген Т.Қалманұлы медиаторларды мерекесімен құттықтады.

  Сонымен қатар, медиация туралы заңның күшіне енгеніне сегіз жыл толуына орай «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев баяндама жасады. Онда бітімге келудің пайдалы тұстары айтылып, шығын мен уақыттың үнемделетіндігі және баж салығы қайтарылатындығы тілге тиек етілді.  Сондай-ақ, екі тараптың мәмлеге келіп өзара татуласуы бағзы заманнан бар екендігі сөз болды.

Ал, қалалық адвокаттар алқасыныңтөрағасы Ә.Әлмерденовқазіргі қоғамның дерті ажырасудың алдын алу керектігін баса айтты. Кәсіби медиатор Қ.Абдикаримов «ажырасушылар  сотқа жүгінгенде салынатын баж салығын көбейтсек, ажырасудың төмендеуіне сеп боламыз»,- деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған қалалық «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы Ә.Әбдіқадыров, қалалық соттың судьясы С.Абсаматов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Ғ.Сәрсенбаев бұл ретте ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына дарытып, қоғам болып бірлесе жұмыс жасауға шақырды.  Жиынды қорытындылаған Т.Қалманұлы медиаторларға қала әкімінің атынан алғыс хаттар табыстады.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан». 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы