«ЕЛІМІЗ БОЙЫНША АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРУДЕ КӨШ БАСТАП КЕЛЕМІЗ»

951 көрілім

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылына қадам басқалы отырмыз. Мемлекетімізбен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері де өзінің 30 жылдығының табалдырығына енуде. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы барлық құзырлы орындар қасиетті мекенге орын тепті. Солардың бірі облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті. Аталмыш мекеменің атқарып жатқан жұмыстары және бүгінгі жай күйін білу мақсатында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаевқа арнайы барып жолыққан болатынбыз.

Ендеше, сұқбатқа назар аударсақ.Нұрмаханбет Бексейтұлы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің атқарып жатқан жұмыстарынан бастасақ?

Иә, Түркістан облыс орталығы атанған соң облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2019 жылы 31 мамырда құрылды. Облысқа қарасты 14 аудан, қалаларда басқарма бөлімдері (жергілікті әскери басқару орындары) жұмыс атқарады. Департаменттің атқаратын жұмысы ҚР Қарулы күштерінде азаматтарды әскерге шақыру, жұмылдыру, әскери патриоттық тәрбие беру, ардагерлермен жұмыстарды үйлестіру.
ҚР Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті әскерге шақырудың негізгі құжаты – «Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылдың сәуір-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығына қол қойды. Әскерге шақыруды үйлестіру, сапалы түрде дайындалу және өткізу үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрімен Бас штаб әзірлеген «2021 жылғы маусымдарда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға дайындалу және өткізу бойынша іс-шаралардың кешенді жоспары», сондай-ақ, «Мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын әскерге шақырылушыларды алдын ала зерделеу және іріктеу алгоритмі» бекітілген. Бұдан бөлек, облысымызда әскери патриоттық «Жас сарбаз» клубтары жұмыс жасайды. Олар аудан, қала, облыстарда өтетін «Айбын» әскери патриоттық жиындарына қатысып тұрады. Былтыр Арыс ауданының «Барыс» командасы республикалық сайысқа қатысып, 33 команданың ішінен жүлделі 2 орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, 2020 жылдың «Ең үздік жас сарбазы» номинациясы бойынша «Барыс» командасының мүшесі Қуаныш Әбдібек еншіледі. Департамент қала, аудандарды ардагерлер ұйымдарымен тығыз қарым қатынаста жұмыс атқарып, өскелең жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде жүйелі жұмыстарды атқарып келеді.

Күзгі маусымның келуіне орай, өңірде азаматтарды әскерге шақыру бағыттары қалай жүргізілуде?

Қазіргі таңда Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде облыс әкімі бекіткен кезекті күзгі әскерге шақыруға дайындалу іс-шараларының жоспары құрылған. Әскерге шақыру басталғанға дейін бұл жерде білім деңгейі, моральдік-іскерлік сапалары мен денсаулық жағдайы бойынша белгіленген әскер түрлері мен тектеріне және басқа да әскери құрылымдарға тағайындалатын әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
Азаматтарды мерзімді әскерге шақыру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мәселен, республика бойынша жыл сайын 16 мың адам әскерге шақырылатын болса, соның 4 мыңын біздің облыстың азаматтары құрап отыр. Ол дегеніңіз еліміздегі әскери сарбаздардың төрттен бірін Түркістан облысы құрап отыр деуге толық негіз бар. Бір Жетісай ауданының әскерге шақырылушы азаматтарының өзі Маңғыстау облысының көрсеткішімен пара пар болып отыр. Бұл қуанарлық жағдай.

Алдағы маусымдарда әскерге шақырудың қандай да бір жаңашылдық бағыттары туралы айтып өтсеңіз?

Сұрағыңыз өте орынды, әскерге шақырудың жаңашылдығын да атай кету қажет. Әскерге шақырылушыларды алдын ала медициналық куәландырудан өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидалары» қаулысына сәйкес, Түркістан қаласында үнемі әрекет етуші медициналық комиссия құрылады. Себебі, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу – жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі департаментпен және әскерлермен тығыз қарым-қатынаста өткізілетін өте байыпты іс-шара.
Біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілеттілігі Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтау сапасына, олардың даярлығына тікелей байланысты. Басты мақсат ол – әскери-оқытылған резерв құру. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мұның бір бөлігі болып қана табылады. Біз қазіргі кезде келесі бағыттардағы жұмыстар жүргізудеміз, яғни – әскери жиындарға 27-ден 35 жас аралығындағы әскери міндеттілер шақырылады. Бұлайша біз өз уақытында мерзімді әскери қызметке шақырылмаған, әскери даярланған азаматтардың санын көбейте аламыз, әскери жиындарға запастағы офицерлер де жіберіледі.
Келесі бір жаңашылдық «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңының 12-бабы 1, 3-тармақтарына сәйкес атқыштар, гранатаметші, пулеметші мамандықтары бойынша ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектеп» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалдарында қайтарымды негізде даярлау үшін азаматтарды іріктеуді жүргізу болып табылады. Оқу ақысы – ақылы негізде, мұнда үш реттік ыстық тамақ, киім-кешек, оқу үрдісіндегі (жаттығу атуларын өткізу мен жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз ету) және казармада тұру шығындары кіреді. Оқу үшін жиырма төрттен – жиырма жеті жасқа дейінгі, әскери қызметке жарамды немесе денсаулық жағдайы бойынша шектеулі жарамды, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар әскерге шақырылушылар қатыстырылады. Оқу аяқталған соң олар әскери міндеттілер есебіне ауыстырылады.

Бүгінгі таңда әскери міндетін атқарған азаматтарды сіздер тараптан келісім-шарт негізінде жұмысқа шақырып жатқанынан хабарымыз бар. Осы туралы оқырмандарға кеңінен айтып берсеңіз?

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде келісім-шарт бойынша әскери қызметке жинау пункті ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі іс-қимылының маңызды бағыты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін офицерлік, қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамымен жасақтау жүйесін жетілдіру болып табылатындықтан, республиканың облыс орталықтары мен ірі қалаларында осындай 34 пункт жұмыс атқаруда. Бұл жұмыстардың басты басымдылығы – Қарулы Күштер маман-келісім-шарт қызметкерлерінің санын арттыратын сан жағынан сапалы сипаттағы артықшылықтар болып табылады.
Үгіттеу пункттері жұмысының негізі үміткерлерді іріктеудің көп салалы жүйесі мен қалың бұқара топпен үгіттеу жұмыстарын өткізу. Сонымен қоса, осы қысқа уақыт ішінде пункт жұмысы оң нәтижелер көрсеткендігін де айта кету керек. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеруге ниет білдірушілер саны артуда. Тұрғын үйді жалға алу үшін қаржылай өтемақы төлеу «әлеуметтік пакет» жаңа мүмкіндігі де үлкен стимул беруде.
Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру мерзімі кем дегенде үш жыл, бұл уақыт ішінде қымбат техника мен қару-жарақ түрлерінде жауынгерлік кезекшілік атқаратын, сондай-ақ сапалы түрде олардың техникалық қызмет көрсетуін жүргізе алатын жақсы маман даярлап шығуға болады. Осыған байланысты Қарулы Күштерді келісім-шарт қызметкерлері – мамандар санымен жасақтау өте қажет. Сондықтан да келісім-шарт бойынша әскери қызметке жинау пункттері ҚР Қарулы Күштерінің дамуы мен құрылуында үлкен күшті атқарып келеді.

Түркістандық әскерге шақырушылар қандай әскери құрылымдарға жіберіледі. Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз?

Әскерге шақыру басталғанға дейін бұл жерде білім деңгейі, моральдік-іскерлік сапалары мен денсаулық жағдайы бойынша белгіленген әскер түрлері мен тектеріне және басқа да әскери құрылымдарға тағайындалатын әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Әскерге шақыру жасындағы түркістандықтар үшін қарулы күштердің, республикалық ұланның, ҚР ҰҚК шекара қызметінің, ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің, ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің әскери бөлімдеріне әскерге жіберіледі.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қуаныш ТАСЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы