БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

1  274 көрілім

Қала əкімдігіне қарасты білім мекемелері алдағы қыстың ызғарлы күндеріне сақадай сай. Бұл жөнінде бүгін қала əкімдігінің кіші мəжіліс залында шаһар басшысы Рашид Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мəжілісте айтылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың сөзіне сүйенсек, осы жылы 1351 оқушы 11-сыныпты тəмамдаған. «Алтын белгі» иегерлері биыл 91 болса, былтырғы саны 124-ті құраған. Жоғары оқу орындарына түсу бойынша 758 құжат тапсырылып, оның ішінде грант иегерлерімен қатар квота жəне ақылы түрін таңдаушылар да бар.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы барысында көпбалалы жəне əлеуметтік жағдайы төмен 800 баланы киім-кешекпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 3483 баланы ыстық тамақпен қамту көзделсе, демеушілер тарапынан 300 оқушыға мектеп формасы берілмек. Ал, жазғы демалыс лагеріне тегін жолдама алған 211 бала күні бүгін лагердің төртінші маусымын бастады. Оқушыларды мектепке электронды түрде қабылдау бір жүйеге келіп, бүгінде қабылдау басталып, ол 30-тамызға дейін жалғасын таппақ. Көгілдір отын жүйесі 5 мектепте орнатылған болса, өзге білім ошақтарына қазіргі таңда 2000 тонна қатты отын таратылған. Сөз басында тоқталғанымыздай, мектеп бітіруші түлектер сыны – ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ең жоғары пайыз №23 IT мектеп-лицейіне тиесілі. Бұл ретте, қала əкімі Рашид Абатұлы төмен көрсеткіш жинаған мектептің жауапты мұғалімдерінің білім сапасын анықтап, ҰБТ-ға дайындықты қыркүйек айынан бастауды және барлық мектептерді газдандыруды тапсырды.

  Сондай-ақ, мәжіліс барысында күн тәртібіне сай баяндама жасаған кəсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша, жалпы базарларда 700-ге жуық ретсіз сауда орындары бар. Былтыр дəл осы мерзімде олар «Алтын бұлақ» базарына көшірілгенімен, 2 айдан соң қайта бұрынғы орындарына жайғасқан. Басты себеп – қалаға сауда жасауға келушілердің кері бағытқа тап болып, тиімсіз болуы.

  Жалпы, күн тəртібінде 2019-2020 жылғы жаңа оқу жылына дайындық, шағын орта бизнесті дамыту мəселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, қала көлемінде ескірген жарнамаларды алмастыру, сыртқы жарнама нысандарын кірістер басқармасына тіркеу жəне жергілікті бюджет қаржысының түсімдерін ұлғайту мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы кеңінен баяндалып, сала мамандарына тиісінше тапсырмалар берілді.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы